Ұзақ сапар, тым алыс жол. ~ Апамның алты айшылық алыс жолдан сындырмай әкеліп, қолыма ұстатқан домбырасын әркімге бір ойыншыққа беріп, сақтай алмадым. Ү.Жлк. ~ Құда түсіп алдымыздан өтіп, жол-жоралғысын жасап әуре болмайды, қалыңдық алты айшылық ұзақ жолға өз аяғымен жетеді. Д.Дос. ~ Жүйкем тозған, мінезім жаман, айқайлап, төбелес шығарамын, ал түнде қорылым алты айшылық жерге жетеді! — деп қалжыңдаған болды. Ә.Тар.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛТЫ АЛАСЫ, БЕС БЕРЕСІ ЖОҚ
Еш жақындығы, ағайындығы, алыс-берісі жоқ. ~ Кішкене… сабыр ет!.. Мен ол қызды сенен қызғанды деп ойлама! Алты аласы, бес бересім жоқ, оған менің. Ол менің жесірім емес. Айта берсең ешкімнің де жесірі емес. Басы бос қыз. Қызға кім қызықпайды, қымызды кім ішпейді? С.Мұқ. ~ Ақыры екеуі кешкі сағат жетіде Гүлдін үйінің есігінің сыртына келіп, «сен кір, мен кірмен» ерегісіп біраз тұрды. – Сен кір, сенің соңынан мен кірейін, — деді Ғазиз. – «Алты аласы, бес бересім жоқ». Менің танымайтын үйге жетіп баруым лайықсыз? Сен кір. Б.Бұл.
АЛТЫ АЛАШТЫ АУЗЫНА ҚАРАТТЫ
Атағы дүрілдеді; көпке аян болды.
~ Қайран жырауым — ай! — деді Әбдіжапар. — Асырауың келіссе алты алашты аузыңа қарататын жансың ғой! Қ.Ысқ.
АЛТЫ АТАСЫН АРҚАЛАП, ЖЕТІ АТАСЫН ЖЕТЕЛЕП
~ «Уәде — Тәңір аты» деп сөз байласқан соң, оны бұзу, орындамау ең сорақы іс деп
саналып, тіпті бата бұзушыны мүдделі жақтың адамы өлтіріп кетсе «Ер — құнсыз, нар —
пұлсыз болмайды» дегенінің өзінде құны сұралмайтын іс деп даулауға жол бермеген.
Қазақтың билер сотының тарихында «Алты атасын арқалап, Жеті атасын жетелеп жүріп»
құн даулап, алып жатқан биліктер кездесе береді. Қ.Дау.
АЛМА БЕТ
Қызыл шырайлы, томпақ бет. ~ Аттары да ұқсас. Арай және Нұрай. Екеуі де анасына тартқан. Ақша маңдай, алма бет, жәудіреген бота көз, сүп- сүйкімді. Ү.Жлк. ~ Бүгінгі ызғардың беті жаман, сірә далада бет қаратпас долы жел, әйтпесе алма беттен шымшыған аяз болар. Қ.Түм.
АЛТЫ АУЫЗ (БОЛДЫ, ҚЫЛДЫ)
Ынтымағы, ауызбірлігі жоқ, сан-саққа бөліну. ~ Ол қазақтың еркін күнін, ескі дәуірін жоқтады, бұрынғы өткен ерлерді, батырларды, билерді жоқтады Ол күндегі байлықты, берекені, бірлікті, ерлікті, серілікті өлеңге қосты. Бері таман келген соң, қазақтың алты ауыз болып орысқа бағынғанын, елдің азғанын, жаттан көрген зорлығын, қала салғанын, жерді қақол алғанын, қол-аяқты кісендеп, жылдан-жылға өрісті тарылтып бара жатқанын сөйледі. Ж.Айм. ~ Алты ауыз қып қазақты, Басында патша ел алды. Елді өзіне қаратып, Төре, сұлтан шен алды, «Түтінге төрт теңгеден» Шаңырақ ақша жем алды. Алғашында алдаумен «Терісіндей өгіздің» Деп қана сұрап жер алды. Сол жеріне кент салды. І.Жан.
АЛМА МОЙЫН, АРШЫН ТӨС
Келбетіне көз тойғандай. ~ Жұғымды ғана, биялайға жуық кісі тəрізді. Несі бар? Бұрынғы қатыны да пəлен алма мойын, аршын төс кісі емес- ті. Ж.Айм. ~ …келесі мезетте көгілдір айдынның бетімен көгілдір жиекке қарай жүзіп бара жатқан.., келесіде көгілдір алқапта төбесінен төмен қарай көк гүлдер жауып тұрған.., келесі бір сәтте алқынған ақ бұлақтар алма мойын, аршын төсін аймалап аққан… Ия, ия, осының бәрі лезде із–ғайым жоғалып, денесін әлдене түтіп жеп жатқандай, сұрапыл сұмдықпен азап шегеді. Н.Дәу.
АЛТЫ БАҚАН АЛАУЫЗ (АЛА АУЫЗ)
Бір-бірімен сыйыспайтын, қырық пышақ дүрдараздық туралы. ~ Бірақ… Қарақалпақ жақсылары баяғы алты бақан алауыз қалпы… Нұртай олардың сөз әлпетінен шошып келеді… Бір оқыс іс көрсетуі керек… З.Шүк. ~ Айналайын елім-ай, алты бақан алауыздық атадан жауың емес пе еді? С.Дос. ~ Жасы жетіп қажығандікі ме, әлде ағайын арасының алты бақан, ала ауыз болып, діңкеге тигендігінен бе, әйтеуір соңғы жылдары әке мінезінде көп өзгеріс бар. Қ.Жұм. ~ Ру-руға бөлініп, басы бірікпей жүрген алты бақан, ала ауыз көшпелі жұртқа шынында да осындай бір орталық керек сияқты. Қ.Жұм. ~ Бірақ сенің жолың да тым оңай болмас. Әркім өз лағын текешік қойғысы келетін, алты бақан, ала ауыз елің — мынау. Қ.Жұм.
АЛМА ПІС, АУЗЫМА ТҮС
Еңбек етпей, ішіп-жегісі келетіндер туралы. ~ Кейде дені-басы сау, қол-аяғы бүтін азаматтардың жұмыс істеуге мойындары жар бермей, алма піс, ауызыма түс деп, жеңіл жолмен нан табуға тырысатыны бар. БАҚ
АЛТЫ БАТПАН АУЫР
Зілдей, тым ауыр. ~ Әйтеуір, жазғаным қазақша екен-ау деген көңілде медет бар, өйтпесе халім мүшкіл еді. Ғабекең босқа
шашылмайтын, не айтса да сөзі алты батпан ауыр, тыңдаушының құлағына емес, көкейіне дық ете қалатын. Қ.Ысқ.т
