Бесін уақыты өтіп барады. ~ Бесін еңкейе елмен бірге үй жығып, Досжанның отбасы да тауға қарай көтерілмек болды. Т.Рыск. ~ Бесін еңкейе Алматыдан Семейдегі Абай тойына да, туыстарын көруді де қоса қабаттап келген қандастар, енді Шыңғыс тауына қарай бет түзеді. Т.Рыск.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕСІН АУА (ауды)
Бесін мезгілі өткен кез. ~ Әлгі өзі тартқан күйді тартқызған. Бір емес, екі емес, әлденеше рет тартқызған. Бесін ауа мұның қолының жөндемге келгенін көріп, бас изеп жатқан. Кенет мұның шек қағып отырған қолын бауырына тартты. Ә.Кек. ~ Қырық Жайынның ен тоғасын жайлаған ауылға бесін ауа жетіп барған. О.Сәр. ~ Алпыс бірінші жылғы жиырма жетінші маусым күні Кунцево ауруханасының ақ шапандылары операция столында сəскеде ұйықтатып, бесін ауа оята алмайтын сұмдық өкінішке қарай сүйреп əкетіп бара жатқан зауал шағында да Мұхтардың ойлағаны өзінің өлім халі емес, өзінен кейін қалып бара жатқан «қалың елі, қазағы, қайран жұртының» өмір жайы, осы бір асау əрі момын, күшті əрі сорлы, мəрт əрі нəмəрт халықтың камы еді. З.Қаб. ~ Сол тырп етпеген қалыптары бесінді күтті. Бесін де ауды. Сол баяғы жым-жырт тыныштық. Ә.Кек. ~ Ақ қар мен қара тас жаныған тағалары бесін ауған күннің сәулесіне шағылып, жарқ- жұрқ қақты. А.Алт.
БЕСІКТЕН БЕЛІ ШЫҚПАҒАН
а) Емшектегі бала, сәби. ~ Ал, жоңғарлар өйтпеген, … кейінгі ұрпағымызға ауыз салады деп, бесіктен белі шықпаған сәбилерді жөргегінен суырып алып, табандарына басып шырылдатып тұрып борбайларын жұлып-жұлып алып, итке, құсқа лақтырып тастап берген. Ғ.Біл.
ә) Тым жас, қаршадай бала д.м. ~ Екеуінің де оқығаны дұрыс еді. Үкіметтің бұл неғылғын саясаты екенін білмеймін, бесіктен белі шықпаған балаларға қойшының таяғын ұстатқанда не пайда табады. АҚ («Тағдыр») ~ Бірақ, этика — эстетика, адамдық құндылық, өз- өзіңді қадірлеу деген бар ғой, оның үстіне әлі бесіктен белі шықпаған қыз баласыз. Қ.Жиен. ~ Батырдың асауды шұрайлап әкеп ат ағашқа таңып жатқанында-ақ бір сұмдықтың боларын межелеп жұртта жинала қалған болатын. Енді мынау бесіктен белі шықпаған ұлына мінуін бұйырғанын көріп шулап-шұрқырап кетті. Б.Жұм.
БЕСІКТЕН (БЕЛІ) ШЫҚПАЙ ЖАТЫП
Жап-жас қалпымен. ~ Ақбөкен Табын руының бір момын адамының жалғыз қызы. Бесіктен шықпай жатып нағашысы Жоламан оны Байтабынға айттырған-ды. І.Ес. ~ Әсіресе түнгі кафе-барларға келіп таң атқанша отырып шығарда ақшаны дестесімен төлей салатын бай баласы – көркем қыздар мен көрікті жігіттердің қылықтарын көргенде «апырау, бесіктен белі шықпай жатып қона салған бұл қандай бақ» деп меңірейіп, бір жағы күйзеліп тұрып қалатын. Т.Әс. ~ Әлгі Абдолдың Қойсарысы бесіктен белі шықпай жатып қағынған жаманына қатын әперіп!.. Қ.Ысқ. ~ «Мына баланың атын аттас атасындай батыр болсын деп Бауыржан қойған-ау, -деп ойлады Тілеулес.— Бесіктен белі шықпай жатып қайыр сұраған баладан қандай батыр шықпақ? С.Дос.
БЕСІК ҚҰДА
Бесікте жатқан сәбилеріне құдаласқандардың бір-біріне қатысы. ~… Көбектегi Қаратоқа, iрiп-шiрiген бай әкесiненқалған қоры әлi үзiле қоймаған Шілмәнның есалаңдау Малбағарымен атастырылыпқойылғанын, бесiк құдалардың арасында аяқ-табақ қатынасатынын жақсы бiлетiн. Б.Алд. ~ Əкесі абырой болғанда: — Осы сенбіге ағайынның басын қосып ақылдасайын, бесік құдамен байланысып бір жауабын берейін, — деп екіұштылау жауап айтқан болды. С.Досж.
БЕСІК КӨРГЕН
Бұрын бала туған әйел. ~ Ұяты бар біреу кез келсе — құба-құп. Жеңіл-саяқ біреу килігіп, бозбаламен жыртыңдағанын көрсе, одан өлгені артық қой. Соны ойлайды да. «Бесік көргеннен» ойды қуады: «Есік көргенді» салмақтайды. Қайтып келген қатын тегінде жеңіл ойлы, ұятсыз болады деп жаратпайды. Ж.Айм. ~ Қызараңдағаны – беті ашылмағандығы ғой деп жорыды. Сүлейдің іздегені «беті ашылмаған» ғой, «есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деген мақал Сүлейдің кеудесіне мықтап орнаған. Япырмай, ізденге сұрағандай мұндай дөп келер ме?!. Ж.Айм. ~ Сізге жас көрінгенімен, есік көрген, бесік көрген келіншек! «Ғашық-машық» деген желөкпемен жастай бір жылмақай кәсіпкер сымақка тұрмысқа шығып еді, екі жыл отасқан соң онысы бұдан да жас біреумен байланысып, ұшты-күйді жоғалып кетті!.. Б.Тоғ.
БЕСІК ЖЫРЫ
Сәбиді әлдилеу әні. ~ Анасының әлдиімен бесік жырын, әжесінің ертегілерін тыңдап бой жеткен Ақжұлдыз қиялға бай еді. С.Дос.
БЕСЕНЕДЕН БЕЛГІЛІ
О бастан анық, дау тудырмайды. ~ Бұл нарядтарды Дүйсековтың жалғыз өзі жасамайтыны және бесенеден белгілі. О.Сәр. ~ Халықтың әлеуметтік күн көрісі мәз емес екені бесенеден белгілі. Ш.Мұр. ~ Ит тұмсығы өтпейтін Тайга төріндегі аядай ауданда бос жүру қандай қиын. Өзіңді қайда қоярға білмейсің. «Жер бетіне сыймайсың». Бесенеден белгілі адамсың, бала екеш бала да: «Анау! » дегендей қолын шошайтады бізге қарап. Х.Ес.
БЕС ТИЫНДЫҚ ҚҰНЫ ЖОҚ (қалмады)
Құнынан айрылды, тым арзандап кетті: маңызы жоқ, керегі шамалы. ~ Түтін андып жүретін, өлеңінде бес тиындық құн қалмаған салдаман әншілер де, тарысы піскеннің тауығы бола кететін «Бөстекі» даяшылар да келді. Ж.Айм. ~ Колхоздастыру, ұлы Отан соғысы, тағы басқа саяси науқаңдар, жалпақ елдің басына төнген қауіп, ұлы мерекелер, сүйіншілі қуаныштар Қоңқай үшін бес тиындық құны жоқ – әншейін еріккеннің ермегі сынды дүниелер еді. О.Бөк. ~ … аяққа тұсау, арқаға артық жүк болар байлықтың, тіпті аспандағы жұлдыздай түнде бар, күндіз жоқ қылтқып кеп тұрар алдамшы бақыттың да бұған бес тиындық құны жоқ. О.Бөк.. ~ Колхоздастыру, ұлы Отан соғысы, тағы басқа саяси науқаңдар, жалпақ елдің басына төнген қауіп, ұлы мерекелер, сүйіншілі қуаныштар Қоңқай үшін бес тиындық құны жоқ – әншейін еріккеннің ермегі сынды дүниелер еді. О.Бөк.
БЕС ТИЫНҒА КЕРЕКСІЗ
Қажжеті шамалы. ~ Әрине, біздерге шалдың бұрынғы үйленген әйелінің қайда екені бес тиынға да керексіз, тек оны тағы да сөйлетуге, әңгіме айтқызуға құштармыз. С.Мұр.

