Біріне- бірі көмек, сүйеу, алданыш. ~ Табайынан айрылған Жүзік те, Жақсыбаладан айрылған Айгүн де жарым көңіл. Үш жесір бір сәт сөйлессе де бір-біріне сеп. Жағдайын білейін деп, бір күні Шәйі Жүзіктікіне барды. Б.Нұр. ~ Құдай жарылқағанда Еренсіз демеу. Бұл жасы қырықтардағы бітімі еркек тақылес, діні жуас, сөзі аз әйел еді. Шөпті екеулеп тиеп, бір-біріне сеп. Ара-кідік қол суытқанда басқадай әңгімесі жоқ Еренсіз күйеуін жоқтайды. Н.Дәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР-БІРІНЕ ҚАЙРАП САЛДЫ
Арандатты, арасына от салды. ~ Кезінде қызыл империялар (жүйеден кеңестік және қытайлық) қазақтарды басқаруда олардың рулық алауыздығын пайдаланып, бір-біріне қайрап салып отырған еді. Ж.Шәк.
БІЛСЕ — БАРЫМТА, БІЛМЕСЕ — СЫРЫМТА
Түсінсе — кегімді қайтарғаным, түсінбесе өзі білсін д.м. * Тегінде, бір жағынан ұрлық, «білсе барымта, білмесе сырымта» дегенге сүйей жүріп, жас шағында тынымсыз жортқан Оразбай осы күнгі көп малын өзі тапқан. М.Әу.
БІЛЕК СЫБАНДЫ
Әлдебір іске зор ынта, ықыласпен кірісті. ~ Ғылымға таман қайтқандай. Жыбырлатып тартқандай, Білімге салып тілекті, Сыбанып едім білекті. Шәк. ~ Бөрідей боп білек сыбанып кіріскенде, екі жағы да ашу-ыза мен тепкі соққы әсерінен жындары қозып, көздеріне қан толып кеткен еді. А.Алт. ~ Рас, біздің әлі үш маямыз басылып болған жоқ! Аналардан ол жағында кешең қалдық, — дегенде, Талпақ екі білегін сыбана беріп: — Ендеше, не бәсің бар? — деп қарқ-қарқ күлді. М.Әу.
БІЛЕК СОЗЫСТЫ
Алысып-жұлысты. * Еркектері қақтаған сүр ет секілді. Желкелерінен тұзы шығып жортып өтеді. Кіл көкпардың перілері деп Доскей тамсанады. Талай рет осылармен қамшы қағысқан, білек созысқан. Д.Дос.
БІЛЕК АРТТЫ
а) Сүйенді, арқау тұтты. * Ал, Сағымжолдың оңтүстігі түрлене құлпырып, кең өріс, бейбіт қонысты Ақжайлауға білек артатын. О.Бөк. ~ — Ағасы ұйғарса еш уақытта құлақ қаққан жан емеспін. Қаридары көп егін ғой — барсын. Өзің қалсаң… — деді. Ойланып қалдым. «Әлі баяғы бірбеткей өжеттігі: билеп-төстеп барады. Білек арта сөйлеуін — өзімсінеді-ау.» Т.-М.Ор.
ә) Жалғасты. * Қазір тамыз тамамданып, күзге білек артқан мезгілде әлгі қылығы мол, жуас самалдың демі қатқылданып, бой мұздатар суық желге айналыпты. О.Бөк.
БІЛЕК (ЖЕҢ) СЫБАНДЫ
Әлдебір іске сақадай сай тұрды. ~ … бәсекедегi бiрлi-жарым жiгiттiң жасы, бәйге шартында көрсетiлген шектеулi мөлшерден асып кеткен едi. Бiрақ, қалай екенi белгiсiз тайынбай, жең сыбана сынға қатысуда. Ә.Ыб.
БІЛЕГІ ТҮРУЛІ
Әлдебір іске ынталы, сақадай сай, дайын. ~ Сейтен ауылға жеткенше, кіммен сөйлессе де көңілі көтеріңкі, білегі түрулі ешкімді көре алмады. Ғ.Мүс.
БІЛГЕНІҢНЕН ҚАЛМА
Қолыңнан келсе, істе д.м. ~ Бір жақтағы Таманың өкіметі қалайынша жергілікті халықтан алады? Жүктерін жаймалап, бір түйесін босатып берсе, еш нәрсесі құрамайды ғой. Елге барғанда алады да, біз жеп кетпейміз, — деп едім ол: — Білгеніңнен қалма. Мен мейманымдікін алдыра алмаймын… — деп ірі кетті. Б.Мом.

