АЛДЫ ҚАТТЫ КІСІ

Қатыгез, мінезі ауыр. ~ Әдетте ауылдың үлкен-кішісі болсын, әйел-еркегі болсын «алды қатты кісі» деп қаймығып, Қамқа әжемнің алдында мұнтаздай болатын. Т.Ахт. ~ Намыстанғаным сонша, қашып ішке кіріп кеткім кеп бір тұрдым. Дегенмен алды қатты әкемнен имендім. Менің сипақтап ұялғанымды сезді ме: — Немене, олардың әкесі есек мінбей мәшине мініп жүр ме екен? — деп әкем жанынан өткендерге шытына қарады. Н.Сер.

АЛДЫ ҚАТТЫ КІСІ Read More

АЛДЫ-АРТЫН ОЙЛАДЫ (БАҒАМДАДЫ, БОЛЖАДЫ)

Жағдайды іштей сарапқа салып барып ой қорытты, болжам жасады. ~ Қ ұ м а p. Тіптен бар-ау, бала емес, шаға емес. Алды-артын ойламай ма? Осындай да ақкөздік бола ма екен?! Т.Ахт. ~ Осының бәрі көкірекке шер боп байланып, кейде алды-артын ойлатпайтын ашу-ызаға дес беріп алатыны да содан еді. Қ.Жұм. ~ Бірақ, алды-артын ойлай бергеннен оңды әрекет шығар ма? Халықтың қасіретін ақын айтпай кім айтар? С.Дос. ~ Айшылық алыс жол үстіндегі халық алды-артын бағамдап, көшін жаңа түзеді ме? М.Қаб. ~ Әуелі бұлтаң-сылтаң етер еді. Шаһыбаз (парсы сөзі)- сабаз, жоғары санақтағы кісі. Көзсіз болса, алды-артын болжау кайда, Әркімнің жетегінде кетер еді». С.Тор.

АЛДЫ-АРТЫН ОЙЛАДЫ (БАҒАМДАДЫ, БОЛЖАДЫ) Read More

АЛДЫ-АРТЫН ОРАДЫ

Айтарға уәж қалдырмай, сөзбен тұсап тастады. ~ …ойға жүйрік, шалымды Фуже Керімбектің көзінше аналарды тырп еткізбей екеуінің алды-артын орап сөйлеп, бұдан былай ең болмаса таныстық қатынас қып жүру үшін өз қолқасын өткізген-ді. Ж.Ахм. ~ Бірақ, ел басқарып ысылып қалған ыспар жігіт жылы да жылбурынды сөздермен әкесінің алды-артын орап құтқармады. Ғ.Біләл. ~ Тергеушi алды-артын орап, өзi құрған қақпанға қарай қақпайлап әкеле жатыр. Т.Сәу.

АЛДЫ-АРТЫН ОРАДЫ Read More

АЛҒАНЫ АС БОЛМАҒЫР

Жарымағыр, жегенің желкеңнен шыққыр д.м. қарғыс. ~ Алшынбай (ұнатпай). Тәйт әрі, су татыған сөзді есітпесем екен. (Сахнаның түбіне қадала қарап.) Әй, Елекбай! Атаңа нәлет-ау, мана айттым ғой: сонау бір жерді күреп таста деп… алғаны ас болмағыр… (Кенет ашуланып.) Неге ұрасың малымды? Неге ұрасың деймін малды… Б.Май. ~ Аржағынан ағаш шыға келді. Ағашқа ары- бері шеге қағып, бетіне ғана сабын жалатып, мөр басып лекерлеп қойған екен, алғаның ас болмағыр. Нұрперзентті айтсаңшы, сойталдай боп, соны аңғармаған. Ш.Мұр.

АЛҒАНЫ АС БОЛМАҒЫР Read More

АЛҒАШ (БІРІНШІ) КӨРГЕН ҚҰҚАЙЫ ЕМЕС

Бұндай қорлықтың талайын бұрын да көрген. ~ Иә, жемтігіне оралмас қорқау болушы ма еді? Оралады да. Жә,
алғаш көрген құқайым емес. Ұра берсе құдай да өледі деп, ет үйреніп кеткен соң, бас жарылса бөрік ішінде,
қол сынса жең ішінде деп жүре береміз де. С.См. ~ Құдайға шүкір, басымызға іс түсе қойған жоқ әзір. Тіпті, жаман
айтпай жақсы жоқ, іс түсе қалған күнде бірінші көрген құқайымыз бұл емес, — деп қабылан батыр қатайып, аруақтанып алды.
С.Дос.

АЛҒАШ (БІРІНШІ) КӨРГЕН ҚҰҚАЙЫ ЕМЕС Read More

АЛҒАШҚЫ БЕТТЕ

Әу баста, бастапқыда. ~ Алғашқы бетте недәуір сіміріп алған жолаушылар бірте-бірте жаяу аяңға түскендей болды. Сусын қанған сайын тысқа шығып — келу жиіледі. Т.Әл. ~ Ішіп алған мына жәркөлеш жындының қолына түскенше, өлгені артық. Ышқынып, ай астындағы ай даламен ақ көйлек, ақ жаулығы желбіреп құлдыраңдап ызғып барады. — Ұста! Ұста! Ха-ха-ха!— деп, қуады Ждақай. Алғашқы бетте құнтиып қуған Ждақай тарпылдап, ырсылдап жетіп қалды. С.Ел.

АЛҒАШҚЫ БЕТТЕ Read More

АЛДЫ-АРТЫНА ҚАРАМАЙ (ҚАРАМАСТАН)

Ойланбай, асығыс істелген іс туралы. ~ Омбыда, Ақмолада бірге жүрген, бір ниетті жолдастардың бәрі-ақ алды-артына қарамай, патшаның түскеніне мәз болып, жиылыстарға — топтарға араласып, «жалпы қазақтың пайдасын қорғап», әлеумет істеріне, саясат істеріне қатынаса бастаған көрінеді. С.Сей. ~ Сонан Барақ та алды-артына қарамастан жып беріп (әрине, кемпір-шалдың көзінше ештеңені аңдамаған адамға ұсап, жайбарақат қош айтысып, шыққан ғой) Жанайға тартқан көрінеді. С.Мұр.

АЛДЫ-АРТЫНА ҚАРАМАЙ (ҚАРАМАСТАН) Read More

АЛҒЫР ҚҰС

Қырағы, жылдам, қиыннан ілетін қыран құс. ~ Еліктің еркетайы, ардақтысы, Алтайдың ақиығы – алғыр құсы, Алаштың Арқада еркін ойнақтаған, Жол тосқан жауыз жауда болды ма ісі? М.Жұм. ~ Боз үйде жалғыз қалып Баян енді, Жаралы жолбарыстай күңіренді. Қорғасын миын, ойын төмен басып, Ақылға алғыр құстай ашу төнді. М.Жұм. ~ Әр қазақтың ат десе, алғыр құс десе арқасы қозып тұратыны да осыдан болса керек. Астындағы аты үшін небір қияметке де көнуге бар. «Жалғыз атты кедей» деген атаққа да мойнын ұсынады. Ол ешқашан да атсыз қалып, «қу томар» атанғысы келмейді. Б.Мом.

АЛҒЫР ҚҰС Read More