Істі қылды, жала жапты, әлдебір дау-шарға араластырды. ~ Бірақ олардың бірде бірі оқатып, он екі шығыршықган өткізбек түгіл, алып садақтың адырнасын да кигізе алмайды. Осы топырдың үстіне Одиссей келіп, ақ некелі әйелінің басын дауға салғандарды тегіс құртады. Ә.Нұрш. ~ Біреулері: «Азаматымызды тұтқындап, баламызды өлтіргендері үшін Кедейлерден құн аламыз» — десе, енді біреулері: «Жайына жүрмей, біреудің жесірінде несі бар? Басын дауға салып жүрген өзі!» — деп, Қайыпты күстәналай бастады. Ү.Жәл.~ . «Сүйгеніме қосылып, бақыт тапсам» деген ақ тілегінің аяқ асты қалып, басын дауға салған қарау заманды қарғайды. Теңін тапқан қыздың тақымына тұсау салып, тас түрмеге қаматқан қатал заңды қарғайды. Ү.Жәл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАСЫН БОҚТЫҚҚА ЖАСТАДЫ
Қррлады..~ «Не Бағаналы, Тама елдерінің бірі болсам, басыңды әлдеқашан боқтыққа жастап кетер ем, әттең араңда отырмын»,— дейтін өз-өзінен ызаланып Саналы. М.Дәу.
БАСЫН БӘЙГЕГЕ (БӘСКЕ) ТІКТІ
Нар тәуекелге бел буды. ~ Шынжырлы тұқым асылды, Сенің үшін, шырағым, Бәйгеге тіктім басымды. Іздеп келген Төлеген Жайылған жұртқа даңқыңнан. «Қыз Жібек». ~ Уәдеде тұрғыш, ұстаған жерінен сынатын, судай басынан тұнатын, досы үшін басын бәйгеге тігетін жігіт еді Еспер. Б.Қыд. ~ Ұямыз бар біздің де — омартамыз, Алмағайып бүлінсе сол ортамыз, Басымызды бәйгеге тігеміз де, Көзімізді біржола жоғалтамыз. М.Мақ. ~ Неше жерден тұтқын болса да — басына бәсін тігетін, жанына жанын беретін соңында қалған жақыны бар ма», — деп қазақтарға елші жібереді. Д.Досж.
БАСЫН БӘЙ ТІКТІ
Өмірін құрбандыққа шалды. ~ Бірақ елі үшін басын бәй тіккен асау Мәулісана ешбір сағатта өз еркімен ата жауының мазағы болғысы келмей жүріп, санадай сарғайып, бала көтерместен жастай қырқылады. Ж.Ахм. ~ Алтайда Абақ керейлерін бастаған белгілі Оспан батыр күні бүгінге дейін үкіметке алдырмай, Бәйтік тауында басын бәй тігіп соғысумен келеді. Ж.Ахм. ~ Олар тірлігінде бір кісідей азабын тартты ғой. Соның залалды екенін біле, көре тұра басын өлімге бәй тіккендердің өз обалы өзіне. Отқа түскен жынды көбелектер- ау! Т.Рыск. ~ Мұндай сұмдықты туада көрмеген жас қыздар мен балауса жігіттер өмірлеріне төнген қатерге қарамастан, ар- намыс, әділет алдында, бастарын бәй тіккен сияқты. — Қазақстан — қазақтікі! Т.Рыск. ~ Тақта таста: «Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар. Еркек тоқты құрбандық,Атам десең атыңдар! «- деп елінің тәуелсіздігі үшін қыршын жанын қиюға қара басын бәй тіккен өз өлеңі жазылыпты. Т.Рыск.
БАСЫН БЕРДІ
Жанын құрбан етті. ~ Бұл Демежандай ерімнің қанша жыл халдайлармен алысып жүріп, әрең алған қағазы емес пе еді. Есіл ер күні кеше сол үшін басын берген жоқ па?! Қ.Жұм. ~ Сонда, «кекті бесіктің» құны үшін әр бес қазақтың үшеуі басын бергені ме? Т.Жұр. ~ Сонда бір байқағаным, халқым деп қан жұтып, елім деп еңіреген, тіпті сол жолда басын берген Демежандай азаматты өте сирек ұшыраттым. Қ.Жұм.
БАСЫН БАҚТЫ
Жан амандығын ойлады. ~ Россия мемлекетінің қазіргі бейтәртіп бүліншілік күйінде қазақ басын бағып, аман қалайын десе істейтін шарасы тез милиция жасау. Ол милиция автономия болса да керек, болмаса да керек. С.Сей. ~ Әкесінің қартайғанша қой соңынан қалмай жан бағып жүргені де Сақардың миына кіріп– шықпады. Мырзасынып басын бағып, бойын күтіп, байдың оны– пұны «қуып кел, сүріп келімен» күнді кеш қылатын.Сүйтіп жүргенде, үкімет ауысты. Кедей– кепшіктің күні туды. Заман өзгерді. Ү.Жлк. ~ . Шар тарапқа түгел елеңдеп жүретін Күдерінің көңілі тізеден аса қалың қар жауғанда барып орнына түсті. Оған жау жер аяғы кеңігенде жанданатындай, қыстың көзі қырауда қай антұрған да басын бағып жатып алатындай көрінетін. Ә.Кек.
БАСЫН БАЙЛАДЫ
Тағдырға мойын ұсынды, қатерлі шешім қабылдады; біреуге өмірін қосақтады. ~ Ханым ханға бетін көрсетпеу керек, тым болмаса, бүгінгі түні жасыру керек. Енді қайтпек? Неге болса да басын байлады. Ж.Айм. ~ Онда оның алды да, арты да — қараңғы көр еді ғой. Онда адам болам деген үміт жоқ, қорлыққа да, зорлыққа да, өлімге де, ұятқа да басын байлаған еді. Ж.Айм. ~ … көркіне ақылы сап өжет қыздың сол кезде жұрттың бәрі іске алғысыз «сүмелек» деп атап кеткен жігітке қалай ғана басын байлағанын оншама бажайлап жатқым келмейді … Ф.Дост. ~ Ұлбосын Күреңбайды онша шет көре қоймаса да, құлақкесті құл атанған жоқ-жітікке басын байлағысы келмей, ретім келмейді деп бірден меселін қайтарып тастаған. С.Ом.
БАСЫН АШЫП АЛДЫ
Ең алдымен нақты бір күрделі мәселенің түйінін шешті, егжей-тегжейін білді. ~ Бұл мәселенің басын ашып алу мақсатымен ол кеспекті шайқап — шайқап қойды, су орталап қалған екен. Ш.Айт. ~ Ферма меңгерушілері осындай мәселені шеше алмаса не болғаны деп ойлаған. Осы күдігінің басын ашып алғысы келді де. С.Бақ. ~ Әңгіменің басын ашып алғаны жөн. Бұл «өзі де қашқалы тұрған қоян еді, мылтық атқан соң не оңсын» дегендей майда-шүйде кеп емес-ті. Д.Дос. ~ Сонда, менің тарапымнан қандай көмек бола алады?- деді ол мәселенің басын ашып алмақ боп. Д.Ис.
БАСЫН АШТЫ
Бостандық әперді. ~ Оған жалғас екінші үй,—«жесір үйі». Бұл үйде жесір билері отырады, мұнда әйелдің басын ашады, не басын бекітеді. Әмеңгерлерге разы болмаған жеңге, ол жақта қалған қыз, төркініне қашқан келіншек, құда, тағы солар сықылды даулы адамдардың басы осы жесір үйінде сарапқа түседі. І.Жанс. ~ Осы арада ол тағы биттей ойлана қалды. Ана жолы бір жеңгесі арқылы төркініне, шешесіне арнаулы сәлем жолдап, Сақаннан басын ашатын ойы бар екенін емексітіп көрген. Ж.Сәм.
БАСЫН АУЛАҚҚА САЛДЫ (АЛА ҚАШТЫ)
Әлдебір іске араласқысы келмей, қашқақтады; араласпады. ~ Бұрын жауы қытай болса, енді сарт та дұшпанға айналды. Бұл аз болғандай, Әліпті Қожанияз ала жөнелгенде інісі Қожамбергеннің ауылы басын аулаққа салып, Моңғолияға қарай қаша көшіпті. Ж.Шәк. ~ Сәл нәрсе болса бірін – бірі сатып, әркім өз басын аулаққа ала қашады. Сатқындық мен алауыздық болған ортада ешқашанда патриоттық болмайды. БАҚ

