Posted in

СУ ЖҮРЕК

Қорқақ, үркек. * – Атты, атты! – дегенде, су жүрек болып қалған жұрт, ішін тартқан дауылдай, кенет басыла қалды да, сонша болмады қайтадан дәуірлей, бажылдай, күңіреніп кетті. Ол келген қазақ екен. Ж.Айм. * — Тоқтат, өңшең шуылдақ! Әскербасы ақырып жіберді. — Бұрын соғыс көрмеп пе едіңдер? Жорық көрмеп пе едіңдер? Сонда үйде шаруам қалды, қатыным қалды деп қайсың айтушы едің?! Әлде ел шетінде шұбырып көшіп жүрген аз ғана тобырдан қорқамысыңдар? Атаға тартпай туған өңшең су жүрек! І.Ес.

Posted in

СӨЗІҢДІ ЖЕЛ АЛЫП КЕТСІН

Жаман сөз айтпа д.м. ~ — Аһ – у — уһ! Айықпайтын шығармын, сірә. — Мына сөзіңді жел алып кетсін, Тәліп ағай. Сабантойдың қарсаңында кісі сырқатын ойлай ма екен, — деп Уәлетдин сөзді басқа жаққа бұрды. М.Кәрім.

Posted in

СУ ЖҰҚПАС

Кез-келген қиындықтан сытылып, запа шекпей шыға беретін әккі қу адам туралы. * «Жұрттың ішіне киімшең кіріп-шыға береміз»,— деп мақтанатын су жұқпас Өтемағанбеттің баласы Оразмағанбет әңгүдіктеу көрінді. Ә.Кек. * Сылдырап тұрған су жұқпас судыр емес, оң мен солды айыра білетін, сарабдал азамат болып көрінді әке көзіне. Ғ.Біл. ~ Содан шығар, әр ауданда бір отар саулықтың тең жартысын егіздеткен көл–көсір заман болды. “Тең жартысы несі, − деп Мәкеңнің бір денесі селк етті – қызталақ сонша асыра сілтеп… Әй, мынаған түбі су жұқпас.” Н.Дәут.

Posted in

СӨЗІҢЕ БОЛАЙЫН!

Біреудің сөзін қош көрмегенде айтылатын кекесін, "сол да сөз бе екен" д.м. ~ — Ой, сөзіңе болайын!- десіп, Жүндібайды орнынан тұрғысыз қылды жігіттер. Бір уақытта Қартқожаға көзі түсіп кетіп: — Е, мынаны қайда апарасың?деді. Ж.Айм. * Нұрқан. Е, бәсе, Мөржанды айтсайшы! Мен десе аза бойы қаза тұрады. Тәрізі, қорықса керек менен. Не жазған кісі екем осы мен? Білдің бе, жеңеше? Жүзтайлақ (жақтырмай). Сөзіңе болайын! М.Әу. ~ – Бә-ә-ле, неге тартындыңыз? Астыңыздағы қаракөктің жүрісі, тіпті ерен еді ғой. Жарыспағаныңыз бекер болды, — деп өкініш айтты. — Ау-у, сөзіңе болайын, бауырым, — деп қарқылдай күлген Маро. С.Ғабб.

Posted in

СУ ЖҰҚТЫРМАДЫ

Қиын жағдайдан қиналмай шықты, құтылып кетті. * Бірақ не керек, губернаторлар мен талай чиновниктер сот алдында айыпталса да, бұл үстіне су жұқтырмай аман шыққан. С.Жүн. ~ Қанша айтқанмен жоғары мектеп оқыған зиялы– ау! Бақай қулық қып, саясатқа жалтақтамай, батыл айтады ғой! Десе де үстіне су жұқтырмайды екен…" Т.Рыск.

Posted in

СӨЗІҢЕ ҚҰЛДЫҚ

Біреудің сөзін мақұл көріп, қолдау ретінде айтылады. ~ Сол жақ бүйірде, төменде отырған орнынан: — Уа, Тайлеке! — деп жан кеудесі жұлқынғандай саңқ ете түсіп: — Сөзіңе құлдық -ақ болсын! Мен өзгедей ел басқарып, жұрт шүйлеп жүрген адам емеспін. Бұл сөзіңде жұмысым жоқ — ақ кісі болайын! Ж.Ахм. ~ Осыған екеуміз сенейік, – деді Сейіт «сөзіңе құлдық» дегендей екі қолын көтеріп. – Бірақ сен мынаны білесің бе? Осы идеяны таратушылардың өздері «біздің халық адал, әділ болыпты» дегеннен гөрі, «біздің халық бай, әрі күшті болыпты, басқа елдерді өзіне бағындырыпты» дегенді мақтаныш тұтады. Т.Әбд. ~ Сондықтан сен енді бұдан былай жаман жездеңді қырғыз-қырғыз деп қоңаштай бермей, қазақ-қазақ деп қолпаштай берсеңші! — Сөзіңе құлдық! Сені қолпаштамағанда, кімді қолпаштаймын? Б.Нұрж.

Posted in

СӨЙЛЕП КЕТСЕ СӨЗІ БАР

Тілге жүйрік, ойын әспеттеп жеткізе алатын адам туралы. * Егер, менің айтқан ақылымды қабылдасаң, жұрт алдында беделі, сөйлеп кетсе сөзі бар ел арасын алыс татпай, жақындата білетін біреуді жіберерміз. Ә.Шәр.

Posted in

СӨЙЛЕС ҚЫЛДЫ

Үй иесін сыртқа шақырып, жөн айтысты. ~ Жолаушылар сол отаудың сыртына келіп тұра қалды. Есік алдында көрінген бір балалау жігітті шақырып, сөйлес қылды. Ж.Айм. ~ Сусар бөрік басында, Үстіне киіп құлпыдан, Керейұлы Келмембет Сөйлес қылып кідірді, Ауылдың келіп сыртынан. Аяғын жерге жай басып, Манаурап көзін зорға ашып, Әзімбай шықты далаға, Тұрғандай болып ұйқыдан. "Қамбар батыр". ~ «Сіз», «біз» деп сыпайысуына, киіміне, түріне қарап, «алыстан келе жатқан қонақ болар және мына түрімен тегін де кісі болмас» деген оймен, сөзін сыпайы бастап: — Жол болсын, қонағым! — деді бұрыла қарап қойып. — Жол болса әлей болсын!.. Жолдамақ сізден болсын!.. — Таныспадық па, қалай, қонағым!.. — Сөйлес қылмасақ айып бізде. Сөзге шықпасаңыз айып сізде. Сыртта көрісіп, төс тақасып амандаспаған соң, енді жата- жастана таныса береміз де… С.Мұқ. ~ Ер Ғалы елге қарай жүрді дейді, Бір шалқардың ілгіне кірді дейді. Бір еркек жоқ көрінген, бәрі ұрғашы, Бір қараша үй көріп, келді дейді. Келді де қараша үйге сөйлес қылды, Сөйлес қылса, бір жаман кемпір келді. — Кемпір-ау, тірі еркегің еліңде жоқ, Сұраймын, жөніңді айтшы, не елсің? — дейді. М-Ж.Көп.

Posted in

СӨЗІНЕ ЕСЕП БЕРМЕДІ

Айтқанына пәлендей мән бермей сөйледі. ~ — Әу, соры қайнаған сорлы-ау, сонда қайда бармақсың?— Кемпір өз сөзіне есеп беріп отырған жоқ. Сұрай салды. Ә.Тар.

Posted in

СӨЙТКЕНШЕ БОЛМАДЫ (БОЛҒАН ЖОҚ)

Сол заматта, ілезде; әне-міне дегенше. * — Байладық, байладық! — деп шу ете түсті көп; сөйткенше болмады болыстың үйінен теңселе басып, шалқақтап он шақты кісі шықты, топқа қарай жүрді. Ж.Айм. * Сөйткенше болған жоқ, ұзын составтың басындағы қаңқиған кәрі паровоз тұлыпқа мөңіреген сиырдай бірер рет ыңырсып алды да, ысылдап-пысылдап, ышқынып- түшкіріп ақырын жылжып жүре берді. О.Сәрс. * Сөйткенше болған жоқ, тұс-тұстан жамырай дуылдап соғыста жүрген әкелеріміздің, ағаларымыздың үйде қалған киімдерін еске алып, олардан шығатын иісті сөз етіп кеттік. С.Мұр.