Тырп етпеді. ~ Жапан даладан дарыған жайбарақаттығымызға басып, біз тіс жарып, тұяқ қимылдатпасақ та, басқа ағайындар Шоқан туралы ұдайы ерте толғанады. Әсіресе, ата көршіміз — орыс жұрты мен қырғыздар оны ертерек қолға алады. С.Ақт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТЫЗАҚ ҚАҚТЫ
Тыным таппай безектеді. ~ Қарттың көзіне біз мұндай хикаяны түсіну былай тұрсын, тыңдаудың өзіне құлықсыз, салқын, тіпті, татымсыз көрінетін сықылдымыз. Мен серігіме жалтақтаймын. Ол міз бақпайды. Әңгімеші одан бетер тызақ қағады. Ж.Нәж. ~ Күйеуі ышқына айқай салды. Ас үйде еріне ауқат әзірлеп жүрген әйелі «қазір, қазір!» деп, тызақ қақты. Үнінен бұрын төбесі де көрінді.Ә.Ыб.
ТҰЯҚ СЕРІППЕДІ
Еш әрекет жасап, амал қылмады, саусақ қимылдатпады. ~ Тақаулы тамағында өткір пышақ, Тек жатыр тұяқ серіппей сонда да аңсыз. Тыңдамас, сөзге түспес, ырыққа көнбес, Болды ма қайран қазақ тастай жансыз? М.Жұм. *…Ақ боз үйлі ауылдан келген адамдар да осы тойды өзімсініп, жатпен бірге жат болмайық дегендей, бірі онысын, бірі мұнысын істескен болып жатыр. Бірсыпыра сыпайылары отырған орыннан тұяқ серіппей, қолғабысты ауызбен ғана беріп … Б.Майл. ~ Бадырақ ішіп жіберіп «Жеңгем сыйлап берген соң ішіме сыйса жарады», — деп, амалсыз алған сыңайсып, қымыз бетіндегі қара келтек қылшықты сүйелді саусағымен іліп тастап, тартып жіберген. Өзге жан тұяқ серіппейді. Жалғыз-ақ қойшы мен тоқалдың көз жанарлары ойнай айқасып, әзілге әзіл жарасып отыр. І.Жанс. ~ Байлар не өзін, не сыбайластарын ауыл Советке өткізуге тырысып, жанталасып жатқанда ол тұяқ серіппеді. Б.Тоғ. * Әйтсе де Қуан ойы мұнан әрі тұяқ серіппеді. «Мен неге Артемдей елге жайлы, сыйлы емеспін»,- демеді. Оның кішіге «қарақ» деп тұратыны, үлкенге «ағасы», қатарқұрбысына «ау, тамыр»,- дейтіндей жылы сөзі көп-тін. М.Сүн. * Ендігі күтері — өлім ғана. Тұяқ серіппей, тағдыр — талайына үнсіз мойынсұнып, келер күннің келер ұрпағына жетер — жетпес әлсіз арызының өтеуіндей ғып есімін ғана қалдырып, бұл фәниден өтуі, жарық жалғаннан жоғалуы керек — ау. С.См.
ТЫЙЫМ БЕРДІ
Әлдебір істен сақтандырды, тыйым салды. ~ Қиқулаған қалың қол, құйын дерсің, Қайтып оған шағын жұрт тыйым берсін, Тозған жұртты топырлап, тапап кетті, Қатыгез жау қайсыбір бұйым көрсін. М.Мақ. ~ Үлкен сөзіне елден бұрын жауап айтып қала жаздап отырғанын Керімбек ағат көріп, бір-екі қайта баласына көзімен тыйым береді. Ж.Ахм.
ТҰЯҚ СЕРІППЕЙ ҰЙЫҚТАДЫ
Қалың ұйқыға кетті. ~ Бұл жақтың Айы басқа ма деймін. Сөйтіп жатып, қалжырасам керек, тұяқ серіппей ұйықтап қалыппын. Түсімде Тәңіртаудың бір бүйірін Жуанқұл мен Тасбет үңгілеп жатыр екен деймін. Ш.Мұр. ~ Таң сәріде келген Халел күн көтерілгенше тұяқ серіппей қатып ұйықтап жатыр еді, бетіне мұздай су тигендей тітіркеніп көзін ашып алды. С.Жүн. ~ Талма түстің шағында меңіреу далаға талықсып келіп жығылған босқынды көштей тұяқ серіппей ұйқтаған жетім ауыл маған ұлы таудың пұшпағына жабысқан ұлудай жиырылып, жымырайып, шөгіп бара жатқандай көрінді. Қ.Ысқ. ~ Мұнан кейін екеуі де ұзақты күнге тұяқ серіппей жатып ұйықтады. С.Мұр. ~ Екі күн, екі түн алалы үйірдің соңында аттан түспеген жылқышылар дүйсенбі күні кең қақты көктей өтіп, ауылға кеп жығылды. Жылқы жайлауға оралған. Тұяқ серіппей ұйықтапты. С.Сағ. * — Мен үш күн тұяқ серіппей ұйықтап, ұйқымды әбден қандырған кісімін. Ә.Асқ. * Ағыл-тегіл терлеп, әбден сілесі қатып, қолды-аяққа тұрмай есі шығып, кірпігі әлең-әрең қимылдайтындай боп шаршаса, есесіне түнге қарай тұяқ серіппей қатып ұйықтайды. Қ.Жиен.
ТҰМСЫҚТЫҒА ШОҚЫТПАДЫ, АЗУЛЫҒА АЛДЫРМАДЫ
Ешкімге намысын берген емес. * … аз өмірін сал-серілікпен өткізген, тұмсықтыға шоқытпай, азулыға алдырмай дүниені баз кешкен нар жігіттің осылайша өлімге душар болуы Әкімбектің жүрегін сыздатып, денесін тітіркендірді. Б.Тоғ.
ТҰРМЫС ҚАМЫТЫН КИДІ (МОЙНЫНА ІЛДІ)
Күделікті өмірдің қажетін өтеумен күні өтті. ~ Жалғыз әйелдер ғана емес, қазақтың жап-жас қаракөз қыздары да тұрмыстың ауыр қамытын киіп жүр. С.Досан. ~ Біреуден кейін, біреуден ілгері ілбіген біздің үйдің көшін алға тартып, тірлік тұрмыс қамытын мойнына жалғыз іліп, өлермен өгіздей өрге сүйреп, бар қажыр- қайратын жұмсап, жастық жалынын, күш- жігерін аянбай жеккен апам жүрді алда. Ү.Жәл.
ТҰТТАЙ (ТҰТ) ЖАЛАҢАШ
Үсті-басында түк жоқ; киім атаулыдан ада. * – Қа-қалай?!! – Қосымханның жас жуған түймедей көздері шақырайып шарасынан шығып барады. – Тұттай жалаңаш шешіндірді емес пе, аналар қалтаңнан алмап па, әлде кабинаның бір жеріне жасырып па едің? Т.Сәук. * Содан да шығар, дүние бей-берекет, бардың өзі ұқсамайды. Анау Бимендінің балалары тұттай жалаңаш. Ал қой дегенің отар-отар болып мыңғырып босқа жатыр. К.Қазыб. * — Сол жетімекті асыраймын деп арқа етім арша, борбай етім борша боп жүрмін. Қанша шарқ ұрсам да, шөлкиім жамалатын сұры жоқ. Мына өмірден тұттай жалаңаш өтетін секілдімін… Ж.Шағ. ~ «Енді маған есемді қайтар», — дейді. Атасының басы! Он жыл баққан қойын бұлдағанда, ішкен асын, киген киімін есепке алмайды екен ғой! Тұт жалаңаш жүргенде басына пана тұрғызып берген де Әкімбек емес пе еді? «Бұлар қан сорғыш сүліктер!» деп көкіді-ау! Көрсетермін қалай қан сорғанды! Б.Тоғ.
ТҰНЖЫР ҚАБАҚ
Көңілсіз, жабырқау. ~ Салақ әйел сыққан кірдей, қара бұлттың етегінен жаңбыр сілбіреген күздің тұнжыр қабақ күні еді. Қосымхан емтихан тапсыруға кеткен әулие-әнбиелерге сыйынып. Т.Сәу. ~ Қаланың муниципалитіне қарасты көше сыпырушылар, қоқыс тазалаушылар жалақыға риза болмай, ереуіл үстінде. Муниципалитет өкілдері бүгін таңертең тұнжыр қабақ, шалбар бет, ауру адамдай бір бейшараларды тауып әкеліп еді, ереуіл жасаушылар жолатпай қуып тастапты. М.Қаб.
ТҰРМЫС ҚҰРДЫ
Тіршілік жасап, күнін көрді. ~ Біздің қатарымыз әлі де болса өнердің де, білімнің де қалада екенін білмейді. Қалаға барса тұрмыс құра алмайтындай көреді. Үркеді. М.Сүн. ~ Біз колхозсыз өмір сүрудің тұрмыс құрудың, әсіресе мәдениетті тұрудың мүмкін еместігін әбден ұқтырған сияқтымыз. Бұл үлкен жеңіс. С.Бақ. Үйленді, үй болды. ~ Әскери тәртіпке пісіп алған Мұқаметқали, жәй қызмет үстінде де сол жүріс-тұрысын бұлжытпайтын: — Мен әлі үйленіп тұрмыс құрғаным жоқ. Оны жақсы білесін. Менің шешемнің, ағамның ойларын да білесің. Олар — әкең атастырған қалыңдығын бар, соны ал» деп мазалайды. С.Бег. ~ «Әке балаға сыншы» депті ғой. Маған дегенде ықыласы бөлек еді. Тұрмыс құрғасын әкем маған: «Баламның алды, тұла бойы тұңғышым едің. Саған мына қоңыр іңгеннің ішіндегі ботаны енші қылдым» — деді. Ү.Жәл. ~ Кеңестік тәртіп те, өмірдің ыңғайы да оларды қалыпты арнаға түсіре бастады. Жергілікті орыстың жастарымен үйленіп, тұрмыс құрып, біртіндеп қан араласып кетті. Ә.Асқ.
