Ағынан жарылып, көп әңгіме айтты, талай шындықтың бетін ашты. * Сөзі мірдің оғындай сол Шүртидің жиені “гүңшы” (коммуна) деп аталатын жаңа қоныстағы жаңа ауылға жеткенше талай сырға қандырды. Ғ.Біл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАЛ ШЫБЫҚТАЙ БҰРАЛДЫ
Назды, епті, нәзік қимылдары көздің жауын алды. ~ Биғанша марқұм мезгілсіз өліп кетті: жасы жиырманың үшеуінде еді. Екі беті алмадай, көзі мөп-мөлдір қара, тал шыбықтай бұралған таңдаулы сұлудың езі еді. Б.Май. ~ Ол сені сағынды, Айғаным осы күні тал шыбықтай бұралып, бота көзі жаудырап, қасы қиылып, қара шашы толқынданып, шолпысын сылдырлатып кіріп- шығып дамыл таппай жүр… М.Дәул. ~ Есік алдында тал шыбықтай бұралып, көзі жалт- жұлт еткен қара торы қыз бала қазан асып жүр. Б.Тоғ. ~ Хансұлу — Әзбергеннің қарындасы. Пахраддиннің маңдайына біткен жалғыз қызы. Тал шыбықтай бұралып бойжетіп қалған бүгінде. С.Елу.
ТАЛАЙДЫ КӨРГЕН (КӨРДІ)
Өмірде көрген қиындықтары аз емес. ~ Жауып жатса, талай дүниенің елесін көз алдына келтіретін сияқты. Ол әлі жас та болса, талайды көрген бала. С.Мұқ. ~ Қызарған екі көздің, алды салбыраған екі ісік дорбаша. Қысқасы, талайды көрген, от пен суды талай кешкен адамның сыңайы. Б.Соқ. ~ Бәйтенде үн жоқ. Оймауыт қоштасарда оның қолын сілкіп қалып: – Ұнжырғаң түспесін,– деді бұйыра сөйлеп. – Аман болсаң, әлі талайды көресің. Т.Әбд.
ТАЛ ШЫБЫҚТАЙ МАЙЫСТЫ
Сылаң қағып, сұлуланды; нәзік қимылдады. ~ Менің сенен сұрағым келеді: қарғамысың, көгершінбісің? Күлшені білесің, қаның қандай ыстық болса, онікі де сондай ыстық. Ол саған жауап та бермей, мойынын да бұрмай кетті ғой; онысы бекер; оны мен білемін, саған сүюге оңай болсын дегені. Бірақ сен тал шыбықтай майысуың керек, әйтпесе сені жел сындырады, сен шаңға, батпаққа батасың. Жыланнан ақыл күткенше желге қайысқан артық. Ж.Айм. ~ Менің еркем кем бе екен! — Жеңгесі бұны айтқанда көктемгі тал шыбықтай майысады. Ж.Нәж. ~ Аралбайдың қоқан- лоқысына Күлжекей қалай көне қалды? Жігіт басымен Қасболаттың өзі жау алдында неге тізе бүкті? Осы бір өткен істің өкінішін ойлағанда Қасболат тал шыбықтай майыса беріп еді. С.Ом. ~ Мына сөз ашық аспанда күн күркірегендей аса жайсыз әсер етті. Есік қапталында тал шыбықтай майысқан Жансаяның жүзін жас жуып кетті. Д.Дос. ~ Қолын бойжеткен алдынан тартып алып, шалқасынан жатқан күйінше оң бүйіріне аунап, тұруға қам жасады. Әсем бұратыла иіліп, жігітті қаусыра құшақтап, түрегеліп, кеудесін тіктеді. Белі жел өтіндегі тал шыбықтай майысады. Д.Дос.
ТАЛАЙЫНА ЖАЗЫЛҒАН
Тағдырдың маңдайына жазғаны д.м. * Қазақтың талайына жазылған санның бірі -16. Оны бұрын да жазғанбыз. Бұл — бір кілтсөз екен. 1916 жылғы қазақтың көтерілісінен соң, бір жыл ішінде Ресей империясына топалаң келіп, патша тақтан құлады, құлады да қызылдар оның орнын басты. С.Дат. * Екі байға тиесің деді ме әлгі сыған? Ғажап қой, Қап, мен де бал аштыруым керек еді. Мен де білейін, талайыма жазылғанын. Ш.Құм.
ТАЛАБЫ ТАС БОЛДЫ
Ойы жүзеге аспады. ~ … күзеген көк байталмен қалықтап келе жаткан Күнікейдің зығыры қайнайды. Тақымды бір қысып, қамшыны бір басып, шаба жөнелгісі келеді де —талабы тас болады. Ж.Айм.
ТАЛАҚ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)
Көзін құртты; құтылды, бас тартты. * Анау боқ мұрын Шоқандардың астындағы ақ селеуді Күнікейдіңастына берер ме еді; Шекер кедейлікті, қорлықты, қойшыны бір күн, бір сағат ішінде талақ қылмас да еді!.. Ж.Айм. * Әуелде балсырадан басқаны талақ қылып еді, енді «эреванды» менсінбей «экстрамен» ғана сұхбаттасып отыр. Қ. Ысқ. Еркектің мұсылман заңымен әйелін тастауы, зайыбымен ажырасуы. ~ Бір сабақ жібің керек емес. Батырқараңды. Қайда барсаң ерік өзіңде. Төркініңе барамысың, әшнажайыңа барамысың, енді боссың, талақ! Талақ еттім, зән талақ! С.Жүн. * Ислам некелі ерлі-зайыптыларды бір шаңырақ астында тату өмір сүруге бұйырады. Дегенмен олардың отбасылық өмірі жараспай, ажырасуды қаласа, ері әйелін талақ етеді. Ә.Дерб. Тастап кетті; дүниеден, өмірден безді; баз кешті.~ Кейін Татьянаның сөзінде және де мұсылмандықұғымнан "талақ етіп бұл ғаламды" дейтін бір түсінікті келтіреді. Немесе бурынырақ кезде бір айтатынымыздай, орыстың дворян қызына қаспақ қырғызады. Қаймақ еді көңілімде, Бізге қаспақ болды жем, — дегізеді. М.Әу. * Ол түн жамылып жат елге бағыт алғандардың көшіне ілесу. Жаның қиналып, жүрегің жараланса да туған жеріңді талақ ету. О.Көш. * Теріс айналып, шөкті де қалды шал байғұс, Талақ етті де бүгіні менен өткенін… М.Мақ. * Қазірден бастап өзге тірлікті талақ етіп, бүтіндей басқа бағытта өмір сүретіндей сезіндім. Т.Әбд.
ТАЛАБЫ ТАУ ЖЫҒАРДАЙ
Алдына қойған мақсаты зор. ~ Иә, иә… Өмір иін түсірмеген қайран жастық. Жолың даңғыл. Алдыңда бөгет болар бұдыр жоқ сияқты-ау саған. Талабың тау жығардай боп еркін сермеп, жүретін албырт кезің. Т.Ахт.
ТАЛАҚ ТАСТАДЫ
Әйелін тастады, ажырасты. ~ Шаруамды шайқар жайым жоқ. — Талақ тастаса қайтесің? — Ха-ха! Артына қарасын! — Қарамаса шы? — Мейлі, өз обалы өзіне. Оған күйсе, маған пісті. Ж.Нәж.
ТАЛАБЫ ТАУДАЙ
Алдына қойған мақсаты зор, ынта-жігері мол. ~ Ұлының аты Киікбай, Талабы таудай бикті-ай. Киікбай атқа мінгенде, Көп Қыпшаққа күн туар, Қызылбасқа түн туар. "ҚҚҚ". ~ Бірақ өздерінде от көп. Тіпті жасымайды. Аштық, жалаңаштық, жоқшылық ойына келмейді. Әр талапты адам осылар сияқты, болуы керек. Мына Боранқұлдар тәрізді болса… шіркін жарлының жасады, талабы таудай, бірақ, бағы жоқ… бағы жоқ…» І.Жанс. ~ Қайнаған өмірдің ортасынан келіп отыр. Әрине, мәдени ортадан жырақ, үнемі қарбалас жұмыспен жүрген адамның қарайып қалатыны рас. Әйткенмен талабы таудай көрінеді, ғылым жолын қусам дейді. Т.Сәу. ~ Сол айтқандай-ақ, әлгідей патшаларды көруге біріншіден алла тағала себепші болды деп ойлаймын. Екіншіден: кішкентайынан талабы таудай, әлгі айтқан өзімшілдігі бір басына жетерлік жазушы баламның арқасы. Д.Дос.
