Жағымды жағы, бір жақсысы. * Соңдарынан әлдене сарын естілген. Бір сәт дыбыс иесі өкшелеп келіп қалыпты. Бұларға тұңғыш кезігіп тұрған мүлдем жаңа нәрсе. Бір тәуірі, жауға ұқсамайды. С.Ел. * Расих — башқұрт жігіті еді. Үстінде қазақы түйе жүн шекпен, басында төрт сайлы түлкі тымақ. Аяғында байпақты қара саптама. Өзге жігіттерден айырмасы шамалы. Бір тәуірі орысшаға жетік. Сұртайдың сөзін бұлжытпай аударып берді. С.См.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ТЕРІНІҢ ПҰШПАҒЫ
Ортақ жұмыс, мүдде-мақсат. * Назар тыңдаушысын таң қалдыра түскісі келгендей, ресми даусын өзгертпестен. – Барлық күш–жігер қазір партияның ұранын жүзеге асыруға арналып отыр. Ендеше, сенің де, менің де илеп отырғанымыз бір–ақ терінің пұшпағы. Т.Әбд.
БІР ТЕРІГЕ СЫЙМАЙДЫ
Үйлеспейді. ~ Ұйқың қанды ма, көнтр? – деп алая қарады. – Азап пен ұйқы бір теріге сыймайды. – Сәтсәлізмге жаулық ше? Ол сыяды теріңе, ә?! Н.Дәу.
БІР ТАРЫНЫҢ ҚАУЫЗЫНА СЫЙҒЫЗДЫ
Қырып-жойып, жаныштады, озбырлық көрсетті, басына әңгір таяқ ойнатты, ~ Он жетінші жылғы төңкерістен кейін екі жылдай аумалы-төкпелі заман болды ғой. Айғырдай азынап ақтар келді. Елді қырып-жойып бір тарының қауызына сыйғызды. Барғанынан келмесін, жатқан жерінен тұрмасын. Аты өшсін!.. С.Ом. ~ Дайрабай туыстарын сәскеге шейін күтті. Бір үйге кіреді, бір далаға шығады. Ауылдағы үлкен-кішіні бір тарының қауызына сыиғызып, бидайықтай қуырды. З.Шүк. ~ Әйтсе де сол жылы күзгі санақта әр жүз саулыққа 130 қозы ергізіп, көш бастап, Ленин орденімен наградталдым. Бірақ, қарақтарым, бастық біткеннің бәрін бір тарының қауызына сыйғызып, даттауға болмайды. Ж. Сәд.
БІР ТАЛ ТҮГІ ДЕ ҚИСАЙҒАН ЖОҚ
Ештеңесі кетпеді; ұпайы түгел. * Елемес: — Ақ жамбыларды алғанымды мойындасам билер мені бектерге төленетін айып-анжымен-ақ күйретіп кететін еді, айыптан аман қалған соң, бір тал түгім де қисайған жоқ. Ғ.Біләл
БІР ТАЙПА ЕЛ
Ру, ата жағынан жақын бір қауым ел. ~ Қошқардай бес ұл — тұңғышым жиырмада, кенжем он екіде — кімнің маңдайына тарлық қылғандай, бесеуім — бес терек, ертең-ақ бір тайпа ел болып кетеді. Ә.Тар. ~ Баяғы «жәркөлеш» Ждақай қазір бір тайпа елді аузына қаратқан бастық, мінеки. Мына жатқан кең дала, «Жана жол» ауыл — аймағымен, бота-тайлағымен енді Ждақайдың аузына қарайды. С.Ел. ~ Сарыбаевтың хабаршысының айтқан жобасымен түнделетіп жүріп отырып шөл жақ ішіндегі бір ауылға келдік. Ауыл бір тайпа елдің шеті екен. С.Бег. ~ Жүз елуден астам түтіннен құралған бір тайпа ел көп жылдан бері құнарсыз шөл далада өлмешінің күнін көріп келдік. С.Бег. ~ Қаратайдың аруағын арзандатып алып, Қаратаймыз деп бос күпінетін бүгінгі бір тайпа елге Шәкеңдер жетіспейтін сияқты. Қ.Ысқ.
БІР ТАБАНҒА ШЕЙІН
Біразға дейін. ~ Злиха бір табанға шейін болады, болмайды деп уәде берместен келсе де, нақ қашатын күні кешке Қоржынтай келіп, өлердегі сөзін айтып, уәдесін сұраған, нақ сол жерде неғып жеңілгенін езі де білмейді. Б.Май.
БІР ТАБАН ЖАҚЫН
Туыстығы не басқалай жақындығы молырақ. ~ — Кеше атаң Абылайды хан көтерген одан — әкең Уәліні ол өлген соң шешең — Айғанымды хан сайлаған Атығай менен Қарауыл еді, өзге рулардан бір табан саған жақын еді, сондықтан Есенейден гөрі сені жақын тұтып, бірінші рет саған сөйлесіп отырмын, — деп бастап, татулық әңгімесін айтып еді. С.Мұқ. * Бұлардың алғашқысы билікке бір табан жақын, соңғысы нағыз оппозициялық партия. С.Дос. * Сен басшыларға бір табан жақынсың ғой. Біз секілді шаруаның торысына өсек екеш өсек те өзек талдырып зорға жетеді. Осы әлгі бірінші хатшының өседі дегені рас па? Қ.Ысқ. * … сэр Эллиот орысша таза сөйлейді. Онысын орыс халқына езгелерден гөрі өзінің бір табан жақындығын танытатын туыстық белгісіндей көріп әрдайым пәш етіп жүреді. Ә.Нұрп. * Енді ана Құлыштың Тапалы мен Байдосын тарту керек артельге. Сіздер сөйлесіңіз, бір табан жақынсыз ғой. Х.Есен. ~ Сол күні пошташының түйесіне мінгесіп, бір табан жақын ғой деген оймен, ойдағы Жарбөгетке жетіп қалды. Т.Әбд.
БІР ТАБАН БОЛСА ДА
Аз да болса. ~ Не деп барамыз? Шешеме бір табан болса да жақын деп осында орналастық. Мен —
мектепке, ол колхозда. К.Қаз.
БІР СЫРЛЫ, СЕГІЗ ҚЫРЛЫ
Сан қырлы өнері бар, жігіттің сұлтаны. ~ Ac аяқталарда жігіт сыны боп, бір сырлы, сегіз қырлы» жігіттің сырттаны жүлдесін кіші жүздің бір жігіті алды. М.Әу. ~ Ау, осы сен келіншектердің арасынан шықпайсың, үйленейін деп жүргеннен саумысың. – Е, үйленсе несі бар. Мұндай жігітке кім қызын бермейді. Өзі әнші, өзі шаруақор, деген бір сырлы, сегіз қырлының өзі емес пе?! С.Жүн. ~ Қарақат, бүлдіргеннің бәрі пісіп, Сай– сайға қыз– келіншек жоғалғанда. Бір сырлы, сегіз қырлы бозбалалар Ғашығын іздеп табар со барғанда. Ә.Най.

