АДАСҚАН ҚАЗДАЙ (ҚУДАЙ)

Жападан-жалғыз, жанашырсыз, көптен саяқ, оқшау күйде болу. ~ Ендігі жүргендер кісі ме? Бір атым насыбайға сатып кетеді. Сенің кім екеніңді неғылсын? Тұрғыласың азайды-ақ, адасқан қаздай артық жан болдың да. Ж.Айм. ~ Бұла болып өскен жанға, күншіл жұрттың сөзі қасірет әкелді. Топ қарғаның ішінде адасқан қаздай, бір үйге бас сұқпайды. З.Шүк.

АДАСҚАН ҚАЗДАЙ (ҚУДАЙ) Read More

АДАМГЕРШІЛІКТЕН ЖҰРДАЙ

Бар қадір-қасиетінен айрылған, жүрегінде титтей де иман жоқ д.м. ~ – Әй, алжыған шал! Мынауың нағыз айуан екен ғой адамгершіліктен де, қасиеттен де жұрдай болған. З.Нұрт. ~ Біздің заманның геройы тәрізді адамгершіліктен жұрдай біреуді бізге үлгі етіп тартты деп біреулер өте қатты намыстанды… И.Бун.

АДАМГЕРШІЛІКТЕН ЖҰРДАЙ Read More

АДАМҒА (АДАМ ДЕП) САНАМАЙДЫ (ЕСЕПТЕМЕЙДІ)

Кісі деп қарамайды, елемейді, місе тұтпайды, менсінбейді. ~ Нұрғали ойындағысын жасырмай айтуға кірісті: — Жоқ, менімен араз. Мені адамға санамайды. Олар коммунистер ғой, төре ғой, үстен қарайды, — деді. Б.Майл. ~ Мені мүгедек деп адамға есептемейді, бар қоясын қысылып–қымтырылмай ақтара береді. М.Қаб. ~ Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. БАҚ

АДАМҒА (АДАМ ДЕП) САНАМАЙДЫ (ЕСЕПТЕМЕЙДІ) Read More

АДАМДЫҚТАН ШЫҚТЫ (КЕТТІ, БЕЗДІ)

Адамгершілікке жатпайтын жаман істерге, жөнсіздікке барды. ~ Ғашықтық ішін өртеп диуана боп, Қор болып адамдықтан шықты мүлде. Бір құлы әкесіне берді хабар, Жиылды өңкей құрбы байбатшалар. Шәк. ~ Кәрім сол түні Күркіреудің бойында отырған кейуана шопанның үйіне қонған, кеудесінде қаулаған өртті тек қана қарсы өрт қойып сөндіруге болатын еді, сондықтан да адамдықтан безді, еш жазығы жоқ момын жандарды шопанның өзі мен кемпірін таңсәріде бауыздап, бастарын күресінге лақтырып кетті. Ә.Тар. ~ Адамның адамдықтан кетуіне, иә, не бары бір ғана апта уақыт кетеді екен. О.Бөк.

АДАМДЫҚТАН ШЫҚТЫ (КЕТТІ, БЕЗДІ) Read More

АДАМНАН (ЖҰРТТАН, ЕЛДЕН) АСҚАН

Ешкім тең келместей ерекшелік, артықшылықтың сипаты ретінде. ~ «Адамнан асқан итжанды кім бар. Сүрікті күн жеткенде бәріміз де өлерміз ғой. Сонда көрерсіңдер, қара жердің астына түскен адам үш күннен кейін тозаққа да үйренетін шығар»,– деді қара шал. Ә.Нұрп. ~ Мысалы мені-ақ алайық. Жұрттан асқан ешнәрсем де жоқ. Бірақ бүкіл колхоз болып армияға шығарып салды. Т.Ахт. ~ Қашан да елден асқан артықшылық жан иесіне жақсылық әкелмеген ғой. Сұлудың айыбы – ажары, данышпанның кінәсі – ақылы, жүйріктің басына біткен бәлесі – шабысы. Т.Әб.

АДАМНАН (ЖҰРТТАН, ЕЛДЕН) АСҚАН Read More

АДАМНЫҢ КҮНІ АДАММЕН

Біреуге күні түспейтін адам болмайды; жасаған жақсылығың да, жамандығың да өзіңе әйтеуір бір қайтып келеді д.м. ~ Күйінішінің түбіне көбірек үңіледі. Адамның күні адаммен. Алайда, біреудің көзі жақсы, біреудің сөзі жақсы деп, көрінгенге жағынып, жалпақтаған, өлеусірей өмінген жері жоқ. Қ.Тол. ~ Ер мойнында қыл шылбыр шірімейді, айналайын. Адамның күні адаммен екенін білесің ғой. Мына Қосымханды тағы да қанжығаңа байлап берейін деп отырмын. Жақсылық қылсаң – бүтін қыл. Т.Сәу.

АДАМНЫҢ КҮНІ АДАММЕН Read More

АДАМНЫҢ СЫРТТАНЫ

Сыр-сипаты, тұр-тұлғасы елден ерек, жұрттан асқан жан. ~ Злиха онда Сарымсақтың жылы құшағында жатқан. Жастан қосылған ері, нақ сол минутта адамның сырттаны, ешкім қиып кетпестік секілді еді. М.Мақ. ~ Ал ерекше адам дейін десең, жігіттің сұлтаны, адамның сырттаны деуге аузың бармас. Ә.Тар.

АДАМНЫҢ СЫРТТАНЫ Read More

АДАМ ҚЫЛДЫ (ЕТТІ)

Бағып-қағып, тәлім-тәрбие берді, ел қатарына қосты.
~ Марқұм сендерді адам қыламын деп аз сүйрелеген жоқ. Енді міне топырағы суып үлгірмей … Ж.Шәк. ~ … әпкесі Ақшагүл екеуін аналары Бегім-Бике «аузына тістеп жүріп» адам қылыпты, ел қатарына қосыпты. Ә.Тар. ~ Оқытып адам қылам деп жүргенде, торы аттың басын тоқтыға айырбастамасам неғылсын. Т.Ахт. ~ – Е, неге болмасын?.. Бәрі де ержеткен. Бәрін де адам еткенбіз. Әйтеуір, жерде қалған бірі жоқ. Д.Әш.

АДАМ ҚЫЛДЫ (ЕТТІ) Read More

АДАМ НҰСҚАСЫ КЕТТІ

Адамшылықтан мүлде кетті, хайуанға айналды. ~ Түрлері жаман. Қандары қашқан. Бәрі ентелеп, иін тіресіп гу-гу етеді. Бәрініңде есі кеткен. «Өлген деген осы»… Түртіп қалса шырт етіп тұтанып кетейін деп тұр. Біреуі бастаса, өзгесі жүндей түтіп әкетпек. Мұжықтардан адам нұсқасы кетіп қалды… С.Сей.

АДАМ НҰСҚАСЫ КЕТТІ Read More

АДАМ ӨТПЕС, АҢ ЖҮРМЕС

Адам баласы түгіл, аң атаулы да жүрмейтін, ит байласа тұрмайтын жер; құлан түз, қу мекиен дала. ~ Сонан соң ол боз тайлақтың үстіне мінеді де, адам өтпес, аң жүрмес қалың тоғайдың ар жағы на өтіп кетеді, мұз дарияға жетеді. ҚЕ. ~ – Қой, қой-ақ қой, шырақ! Жынымды келтірме! Адам өтпес, аң жүрмес жерде кездескенімізді ескер! С.Смат. ~ Қой, қой-ақ қой, шырақ! Жынымды келтірме! Адам өтпес, аң жүрмес жерде кездескенімізді ескер! С.См.

АДАМ ӨТПЕС, АҢ ЖҮРМЕС Read More