Home » Page 246
Posted in

ТАЙДАЙ ТАЛ ТҮСТЕ

Шаңқай түсте, күн тас төбеге көтерілген уақытта; қалың жұрттың көзінше д.м. ~ — Бірақ бүгін маған аял бер. Ертеңгі күннің таңы атсын! Тайдай тал түсте адал неке, ақ жолмен қосылайық. Бұл жер аса адалдықты ұнатады. Иненің көзіндей арамдыққа (арамдықға) басуға жол жоқ. М.Ж.Көп. * … боран-шашыныңа, ашық-жабығыңа, күн-түніңе де қарамайды, кейде тайдай тал түсте неше жылғы ту биелеріңді алып ұрып жәукемдеп, жылқышылар қиқуды салып қуғанша нағыз шиманды үлпершек майын қалпынша қылғытып тайып отырады. С.Жүн. * Енді жалғыз үйлі Сарыдан шығып, Қозыбақтың ту биесін тайдай тал түсте әкеліп, сойып алып отырған Бақтығұлдан жұрттың жаласы айырылмайды. М.Әу.

Posted in

ТАЙҒА ТАҢБА БАСҚАНДАЙ

Белгілі, айдан айқын, күмәнсіз д.м. ~ Қайда, нелер істеліп жатқаның сол өндірістің бас инженері Хищук жолдас, тайға таңба басқандай ап-айқын ғып алақаныңа қондырып береді. С.Мұқ. * Сәлім етігінің сыртынан киген қалың киізден тігілген шұлығын шешкенде саптамасының өкшесі шойқиған жыртық тесігі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ә.Шәр. * Төкті ғой сөз гауһарын, жыр жауһарын, Сүрінбес су жорғадай тіл мен жағым», – деп Ақанның кім екенін тайға таңба басқандай айқын келтіріпті. К.Сал. ~ — Қайдағы уариант, сен де көкиді екенсің. Бос сөздің қажеті жоқ. Ұрлаған басқа емес, Хасен маскүнем екені тайға таңба басқандай. Оған арақ керек, ал арақ ішу үшін ақша қажет. С.Им. ~ Тайға таңба басқандай көкірегімізде сайрап тұрған ойды да бүкпесіз, ашық әрі қарапайым тілмен жеріне жеткізе айта алмаймыз. Қ.Жиен.

Posted in

ТАЙ ШАПТЫРЫМ ЖЕР

Тай бәйгесіне лайық, пәлендей алыс емес қашықтық. ~ Атаған кісілерімен оқшауланып бөлініп алып, бір топ салт атты ымырт жабыла бергенде Оспан қорасынан тай шаптырым жердегі кәрі әруақ — Кеңгірбайдың биік, шошақ моласына келіп, ат тұмсықтарын тіресті. М.Әу. ~ Шолпанның бауырында күнұзын Тәкежанның баласы мен жылқышылары мал үшін қырқысқан күні, сол Шолпаннан тай шаптырым жерде, Ақшоқыда, Абайдың іні-достары Лермонтовқа айрықша шұғылданып жатқан-ды. М.Әу. * – Іргелес отырған үйдің қашқанын білмейсіңдер ме!.. Қайда кетті? – Ие, қайдан білейік тай шаптырым жерден! Ұрлығы шығып, айдағалы ат ізін салған кім бар екен ол үйге. Қ.Шабд. * Ауыл орныққан аймақ — тай шаптырым жер — желден, бораннан ықтасын, күнес ойпаң. М.Мағ.

Posted in

ТАЙ ТҰЯҚ ЖАМБЫ

Пішіні мен көлемі тайдың тұяғына сай келетін алтын не күміс жамбы, яғни ақшаның орнына жүретін құнды зат. ~ — Шырақтарым, хан бізге жеті атасынан келе жатқан қорығын берген болса, бұрынғының сөзі бар еді: «Хан қарашасына қайыр қылса, қараша ханға сый қылады» деген. Ханға бәйге ат бастатқан тоғыз, қара кілем, қара нар, тай-тұяқ жамбы, өзгелерге ат, шапан жол беріп сыйла! — депті. ҚАӘ. ~ Кәзіргі қала деп жүрген Отырар, Сығанақ, Сауран, тағы басқа да қорымдар ол кезде бекініс болатын, солардың бәрінде ирандықтар мен солардың итаршылары отырды да халықты теспей сорып, тай тұяқ, қой тұяқ алтын мен күміс жинады, жыл сайын екі мезгіл салық салып тұрды. (Солардың ішіндегі ең озбыры да, қатыгезі де Мұхамед-шах еді). Қ.Ысқ. ~ Түркістан датқасынан қалап алған тайтұяқ жамбы Алшынбайдың ашуын басуға, араға жүрген мешкей билерге жұмсалды… Өл деймісің енді… Д.Дос. ~ Осы сөзді естіген Батпа Құнанбайға арыз айтып ата-баласынан жер еншісін бұйыртып алмақ болып дайындалады. Арыз айта барғанда құралақан бармайын, ол кісіге сыйға тартар бұлғын ішік, тай тұяқ жамбым жоқ, тек қол өнерімнен ырым апарайын, — деп бір қанат ши орайды. С.Бег.

Posted in

ТАЙ ТҰЯҚ

1.Үлкендігі тайдың тұяғындай кесек алтын, күміс. ~ Толғамбай ақын Сүлейменнің туған- туыстарына көңіл айтып, тоқтатып, су құйып, беті-қолдарын жуып, дастархан жайып, Құран оқиды. Дастарханға бір тай тұяқ тастайды Маманның алдына әкеліп. (Zharar.kz.) ~ Бөкеннің даулайтыны кісі құны, Икемге ап Сұлтан отыр енді мұны. Дәрігердің қалтасына тай — тұяқ сап, Аузын тығындады,— шықпас үні. Кенен. ~ Қозыдай қауын, қарбыз көгендегі, Тай тұяқ алма күміс төбеңдегі, Қол жайғыш бая қуып тақыс шалдың Ұстады қойын, тонын шегелдегі. І.Жанс. ~ Тұлпардың аунағаны туған жерің, Биеден туа бермес сендей құлын. Жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тайтұяқ, Бір жолда әперіп ең ердің құнын. Ақан сері. ~ Жабырқап жаным сағынды, Шалқысын шабыт-дариям. Сымбатың сыбдыр қағатын, Бозбалақ бала қайыңдай. Келбетің көпке жағатын, Тай тұяқ туған айымдай. М.Раш. 2. Ат тұяғынан жасалатын қазақ халқының музыкалық аспабы. ~ Тай-тұяқтың 3 түрі дүкенімізде сатылады. Тай-тұяқ аспабы оркестр және ансамбльдерде аттың шабысын келтіретін ырғақты аспап ретінде қолданылады. БАҚ.

Posted in

ТАЙ ҚЫМЫЗ

Қатты ашымаған жұмсақ қымыз; сүт құйғаннан кейінгі екінші күнгі қымыз. ~ Бүгінде ақ қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, кәрі қымыз, күздік қымыз, қою қымыз, сіргежияр қымыз, тай қымыз, тосап қымыз, түнемел қымыз дейтін қымыздың түрлерін қайсымыз ішіп жүрміз? Д.Төл.

Posted in

ТАЙ-ҚҰЛЫНДАЙ ТЕБІСІП ӨСТІ

Ойнап-күліп, қатар өскен тетелес балалар туралы. ~"Е…е… бәсе, бала кезімнен тай-құлындай тебісіп өскен Қанатты көргенде, бір жасап қалмадым ба? Әрі ол мені атажұртқа алып кетпекші болып, дәмелендіріп тастады емес пе? Қуанышта ішкен шарапқа не жетсін! Қасіретті де, ащыны да жеңетін көңіл екен-ау! Т.Рыск. ~ Апамның ойы осындай болғанын мен кейін түсіндім. Төрт жасымнан бірге өскен, тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарды қиып кету қандай қиын болса да, қырық жетінші жылдың жазында Іле бойына — Бақанасқа жол жүруіме тура келді… Б.Тоғ. ~ Тай құлындай тебіскен жора-жолдастарымның ақымақ әрі күлкілі істері уайымсыз да, бейкүнә балалық шағымды есіме түсіртеді. Н.Бөл.

Posted in

ТАЗЫНЫҢ ҚҰЙРЫҒЫНДАЙ

Жіп-жіңішке, тығыршықтай. ~ Мұртын тазының құйры-ғын-дай ширатқан, шашын енесі жалаған бұзаудай тарап, жылтыратқан, ақ киімді дәрігер де матүшкелерге орысшалап, ауру жатқан үйлерді нұсқап, бірдеңе тапсырып жүр. Ж.Айм. ~ Әңгіме қыза келе, кім не болатындығын да айтысты. Қайырбек дейтін мұртын тазының құйрығындай шығыршықтаған, қыр мұрынды, бұқа көз, шүйдесі тоқпақтай балуан денелі жігіт: «Мен крестиянский нашалнік болам», — деді (онда патша заманы еді); иір қара, салпауыз Сарбасов: «Мен енженер болам» деді. Тышқан көз, ашаңдау сымсың қара: «Мен төре болмаймын, атбекет болып, қазаққа қызмет етем» деді. Ж.Айм.

Posted in

ТАЗЫ ҚУҒАН ТҮЛКІ

Қатты қорқу, абыржу, сасқалақтау туралы.~ Табанға салды. Талауға түсірді. Тазы қуған түлкі етті. Күлкі етті. Қаратауға Сүйеніп жылап ем – Қайғымнан! – Қаратау шөгіп кетті. Алтай тауға Сүйеніп жылап ем – Қасіретімнен! – Алтай таудың мұң-зары Кеудесін керіп кетті. Т.Мед. ~ Жаңағы ұры жол бұлар баратын жерге жақындаған сайын құдды тазы қуған түлкінің құйрығындай олай бір, бұлай бір бұлтақтап ойға түсті, қырға шықты… Ә.Нұрп. ~ «Сарыарқа» – басынан бір-ақ күнде ғана ауа салған бұлағай шағының жастық көңілі мен ыстық жігерінің сарығы. Сарғыш тартқан көңілінің ғұмыр сорабы. Базбіреулердің тазы қуған түлкідей жініктірген дыздақ шертісін емес, күй қағаны Қали Жантілеуовтың көне үнтаспасына мұхият назар салып тыңдар болсаңыз, мұның бәрін түгелдей тұптұнық түсінер едіңіз. Ы.Ож.

Posted in

ТАЗЫ ҚУҒАН ҚОЯНДАЙ

Жаны шығардай қорықты, сасқалақтап, абыржыды. ~ Өкпешілін қайтейін, Тарпаң тайдай қылтындап; Бәтуасын қайтейін, Тазы ит қуған қояндай Қаққанша қабақ бұлтындап; Келемеж қылып біреуді, Сыртынан күліп жыртындап; Бетпе-бет келсе, сөз таппай, Самайы терлеп мыңқылдап, Жат жұрт түгіл, әуелі Қадірі кетті қазаққа. Д.Бабатайұлы. ~ Артынша палатаның есігі айқара ашылып кетті де, қүдды тазы қуған қояндай ентігіп Раушан жеңгей кіріп келді. Н.Кел.