Болашағы бар. ~ Арыстанның бостекі мақтанбайтын сыпайы, сері мінезі алабөтен. «Жұлдызы жанып тұрса – тегін адам еместігі шығар, үш тілде еркін сөйлейді, компьютердің құлағында ойнайды, тіфә, тіфә, тіл–көзден аман болса бір жерден шығады деп ойлаймын». Д.Дос.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ЖЕҢНЕН ҚОЛ, БІР ЖАҒАДАН БАС ШЫҒАРДЫ
Ауыз бірлік танытты, бір адамдай жұмылды. ~ Адымыңды алысқа салудың орнына сен тізгініңді қысқа ұстайсың. Ең болмаса төңірегіңдегі тобырдың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанын көре алмай отырып хан болмақсың. Б.Қыд. ~ Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ қана ел болып, ірге көтеріп кете аламыз. Ә.Кек. ~ Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел болуға бәріде қарсы емес, бірақ кімнің қолы… Билер сол даудың ұшығына шыға алмай, түннің бір уағына шейін ырғасты… З.Шүк.
БІР ЖЕҢІ БОС ЖАТЫР
Еркін, алаңсыз. * Оның үстiне жаңа қожайынның тiлiн тез тауып, айналасына үйiрiле қалған аталастары да жауға оңай бере қоймас. Ендеше, Шықаңның бiр жеңi бос жатпай қайтсiн. Т.Сәу.
БІР ЖАСАП, ЕКІ ЖАСАП
Біртіндеп, ақырындап. ~ Пұл құрап, киім түзеп, қарны тойған, Қағазға өрнек жасап, сурет ойған. Құдайым кешіктірмей бір ұл беріп, Молдалар оның атын Әзім қойған. Бір жасап, екі жасап, Әзім өсті, Сонан соң медресеге барып түсті. Абай.
БІР ЖАСАДЫ (ЖАСАП ҚАЛДЫ)
Қуанып, көңіл көтеріп, рахатқа батқандай сергіп қалды. ~ Қолдарына әдемі қарындаш, дәптер тиген соң балалар жайнаңдап, бір жасап қалды. Бірі артық, бірі кем емес. С.Ом. ~ Көңілі жарымжан боп, өзін далаға тастаған шіріген жұмыртқаға балап, қайғы жұтып жүрген Ақбөпе бүкіл үй іші көшіп келгендей қуанып, бір жасады. С.Жүн. ~ Охо, Әсел бәріміз «Ақ серек, көк серек», «төрт тас», «қуаласпақ», «қашпа доп» секілді неше түрлі ойын ойнап, бір жасап қалдық. Қ.Әбілх. ~ – Бәсе деймін– ау, мен ойлаған, менің қиялымдағы Демежан осындай болса керек еді! Ақын қиялы алдамаған екен… Арыстан сынды ағамызға құшағым толып, бір жасап қалдым– ау! — деп алғашқы әсерін ірікпей айтып салды. Қ.Жұм.
БІР ЖАПЫРАҚ НАН
Кішкентай ғана, жұғым болмайтындай. ~ Шай деген аты, әйтпесе түсі өзгерген жылы су. Жанында бір жапырақ қара наны бар. Оны тез алдым. Б.Қыд. ~ Көрші үйдің алдында, неге екені белгісіз, жұрт топталып тұр. Біз жылдамдатып өте шықтық. Жолай әжемнен ұққаным: «көрші үйде бір жапырақ нан үшін адамды тамақтап өлтіріп кетіпті». Б.Мом. ~ Бұл «әйтеуір өлмей отырмыз ғой, бір жапырақ нанды талғажау қылып, өлмей отырмыз. Бір жапырақ етке анда-санда аузымыз тиіп…» дейді. Ж.Баб.
БІР ЖАПЫРАҚ
Қылдай ғана, жұп-жұқа, бір жұлым. * Денесінде бір жапырақ арам ет жоқ, тамырлары білем-білем боп шодыраюын қарашы. С.Жүн. * Көйлек етегін шалбардың ішіне жіберген. Шекесіне тартқан бір жапырақ қызыл шаршысы болмаса, сұңғақ бойлы, үлкен қоңыр қой көзді әдемі боз жігіттің өзі. С.Елу. ~ — Уа, тақсыр, біз енді бір жапырақ қағазымызды жаздыру үшін, көз алдымызда бұл құсаған хат білер туысқанымыз тұрып, басқа қайда шаппақпыз?! Ж.Ахм.
БІР ЖАНЫП (ЫСЫП), БІР СУЫНДЫ
Қатты қобалжып, жүрегі алып ұшты. ~ Ол да түрегеліп, тізерлеп отырды. Тұла бойы қалтырап бір жанып, бір суынады. Дірілдеген саусақтары икемге келер емес. М.Қаб. ~ Мына бала жігіттің сөзі Еламанның өзін де үйіріп әкетті. Кеше жиырма алты жігіттің жау кескілеген қан–қан денесін көргенде де бұның тұла бойы дәл осылай бір ысып, бір суынып еді. Ә.Нұрп.
БІР ЖАМБАСТАДЫ
Бір жағына аударылып отырды, жатты, қисайды. * Бөліп-бөліп алған мал көшкен бұлттай, жыртыла айырылып ұзай бергенде, алдыңғы аяғын соза тастап, басын тізесіне салып шірене тұрған торы айғырдың үстінде бір жамбастаған Нұртаза да тебініп қалып, қасындағы екі-үш шонжарымен жөнеле берді. С.Жүн. * Самалдап, бір жамбастап жатарсың тек, Ырысқа орап қойып төңіректі. М.Мақ. * Ұзақ отырысқа белі ұйи бастаған денесі ауыр Батыраш бір жамбастай қисая түскен. С.Жүн.
БІР ЖАҚТЫ ҚЫЛДЫ
Әлдебір істі тындырды. ~ «Сен дайындал. Әуелі тездетіп ЖШС-ы құр, есепшот аш. Құрылысты салатын мердігерлерді ізде, тап, келісе бер. Соларды бір жақты қылған күні кел, маған. Н.Дәу. ~ Бұл кезде оның да өтетін күні әне-міне-леп қалған. Айтылған нұсқауды табанынан тозып жүріп, бір жақты қылған соң, өкпесін қолына алып, көршіге қайта келген. Н.Дәу.
