Көпке қадірлі, сыйлы адам туралы; ғазиз басы; қайран басы. ~ Мен малға қызығып тамыр болғаным жоқ, өзі қайта- қайта кісі салып, шақыртып болмаған coң, «біреудің алтын басы еңкейсе… » деген мақалдай болмайын дедім. Шәк. ~ Айтқаныңыз жөн ғой, әпке. Жездемнің алтын басын кемітер мен бе екем. Ондай азаматқа бір емес, нешеуін алам десе де, қыз табылмас па… Қ.Жұм. ~ … өтті-кетті ерке- тотай заманымды еске аламын, сөйтіп иесіз таудың азат бұғысындай бұлаңдап жүрген алтын басымның кім көрінгеннің жұдырық жұмсағанына душар болғанына налимын. К.Сег. ~ Төртуылдың өз ішіне келсе болғаны, осылайша алтын басы кішірейіп, көп Жауғаштың біріне айналып кетеді… Қ.Жұм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛТЫ ҚАБАТ АСПАН МЕН ЖЕТІ ҚАБАТ ЖЕР
~ Жердегілердің тәубасын онан әрі есіне түсірейін дегендей-ақ тұлпардың дәу тұлғасы таулар төбесінде, аспан аясында, боз тұманның арасында ағараңдап, кісінеген үні алты қабат аспан мен жеті қабат жерді тітіретті. Иесін іздейді. Ж.Шәк.
АЛТЫН БАСЫН ҚОР ҚЫЛДЫ
Өзіне лайық емес іс жасады, өз құнын түсіріп алды. ~ Жоқ. Еден жуушы болсам да жарайды. – Қой, айналайын. Алтын басыңды өйтiп қор тұтпа. Әдейi келiп отырып ол не дегенiң… Т.Сәу. ~ … сен жазған соны да ұмыттың; жоқ, ұмытқан жоқ-ты, тек мына шіреніп отырған қырттардың алтын басыңды қор ғып, екі аяғыңнан сарсылтып тұрғызып қойған қорлығы ызаңа тиді … Ә.Нұрп. ~ Сәрсен мен Сапар бекер жамандамайды оны. «Сенбе оған, алтын басыңды қор етеді»,— деп еді, қателеспепті. М.Сүн.
АЛМАҒАЙЫП ШАҚ
Құбылмалы, тұрлаусыз, тұрақсыз кез, мезет. ~ Ақыры, қоғам дейсіз бе, заман дейсіз бе – төбеден тапап, тұрмыс тауқыметі дейсіз бе, тіршілік қамы дейсіз бе – іштен паршалап, төңірек түгел тұйықталып, төтенше, тың жол таба алмай, қалжаурап тұрған алмағайып шақта, өнімді іс, ұтымды әрекетсіз сансыраған қалыпта бір, екі, үш жыл өткенде… тағы да түсіме кірді. М.Мағ. ~ Сондай бір алмағайып шақта, екінші жақтан үйездік үкіметтің алым-салық өкілі Мамозы арқылы астыртын әрекетпен шеруге Абдолла болыс болып, Керімбек орнынан түсіріледі. Ж.Ахм.
АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР
Не нәрсенің де сұрауы бар д.м. ~ Байғұс-ау, өзгенікі өзге, пұшық қайтеді оны? Біреудің малын бақпақ түгіл өзінің аяғын алып жүре алмайтын шу аяқ сорлы. «Қашарыңда қашарсың, лақтарыңда қайтерсің» деп, алмақтың да салмағы бар емес пе… І.Жан.
АЛМАС ҚЫЛЫШТАЙ ЖАРҚЫЛДАДЫ (ЖАРҚЫРАДЫ)
Естен кетпестей айбынды, отты, өткір, әсерлі мінез танытты. ~ Қызылбике сонда барып, əуелгі ойысқан бетінен тайқыды. Өзінің құлдилап, төмендеп, кішірейіп кетіп бара жатқанын сонда сезді… Қызылбике, алмас қылыштай жарқылдаған, өжет, өткір, қажырлы Қызылбике. Елді таң қалдырып, өзін танытып тұрған Қызылбике шынымен осы Керімбай жексұрынға берілгені ме? Ж.Айм. ~ Он жетіні тәмәмдап, он сегіздің ауылына ат қойған нағыз алмас қылыштай жарқылдап тұрған кез. К.Сег. ~ Әні-міне дегенше ағын судай сарқырап, алмас қылыштай жарқырап, айпап-жұйпап өттің де кеттің. Өкінгенмен пайда жоқ. Енді айналып соқпайсың. Ү.Жлк. ~ Мынау дүрбелеңі көп дүниеде алмас қылыштай жарқырап көріне алмасаң өзіңе сын. Көрінбесең кімге өкпелемекшісің… Ә.Тар.
АЛПЫС АЛТЫ АТАСЫ, ЖЕТПІС ЖЕТІ ШЕШЕСІ
Түп-тұқияны, арғы ата-бабасы. ~ Алпыс алты атасына, жетпіс жеті шешесіне адамдық бітпеген, арғы тегі қырық темірдің құрауынан пайда болған қу шұнақ шата неме … Ә.Кек. ~ …қалмақ дей ме, ноғай дей ме, татар дей ме, тіпті қазақ дей ме, әйтеуір орысқа алпыс алты атасында, жетпіс жеті шешесінде ешкім жуықтап көрмеген қайдағы бір қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын көп бұралқының бірі дейді. Ә.Кек.
АЛПЫС ЕКІ АЙЛА
Қулығына құрық бойламайтын айлакерлік туралы. ~ Бойынан алпыс екі айла табылатын билеуші ғана езінің де, елінің де басын аман алып жүре алып, айласыз, әупірім, алаңғасар қайырмалаған халық құрт-құмырсқаның кебін киіп, бет-бетіне безіп, бордай тозып кететін алмағайып заманның да туғаны шығар. Ә.Кек. ~ Ал, қазақтың ішіндегі қырғи тілді қиқарлардың бірі деп жүрген Мәтінің өзі қызыл түлкіні жол бастаушы қып, алпыс екі айла түгенде дейді. Ә.Кек.
АЛПЫС ЕКІ ТАМЫРЫ ИІДІ
Көңілі көншіп, емешегі үзілді. ~ Алпыс екі тамыры Алпамыстың иеді. Ат үстінен көтеріп, Алдына алып сүйеді. Сүйсе — мейірі
қанады, Ат үстінен құлады, Жатып есін танады. «Алпамыс б.» ~ «Алпыс екі тамырың иіді» деген сөздің мәнісін енді шын ұғып,
сезінгендей күй кешу сезімін кім дәлме-дәл суреттеп, айтып бере алар десейші… Қ.Әл.
АЛТЫ АЙ ҚЫС (БОЙЫ)
Күзгі суықтан сәуір келіп, тәуір болғанша. ~ Бұл көктемді алты ай қыс күтіп едіңдер, Осылай басталады екен бүкіл өмірлер. Тал, теректер, түн бойы толғақ қысып… К.Ахм. ~ Алты ай қыс ағыл-тегіл аспаннан саулаған ақ тасқын қымтаған қалпы. А.Алт. ~ Е, тәйірі, Барлықтың қалың қатпар қойнауы мен бүкіл Өбісін, Жараудың қоғасы мен қияғын сұр қазыдай кертіп жеген малдың қылшығы қисаятын ба еді. Алты ай қыс бойында Майлық ағаң бел шешіп ұйықтады ма екен?! Қ.Жұм.
