Posted in

ТҮЙЕНІ ТҮГІМЕН ЖҰТТЫ

Обыр, жебір, жемпаз адам туралы.* – Бөлекеңнің көмейі кең, жемқор, жемсауына сыя беретін кісі ғой. Алатыны пара, «түйені түгімен жұтатын» обырдың өзі емес пе? Ә.Шәр. * — Түйені түгімен жұтқан адамдар да еш пәлеге ұшырамай-ақ жүр ғой, — деді екінші бір жастау жігіт. Б.Майл. * Уезд адамдарының да жемсауы кең екенін, түйені түгімен жұтып қоятынын Терлікбай ескермеген болатын. Ә.Шәр. ~ Түйені түгімен, атанды басымен жұтатын орыс ұлыққа Қанатек бастаған бірнешеуі оның жемсауын толтыра, астыртын көмейлетіп жіберген. Т.Рыск. ~ Ал қазір түйені түгімен жұтатындар пайда болып, енді тау-төбеңізді, жиделбайсын атамекеніңізді үй-орманымен, тезек-қабымен қоса бауырына басып алды. Ж.Аяз. ~ Сондықтан жергілікті Маншың төрелері ешкімнен жасырып жатпай- ақ тападай тал түсте түйені түгімен, төрт түлік малды үйір- үйірімен, көпе- көрінеу асап, қылғып жұта беретін. ~ Есенбай Қойбағарұлы парамен ұсталып‚ түрмеде жатыр деген сөз жанымды тілгілеп‚ тар қапасқа сыймай кетем. Неге түйені түгімен жұтқандар осылай жатпайды? Қ.Түм. ~ Білгенде, бұлар адамның ең осал тұсын сөз қылады. Ұстайтын жері сол. Ішімдікке қалай, қыз-қырқынға қалай, түйені түгімен жұта ма?.. Осының біреуін тапса “Е, … е … өзіміздікі, свой”, десіп лепіріп кетеді. Н.Дәу.

Posted in

ТҮЙМЕДЕЙДІ ТҮЙЕДЕЙ ҚЫЛДЫ

Түкке тұрғысыз нәрсеге үлкен мән беру, жоқтан өзгені дабырайтып көрсету туралы. ~ — Әлдекімдер құсап зіл сақтаса, пәтер бермек тұрғай, түймедейді түйедей ғып, көрінген жерде аяқтан шалар еді. Сорымызға ондайлар әлі бар ғой. К.Қаз. ~ Ақыры оның бәрі желқарындай жарылып, өз кінәсін ақтау үшін Никита-екең «көзбояушылықпен күресу» деген қаулы шығартты да, бәрімізді қуғынның астына алды. «Түймедейді түйедей» етіп көрсеткендердің қосағында кеткендер аз болған жоқ. Б.Тоғ.

Posted in

ТҮЙЕНІ ТҮГІМЕН, БИЕНІ (НАРДЫ) ЖҮГІМЕН

Тойымсыз парақор, жемқор. ~ Болыстан әнеукүні бір құшақ материалды өз қолымыздан жөнелткеміз… «Түйені түгімен, биені жүгімен» дегендей, халықты да жеп баққан екен, сабаз!.. Енді солардың бәрін құсатын шағы жеткен сияқты. С.Мұқ. ~ Мейлі, шомыла берсін, оларға да салқындау керек қой. Ал мен әуелі тамақтанып алайын, ішім итше қыңсылап, түйені түгімен, нарды жүгімен жұтып жібере жаздап келе жатқам жоқ па. Б.Соқ.

Posted in

ТҮК КӨРМЕГЕНСІДІ

Ештеңе болмағандай сыңай танытты; сыр бермеді. * – Құтты болсын, жаным! Немене? Айтшы! – деп түк көрмегенсіп, мойнынан құшақтай алды. – Енструктор болдым! Ж.Айм. ~ — Ана қанды шелек Жақсыбай сұм анада сен Қарқаралыға бара жатыр дегенді естісімен Семейге көшіп жоғалды. Оны Семейге қашырып жіберіп түк көрмегенсіп отырған Әбен қара жүрек тып-тыныш жанға жазығы жоқ кісі болып жатыр. С.Бег.

Posted in

ТҮЙЕНІҢ ЕСКІ ЖАБУЫНДАЙ

Әбден тозып, сәні кеткен. * Бұл қала Сібірдегі үлкен өзендердің бірінің сол жағасында орнапты. Ретпен салынған сұлу қала емес. Орта жері болмаса, шеттерінде тәртіп жоқ. Оның үстіне шет шетіне шашыратып салған қазақтың жер үйлері тәртіпке ұқсаған сиықтың бәрін бұзып, қаланың шеттерін түйенің жыртылған ескі жабуындай жалба-жұлба қылып ыдыратып, тоздырып тұр. М.Әуез.

Posted in

ТҮК ҚОЙМАЙ БОҚТАДЫ

Бүкіл жеті атасынан бастап балағаттады. ~ Сексиіп, Түксиіп өлтірді. Күлкі боп көргенге, Құрбыға қадірсіз. Ас қылып бергенге Шыдамас, сабырсыз. Келді, ойбай, Салды айғай, Түк қоймай боқтады. Абай.

Posted in

ТҮЙЕНІҢ ЖАРТЫ ЕТІНДЕЙ

Аса үлкен, семіз, денелі адамның сипаты. ~ Шабдар қасқа шалқұйрық айғырдың үстінде түйенің жарты етіндей боп шалқалап жатып алған Батыр сұлтан кеңірейіп құлақ аспай қойды. Ә.Кек. * Өзі түйенің жарты етіндей қомақты, семіз неме көрінеді, әйтеуір жатысы жайлы сияқты. О.Сәрс.

Posted in

ТҮК ӨНДІРЕ АЛМАДЫ

Іс-әрекетінен ештеңе шықпады; дегеніне қол жеткізбеді. * … көрші ауылда Бұқабай би шабындысын тартып шауып алғанын да, әкесінің әркімге барып, сандалып, түк өндіре алмағанын да Қартқожа жақсы біледі. Ж.Айм. * Қартқожа Сейкебай ауылына бұрылды. — Жаңбырбай үйде ме? — Үйде. Түсе қалды. Қайдан келе жатқанын, түк өндіре алмағанын айтты. Ж.Айм. * – Мынау қайтеді-ей!. Қайтеді-ей, мынау! – деп, Жанымхан есікті ұрғылап біраз тұрды да, ақыры түк өндіре алмайтын болған соң бүгжеңдеп үйіне қарай тартты. Қ.Ысқ. * Не сұрайын деп едіңіз, ұқпадым дегендей міз бақпайды. Арлы-берлі ишаралап түк өндіре алмаған соң дәрменсіз кейіппен қалжырап сұлық отырып қалады. Т.Сәук.

Posted in

ТҮЙЕНІҢ ҚОМЫНДАЙ

Өте ауыр, үлкен. ~ Мұның өзі күнделікті өмірде , баспасөз бетінде жиі айтылып , тіпті айтаайта әбден жауыр тартқан қарапайым тақырып болғанмен , астарында түйенің қомындай ауыр зіл бар. Е.Сер. ~ Тартады кеп соқасын. Артта Дымдап тараған. Табанына оралған. Трактордың жер аз ба! Тың — даланың семізі, Семіз түйе қомындай. Қ.Мырз.