а) Алыстап кетті. ~ Жүргіншілер бел асып, көрінбей кеткенше, ауыл адамдары көз жазбай қарап тұрды. Қ.Жұм. ~ Беткейде жайылып тұрған қос елік те сынаптай сырғып бел асты. К.Сег.
ә) Белгілі бір межеден өтті. ~ Шын жазушының іңкәрі – тағдырының таң азанында ма, тал түсінде ме, бел асқан бесінде ме, мейлі қай кезінде болсын, әйтеуір өз қолында ғана өмір сүріп жүрген ұрғашыда. Н.Дәу.
б) Биіктеді, әлдебір дәрежеге қол жеткізді. ~ Ана жылы алғашқы дүмпуде бел асып дүрілдей бастап еді, НЭП тұсында әжептәуір тауы шағылып қалды. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕЛ АЛДЫ
А) Әлдебір құбылыстың кеңінен таралуы туралы; етек алды. ~ Ақыры, күдік жеңілді де, батылдық бел алды. Жаудың Кезекті атакасын тойтарғаннан кейін мен Горюныны тастап шығыңдар деп батальонға бұйрық бердім. Ә.Нұрш. ~ Басқа салды — көндім деп, қиянатшыл иттерді әбден дандайсытып жібергенбіз. Осы мына дүниеде қара ниеттілердің бел алып, күшейіп тұрғаны, әділдердің әлсіздігінің арқасы. Ә.Тар.
ә) Әл жинады, қуат алды, арқа сүйеді. ~ Долының саудасы біте бастағанын Сүлеймен анық байқады. Есін жинап, бел алып, кеудесін жазыңқырап отырды. Өзінің де алқынып, терлеп кеткенін жаңа сезінді. Б.Соқ. ~ Ақтардың ендігі баратын бетін зерттеп, хабарландық. Біздің Перми қаласын алғанымызды хабарланып, бел алған жоғарғы командованиеден жаңа бұйрық келді. C.Бег.
б) Бағыт алды. ~ Байдың егін орағы аяқталған кезде тәтем жылдағы емсектік кәсібін істеп Белағаштың поселкесін аралады. Мен ат бағамын. Тағы біраз астық жинап алып, елге қайтуға бел алды. Елдің қыстауға баратын күні болып қалды. C.Бег.
БЕКЕР ОБАЛЫ КӘНЕ
Біреуге жалған айып табуға болмайды, шынын айту керек д.м. ~ Ағайын, төренi жұрт әдiл басшы деп атап жүр. Бекер обалы қане, әдiлетсiздiгiн көрген емен. К.Сег. ~ Бекер обалдары қане, үлкен жеңгелері осы босағаны аттағаннан жалғыз қайынсіңлілерін үкілеп ұстап, қабағына қарап келеді. С.Досжан. ~ Бәленбайдың бекер обалы қане, мұның мұңын мұқият тыңдап, бүгін берген уәдесін ертесіне қолма–қол орындап, үлкен басшыға кіргізді. Н.Дәу. ~ Бекер обалы қане, Байшуақ «Төре, бiздi қалмақ ортасынан қашан алдырар екен?» деген сияқты орынсыз сауал қойып, батырды мазалаған жоқ. К.Сег. ~ Жоқ, мырза. Бекер обалы қане. Менi олжалап әкелген дәу қара да сол елдiң танымал азаматтарының бiрi екен, маған тiзе батырған жерi болған жоқ. К.Сег. ~ Әке өлгенмен әкенiң көзiн көрген ағайын, бекер обалдары қане, аналарына жесiрлiк, екi ұлға жетiмдiк көрсетпеген. К.Сег.
БЕКЕР БОСҚА
Құрдан-құр, тектен-текке; еш пайдасыз д.м. ~ Жазықсыз елге ұрынба, Бекер босқа қырылма. Ойшыл көзді салып қой, Көз — ұшы ту қырымға. Сегіз Сері. ~ Қайтерді енді өзіңіз түйесіз де, Шабылып бекер босқа күйесіз бе? І.Жанс. ~ Ол мейлі, енді басқасы-басқа, тап мына Ганс Вайслердің үй-жайын Немеребайға, немесе Шөберебайға сатқызып, қарап отыра алмас. Қанша дегенмен, қатын-дұшпаның Пәтима да бекер-босқа тырысып сұрланбас. М.Бай. ~ Жүрегі құрып-ақ кеткір бекер-босқа бұлқынып, алқына ма, ауылдық клубтар хақындағы хабарламаның соңына тақап-ақ қалғанында, самайы солқ ете түсті. М.Бай.
БЕК ЖАҚСЫ
Құба-құп, өте жақсы. ~ Сіздің құзырларыңызға арызымыз мынау: біздің Албан деген елдегі қырғыз Қайшыбектің малын алып бер деген екенсіз. Бүгінде өзім бек аурумын. Біздің Албан деген елде Қайшыбектің малы болса, бітіріп алып бергеніңіз бек жақсы болар еді. Сізге мақұл — бізге мақұл. І.Жан. ~ Бек жақсы! Таныстықтың жолы деп сізге енді ептеп… қолда бардан қарасуға болатын шығар… Ғ.Сл. ~ Өзі қайда кетті дейсіз? Құрылысқа ма? Аймақкөл? Өте жақсы. Машина баратын шығар-ау?.. Бек жақсы. Жақында сол құрылысқа адам жібермек едім. Ғ.Сл.
БЕЙШЕҢ АУЫЗ
Дөрекі сөйлейтін, былапыт сөздерге әуес адам. ~ Отбасында сөз салыстыруды артық көрген Сұранышбек түймедейді түйедей етіп өсіретіндерді еске алды. Бейшең ауызда береке жоғын, ғайбаттың құйыны ауыл жықпайтынын, қаңбақ қоқтықса өртке ұшырайтынын айтып өтті. Т.Әл.
БЕЙТАРАП ҚАЛДЫ
Әлдебір іске, жағдайға, мәселеге бейжай қарады, араласпады. ~ Енді осы оқиға неге былай болды деген сауалға бейтарап қалу мүмкін емес. Ш.Айт. ~ Абайға келгенде ешқашан бейтарап қала алмайтынын, Абайға деген қылдай қиянатты мүлде кешірмейтінін Мұхаң бүгін де танытты. З.Қаб. ~ Сонда біз бейтарап қалмай, бір- біріміздің күйігімізді жеңілдетуге тырыстық, ауыртпалығымызды бөлістік. М.Сүн.
БЕЙПІЛ ТІЛ
Әдепсіз, былапытқа толы, дөрекі тіл. ~ Қалжыңшыл, бейпіл тіліне, дінсіздігіне, əдепсіздігіне қарап, жұрт оны «надан», «жынды» дейді; ол не айтса, күледі, оның сөзін елемейді. Бірақ Əбежан жынды емес, нағыз дана адам. Ж.Айм. ~ … әкем де әжемнің уытқыттауымен шешеме бұрынғыдай міне түспей, кейде, көзін ғана алайтатын; ал кейде: «Сендер-ақ сиыспайтын болдыңдар-ау, осы! Бірің өл де бірің қал!» деп шығып кететін; сөзі өтпейтінін аңғарған әжем, бұрынғыдай бейпіл тіліне ерік бермей: «Құрық алып кеттің-ау, қу тоқал!» деп кіжінетін де қоятын. С.Мұқ. ~ Найманда екі жүзді нар кескенмін, Желкеңді қимақ үшін қойған сақтап. Тозаңың анда-санда бір бұрқ етер, Сабасам бейпіл тілді екі жақтап. «Біржан — Сара».
БЕЙПІЛ СӨЙЛЕДІ
Дөрекі сөйледі, боғауыз соқты. ~ Жазықсыз адамды бекер жазғырма. Қазақ қызын әрқашанда сыйлаған. Қыз баланың көзінше бейпіл сөйлемеген. Мә! Мынау дөкірлігің үшін! Мә, мынау найсаптығың үшін! Н.Дәу. ~ Қасиеті бар адамның қасында қотиын жүрмейді. Мәжкеңнің әзілі майда, күлкісі көңілге жылы, әлдекімдер секілді албаты қылжақ үшін бейпіл сөйлеу оның лексиконында жоқ еді. Қ.Ысқ.~ Келіншек қартаң актрисаға іш тарта қарады. Қанша бейпіл, көп сөйлесе де адалын айтып, ағынан жарылғанына риза болды, Іші жылып, жақсы көріп серпіле түрегелді. Н.Сер.
БЕЙПІЛ СӨЗДІ
Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын боғауызшыл, бейәдеп адам. ~ Бейпіл сөзді, баланы қарғауды білмейтін Ұлберген бір-екі рет қыңқылдағанмен, Темірбек қозғала қоймағасын, ішінен тынып, Ботагөз туралы мазалауын доғарды. С.Мұқ. ~ Қазақтың ұғымында бойы кішкене адам: қу, залым, айлакер келеді. Шеген де солай өсті, сондықтан жұрт оны «Шытырлақ шепе» атады да, кейін «шытырлағыш» түсіп қап, «Шепе» ғана болып кетті. Ол кішкене күнінен сотқар, төбелескіш, бейпіл сөзді болды. С.Мұқ.

