Ұқсас, бірін -бірінен ажырату қиын. ~ … автобус ішіндегі жаңқадай шашыраған жаңғырық аралас музыка да бір қолдан шыққандай ұқсас‚ барахолка базарынан сатып алынған әуесқой ансамбльдің кассетасы болатын. Қ.Түм. ~ Өмілдірігі, құйысқан, жүген, ноқтасы бір-ақ қолдан шыққан болса керек, бәрі қайыс таспадан өрілген. Б.Қыд. ~ Үшеуінің де етіктері бір қолдан шыққаны анық. Мырзабек ағайдың жасағаны. Демек, бәрінің ым-жымы бір. Б.Ыб. ~ Қоржын көздің жауын алады, ісмер бір қолдан шыққан. Алғашқы ұсталайын деп тұрғаны да осы шығар. К.Қаз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ҚОЛДАН БІР ҚОЛҒА КӨШТІ
Бір-біріне беріп, қол жалғастырды. ~ Шай ұзақ ішілді. Ауылда кесе жетіспейді. Жиегі кетік, түбі машина жіппен шандылған, темір құрсаулы сан сықпытты кеселер бір қолдан бір қолға көшті. Н.Сер.
БІР ҚОЛДАН
а) Бәрі бірдей, түгел қатысты д.м. ~ Екінші бірлік қып бір ауызға қарау керек, Оның әмірін парыз деп санау керек. Алаштың барлық күші, барлық малы, Бір қолдан керегіне тарау керек. C.Тор. ~ Кешті 1 курс студенттері бір қолдан дайындап, ұстаздармен жоғары курстағы аға-әпкелерін қуантуға тырысты. БАҚ. ~ Куәлердің үшеуі бірдей бір қолдан Есентай барлық баласын нұсқап: “Ат ұрлаған Аманкелді мынау, міне, біз өз көзімізбен көрдік”, – деді. М.Жұмағ. (ауд. Ғ.Қай.)
ә) Бір адам, жалғыз өзі. ~ Мұрданың руында тапқан табысын ақсақалының қолына тапсырып отыратын əдет болатын; рудың қамын ақсақал жеп, бəрін бір қолдан тарататын. Бұл салтты Лене жақтырмайды. Ж.Айм.
БІР ҚИЫРДЫ БІР ҚИЫРҒА ҚОСТЫ
Алысқа, шалғай жер, жер түбі, қиянға сапар шекті. ~ Осындай себеппен басына қатер төнгенде көптеген сұлтандар пана іздеп, бір қиырды бір қиырға қосты. Алда-жалда барған жерінен сая тауып, аяғына нық тұрса — көкейінен кетпейтін хан тағының тақсіретін тартып, туғандарына деген кегі асқындай түсетін. Ә.Ыб. ~
БІР ҚИЫР ЖОЛ
Бірталай алыс, шұбалаңқы жол. ~ Тіршілік – тек әдемі ұран емес, Сондай-ақ құстың бәрі қыран емес. Дүмпуіл атаулы кіл лаң емес, Бір қиыр жол да үнемі бұраң емес. Жұб.Мол. ~ Бір айдай керей жүріп Кашмир барды, Тізімдеп бойымызды метрге алды. Әлде де барар жолың ілгері деп, Бір қиыр қарағайлы жолға салды. «Үркін — Қорқын».
БІР ҚАУЫМ ЕЛ (ЖҰРТ)
Саны біршама адам. ~ Болыстың бәрі шырқ бұза бермес. Бірақ бәрі бірдей елдік ойлайды, ұлыққа сатпайды деп те айтуға болмайды. Ертең мен бір боз қасқа айтып сойып, бір қауым елді жиғалы отырмын. Албан болыстарының бәрі де сонда келер. М.Әу. ~ Аяқ астынан бір қауым ел астаң-кестең болды. Ызы-шу, жылаған бала, айқай-ұйқай. Қараңғыда лапылдай жанып жатқан отқа лап қойған жұрт бір-бірін тыңдап та, түсініп те жатқан жоқ. Ү.Жлк. ~ Көптің бәрі осында боп тұр ғой. Соның жоруын сұрамақпын сендерден. Өзім өлсем де, бәрін естіп, көріп жатырмын. «Кенесары өлді» деп соңымнан ерген бір қауым жұрт аза тұтып күңірене жөнелді. І.Ес.
БІР ҚАУЫМ
Бірер, азғана. * Оны қырылдата қылқындырып, талықсытып тастады да, табалдырықтың алдына көлденең сұлатып, кеудесіне мінді. Бір қауым асықпай отырып ентігін басты. Т.Рыс. ~ Мылтық даусы зор болса да бір-ақ адамға тиеді. Бұл зеңбірек емес. Ал келе жатқан қолдың зеңбірегі жоқ көрінеді. — Онысы дұрыс болған екен. — Карабін мен іштесердің оқталуының өзі бір қауым уақыт. Ал садақ дегеніңіз… І.Ес.
БІР ҚАСЫҚ СУДЫ БӨЛІП ІШТІ
Қиын-қыстау кездерде соңғысымен бөлісті. ~ «Жылама, – деді жеңешем, – құдай жар болса, бір қасық суды бөліп ішіп, біз де ел қатарына қосылармыз. Неге жылайсың, жылама», – дейді. Т.Әбд.
БІР ҚАРЫС ҚЫЛЫ БАР
Жүрегінің түгі бар; ештеңеден қорықпайтын батыл, ержүрек. ~ Жігіттің талай сүргінді көрген «бір қарыс қылы бар» дейтін жүрегі саз балшықты илеп келе жатқан атының аяқ басысымен жарысқандай дүрс- дүрс ұрып кетті. С.См.
БІР ҚАЛЫПТЫ (ҚАЛЫПТА)
Бірыңғай, біркелкі, өзгеріссіз. ~ Мойындау керек, қала өмірінде қара бастың қамынан басқа ешнәрсеге мән бермейсің. Көзіміз де, көңіліміз де, санамыз да үйренген. Бір қалыпты қозғалыс. М.Рам. ~ Қалың түк басқан жалаңаш кеудесі көтеріле басылып бір қалыпты қозғалады. С.Мұр. ~ Іс сөйтіп бір қалыпта жүре берді. «Жас қазақ» деген жастар ұйымын ашқанбыз. Ұйымның мақсаты: халық арасында заң, білім тарату және саясат істеріне қатысу. С.Сей. ~ Комитет ісі, жоғарғы айтқандай, бір қалыпта жүріп жатты. Жұрт басы ауырса да комитетке келетін болды. С.Сей.

