Home » Page 236
Posted in

ТАЛАБЫН ЖЕР ҚЫЛДЫ

Абзал ой-ниетін, игі талпынысын қорлады. ~ Ырғызбайдың осындай көпшілігі бас қосқан кеңесінде Зере сөйледі: – Байлауын байладың. Енді, түге, жат жиынның алдында жас балаларымның жақсы талабын жер қылмаңдар. Өліге еткен қызметтен бастарың кішіреймес. Араз-құразды ұмытыңдар адам болсаң! Тірісінде алғыс алмасаң, енді тым құрыса, өлі аруағынан қарғыс алма. Балаларым мен келіндерім, сендер де төбеңмен жүр! Отымен кіріп, күлімен шық қонағының! М.Әу.

Posted in

ТАЛАБЫ ТАУДАЙ

Алдына қойған мақсаты зор, ынта-жігері мол. ~ Ұлының аты Киікбай, Талабы таудай бикті-ай. Киікбай атқа мінгенде, Көп Қыпшаққа күн туар, Қызылбасқа түн туар. "ҚҚҚ". ~ Бірақ өздерінде от көп. Тіпті жасымайды. Аштық, жалаңаштық, жоқшылық ойына келмейді. Әр талапты адам осылар сияқты, болуы керек. Мына Боранқұлдар тәрізді болса… шіркін жарлының жасады, талабы таудай, бірақ, бағы жоқ… бағы жоқ…» І.Жанс. ~ Қайнаған өмірдің ортасынан келіп отыр. Әрине, мәдени ортадан жырақ, үнемі қарбалас жұмыспен жүрген адамның қарайып қалатыны рас. Әйткенмен талабы таудай көрінеді, ғылым жолын қусам дейді. Т.Сәу. ~ Сол айтқандай-ақ, әлгідей патшаларды көруге біріншіден алла тағала себепші болды деп ойлаймын. Екіншіден: кішкентайынан талабы таудай, әлгі айтқан өзімшілдігі бір басына жетерлік жазушы баламның арқасы. Д.Дос.

Posted in

ТАЛАБЫ ТАУ ЖЫҒАРДАЙ

Алдына қойған мақсаты зор. ~ Иә, иә… Өмір иін түсірмеген қайран жастық. Жолың даңғыл. Алдыңда бөгет болар бұдыр жоқ сияқты-ау саған. Талабың тау жығардай боп еркін сермеп, жүретін албырт кезің. Т.Ахт.

Posted in

ТАЛАБЫ ТАС БОЛДЫ

Ойы жүзеге аспады. ~ … күзеген көк байталмен қалықтап келе жаткан Күнікейдің зығыры қайнайды. Тақымды бір қысып, қамшыны бір басып, шаба жөнелгісі келеді де —талабы тас болады. Ж.Айм.

Posted in

ТАЛ ШЫБЫҚТАЙ МАЙЫСТЫ

Сылаң қағып, сұлуланды; нәзік қимылдады. ~ Менің сенен сұрағым келеді: қарғамысың, көгершінбісің? Күлшені білесің, қаның қандай ыстық болса, онікі де сондай ыстық. Ол саған жауап та бермей, мойынын да бұрмай кетті ғой; онысы бекер; оны мен білемін, саған сүюге оңай болсын дегені. Бірақ сен тал шыбықтай майысуың керек, әйтпесе сені жел сындырады, сен шаңға, батпаққа батасың. Жыланнан ақыл күткенше желге қайысқан артық. Ж.Айм. ~ Менің еркем кем бе екен! — Жеңгесі бұны айтқанда көктемгі тал шыбықтай майысады. Ж.Нәж. ~ Аралбайдың қоқан- лоқысына Күлжекей қалай көне қалды? Жігіт басымен Қасболаттың өзі жау алдында неге тізе бүкті? Осы бір өткен істің өкінішін ойлағанда Қасболат тал шыбықтай майыса беріп еді. С.Ом. ~ Мына сөз ашық аспанда күн күркірегендей аса жайсыз әсер етті. Есік қапталында тал шыбықтай майысқан Жансаяның жүзін жас жуып кетті. Д.Дос. ~ Қолын бойжеткен алдынан тартып алып, шалқасынан жатқан күйінше оң бүйіріне аунап, тұруға қам жасады. Әсем бұратыла иіліп, жігітті қаусыра құшақтап, түрегеліп, кеудесін тіктеді. Белі жел өтіндегі тал шыбықтай майысады. Д.Дос.

Posted in

ТАЛ ШЫБЫҚТАЙ БҰРАЛДЫ

Назды, епті, нәзік қимылдары көздің жауын алды. ~ Биғанша марқұм мезгілсіз өліп кетті: жасы жиырманың үшеуінде еді. Екі беті алмадай, көзі мөп-мөлдір қара, тал шыбықтай бұралған таңдаулы сұлудың езі еді. Б.Май. ~ Ол сені сағынды, Айғаным осы күні тал шыбықтай бұралып, бота көзі жаудырап, қасы қиылып, қара шашы толқынданып, шолпысын сылдырлатып кіріп- шығып дамыл таппай жүр… М.Дәул. ~ Есік алдында тал шыбықтай бұралып, көзі жалт- жұлт еткен қара торы қыз бала қазан асып жүр. Б.Тоғ. ~ Хансұлу — Әзбергеннің қарындасы. Пахраддиннің маңдайына біткен жалғыз қызы. Тал шыбықтай бұралып бойжетіп қалған бүгінде. С.Елу.

Posted in

ТАЛ ҚАРМАДЫ

Аман қалу үшін жанын салып тырмысты. ~ Тіршіліктің сарсаң сергелдеңінен сезім пырағы да шығандай бастаған заманда тек Мұқағали сынды табиғаттай жан тазалығын тал қармап жүріп тағылым етер тау тұлғаларға ғана осылай сүю, осылай сағыну бақыты бұйырмақ. Ал азаматтық, адамгершілік деген ұғымдардың өзінде өрелі ой, биік сезім, жан мөлдірлігінен өрілетін болса керек. Ф.Оңғ. ~ Артық болмаса — әлгі тақуалар жарық дүниеден тістей қатып неғып кеткісі жоқ. Суға кетіп бара жатқан адамға ұқсап тал қармап, өлмеуді ойлап дәрігір жағалап жүгіріп жүргені. Д.Дос. ~ "О кэй!- деп әуеледі капитан.- Америка — техниканың елі. Шофер атаулыны біз төбемізге көтеріп қарсы аламыз". "Жо-жоқ, сіз сәл аялдаңыз, мен әлі де қабырғаммен кеңесейін",- деймін тал қармап. М.Қаб. ~ Мұнысы тал қармаған жанның дәрменсіз қоқан- лоқысы, өзіне айтқан жұбатуы екенін өзі де іштей сезетін. Ә.Асқ.

Posted in

ТАЛ БОЙЫНДА ТАРЫДАЙ (ИНЕ ЖАСУЫНДАЙ) МІНІ ЖОҚ

Сымбатты, дене мүсіні мінсіз, әдемі. ~ Ойхой, орыстың қыздарының санын көрсең ғой. Жарқыраған бота тірсек, құлын мүсін. Тал бойында тарыдай мін жоқ дерлік. Ж.Шәк. ~ Қалай ғана байқамай келген, он екі жыл қойнында жатқан Қамқа әлемдегі ең әдемі әйелдердің бірінен екен- ау, тал бойында тарыдай мін жоқ, нағыз сүмбіле сұлудың өзі. О.Бөк. ~ Талдырмаш денесі мен тал бойында тарыдай мін жоқ. Шиедей үлбіреген екі ерін жұқа да, қалың да емес. С.Дос. ~ Майраның тал бойында ине жасуындай бір мін болса, ол оның мұрнында. Мұрны сәл тампыштау. Бірақ ол да мін емес. Б.Соқ.

Posted in

ТАЛ БОЙЫНДА ҚЫРЫМ АРАМ (АРТЫҚ БІТКЕН СЫЛЫМ) ЕТІ ЖОҚ

Тұла бойында қырып аларлық та еті жоқ, денесі тарамыстай,, арық. ~ Шаршы ғана аласа бойлы, тал бойында қырым арам еті жоқ, қаршығадай сары жігітке сүйіп қосылды. Ү.Жәл. ~ ~ Бұрын керген адамым емес. Аққұбаның әдемісі. Тал бойында артық біткен бір сылым ет жоқ, таң асырған жарау аттай жұп-жұмыр, жеп-жеңіл, жып-жинақы. К.Қаз.

Posted in

ТАЛ БОЙЫНДА (БІР) МІН ЖОҚ

Бүкіл бойынан кемшілік таппайсың. ~ Жұрттан асқан шеберді іздеткенде ханның бір бегі тұтқын арабты жіберді. Тал бойында бір міні жоқ, сүйріктей қара торы жігіт шатырға кіріп келіп іркілмей бас иді. Ж.Айм. ~ Асылы, сұлулық, шіркін, тек әйелге ғана емес, есебін тапса еркекке де жарасады екен– ау! Солай! Мәліктің тал бойында мін жоқ. З.Қаб. ~ Тәңірім– ау, мұндай да адам баласы жаратылады екен! Тал бойында бір міні жоқ. Қ.Жұм.