Кескін-келбеті, өңі, жүзі, дидары, сұлулығы. ~ Ертеңінде көп шәкірттің қатарында Қартқожа да партаға отырды. Бет ажары — бақ, орыны — ұжмақ болды. Жүрегі неғып жарылып кетпеді десейші! Ж.Айм. ~ Жобасы, жас кезінде сымбатты да, сұлу да болған кісі. Денесі етейе жасы егделене, сымбатының сұлулығы ыдыраған, бет ажарының көркі – күлімдей, ойнақши қарайтын көздерінде қалған. С.Мұқ. ~ Ат дүрсіліне елеңдеп келіншек басын көтерді. Бет ажарында қауіп пен шаттық арбасып, қайсысының үстем келерін білмеген дағдарыс. Б.Май.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТ (БЕТІН) ЖЫРТТЫ
а) Салт-ғұрып бойынша әйелдің өлген жақынын жоқтағанда дауыс салып, зарлап жасайтын әрекеті. ~ Қара қағаздың айтқаны рас деді. Менен жарты сағат бұрын өлді. Тура осылай, көз алдымда жатып жан тапсырды деді. Орақтың апасы бетін жыртып, дауыс салып қоя берді. М.Мағ. ~ Бәйбіше, тоқалы бет жыртып, дауыс салып жылағаны, Қыпшақбоздың қасиет, мәртебесін өлеңге қосып, жоқтағаны естіген елдің көкірегінде тұнып қалды. А.Кем. ~ Үйдің сыртына лақтырылған көкпарды байқамаған Зағипа дауыс сап қоя берді. Артынша бетін жыртып тастады. Зейнел- Нәби жалма- жан атына мініп, шаба жөнелді. Т.Әл. ~ Екі бірдей боздағынан айрылған кейуана бетін жыртып шашын жұлып, жер тырналап жатыр екен. Б.Тоғ.~ Анна апа жан жолдасын қара жамылып, көп жоқтады; қазақтың қатындарындай бетін жыртып, шашын жайып жырлаған жоқ, үнсіз егілді. М.Қаб.
ә) Дау-дамай шығарып, күш көрсетті, жүз шайысты; біреуге көңіліне келетін сөз айтты, бетін қайтарды. ~ Шырағым, бала басыңнан болайын деп тұрған жігіт екенсің. Бірақ елдің өсегін жинап әкеліп, менің бетімді жыртқаның, маған ұнап отырған жоқ. Ә.Шәр. ~ Бүгінгі игі жақсыны ауылыңа жиып алып, осылайша басқа соқ! Абыройын төк! Бет жырт, уә, перде жырт! Балаға да, малшы-жалшыға да құрық бер!.. Бұза бер!— деп, қолын бір-ақ сілікті. М.Әу. ~ Мен білем, сен ешкімнің бетін жыртқың келмейді. Сенің маған «Өзім білемің» көп дегенің сияқты, сенде жақсы көру сезімі көп, ал жек көру сезімі жоқ. Анау – құның болса, мынау – мінің. Соны білемісің сен? З.Қаб.
б) Әйелдердің біреуге таң қалып, я табалап, «Ұят-ай!» деп, бетін шымшуы. ~ Аласа бойлы қартаң әйел қолындағы ұршығын жол-жөнекей иірген бойымен келіп тұра қалып, бетін жыртып, аузын сылп еткізді: «Сұмдық-ау, мына Күреңбайға не болған, іс-міс жоқ қайда кеткелі жатыр!» С.Ом. ~ Ауылдың қатындары Торғын велосипедке мінген сайын бетін жыртатын. «Қанша бастық болса да қыз баланы шайтанарбада селкілдетіп қойғаны несі? К.Қаз.
БЕТ-ЖҮЗІҢ (БАР) ДЕМЕЙ
Еш қаймықпай, жасқанбай, әй-шайға қарамай.. ~ Пыш-пыш әңгімеге мүлдем жоқ, айтарын бет-жүзің демей ақтара салатын тура мінезінен қыздар тұрмақ жігіттердің өзі қаймығып қалатын. Н.Әліш. ~ Осылайша біздің қоғамда қалыптасқан моралдық-парасаттылық нормаларының қаншалықты құлдырағанын бетің-жүзің демей жіпке тізіп айтып бердіңіз. Қ.Сартқ. ~ Түсте ары келіп, бері келіп бет-жүзің бар демей пергілеген сергітер леп бар. М.Қаб. ~ Мінезі шәлкестеу адам. Қазір мына науқан кезінде бос жүрген адам көрсе бет-жүзің бар демейді, бірдеңе деп тастар. C.Мұр.
БЕТ-ЖҮЗІНЕ ҚАРАМАЙДЫ (ҚАРАМАЙ)
Батыл, тік мінезді, ешкімнен именбейтін адам туралы. ~ Турашыл қарт әділдікке келгенде ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Ө.Кәр. ~ Майданға о баста қыр өмірінің қара долбарымен ашық-шашық барып қалған қазақ жігіттерінің соғыстың бет-жүзіне қарамайтын тезіне түсісімен өстіп жұтынып шыға келетінін өз басынан білетін. М.Қаб. ~ Дүниенің де бет-жүзіне қарамай қайыр-садақаны мол-мол үлестірген. А.Сей. ~ Бұл сөзге шешем ашуланған. Әшейінде сыйлайтын Жұмекеңнің бет-жүзіне қарамай: ― Егер осы жалғызды елдің он баласынан артық етіп, оқытып, өсірмесем Күлшәрі атым құрысын! – дегенде Жұмекең не дерін білмей отырып қалыпты. Б.Тоғ.
БЕТ-ЖҮЗІН КӨРГІСІ КЕЛМЕДІ
Әбден көңілі қалып, іргесін аулақ салды. ~ Келесі жолы да Теміржандікі сол баяғы кекесін. Кісінің сағын сындыруға келгенде мұнан өткен сұмпайы табылмас. Ақбергеннің де көңілі суыған, бет-жүзін көргісі келмейді. Қ.Жиен.
БЕТ-ӘЛПЕТІ БҰЗЫЛДЫ
Ашу-ызадан түтігіп кетті. ~ Қарттың иегі кемсеңдеп, бет әлпеті бұзылып кетті. Тынысы тарылғандай, тамағының түймесін ағытты. Қ.Жұм. ~ Е, сайтан! — ызадан бет әлпеті бұзыла қалған Иван Федорович еңсесін тез көтеріп алды, — сенің өлтіреді деп осынша шыжалақтайтының не! Дмитрийдің бұл қоқан-лоқысының бәрі жай қызбалық, өзге түк те емес. Ф.Дос.
БЕТ-БЕТІНЕ ПЫШЫРАДЫ
Жан-жаққа тарап кетті, әркім өз бетінше күн көрді. ~ Бәдіктен Алтын Орданың басы піспей, бет-бетіне пышырай бастағанда Ақ Ордадан қалың қолмен аттанып барып, қайтадан қылыштың күші, найзаның ұшымен біріктірмек болатын атақты Орыс хан туады. Ә.Кек. ~ Патша айрылып қалған ұлы қағанаттың іргесін қосып, бет-бетіне пышырап кеткен елдің басын біріктірсем деді. Ә.Нұрп.
БЕТ-АУЗЫН ТЫРЖИТТЫ
Бет-жүзін құбылтып, ұнатпай тұрғанын байқаттаы. ~ Солдаттан қайтып келе жатқан орыс жігіті шешесінен: «мына біреулер қайдан келген?» деп маған саусағын шошайтты. Шешесі:бұл немелер бұрын жоқ еді, қайдан келгенін білмеймін, соңғы кезде қаптап кетті» деп бет-аузын тыржитты.» Қ.Ысқ. ~ Ей, қоя тұр, бауырым,— деді ол бет-аузын тыржитып,— коммунизмді жалғыз сен орнатамысың. Мына біз де барамыз деп жүрміз. Мына дачамды бітіріп алған соң менің қалай жұмыс істегенімді көр. Б.Қыд.
БЕТ-АУЗЫН ТҮК БАСҚАН
Сақал-мұрты күтімсіз өсіп, түрінен адам шошығандай. ~ Сорлы кедей Бақтың айтқанын істейді. Қыдыр бет-аузын түк басқан, екі көзі қылшықтан көрінбейтін жаратылыс болса керек. Сол түктердің арасынан ықыласы түсіп, көзі шалған адамға Бақ барып қонады екен. К.Қаз. ~ Етегі құлама жар екен, ол ат шылбырын тобылғы түбіне байлап, жоғарыға жаяу өрмелеген. Қарсы алдынан бет-аузын түк басқан, еңгезердей адам шыға келгенде, тілі байланып қалғаңдай болды. Б.Тоғ.
БЕТ-АУЗЫН ҚИСАҢДАТТЫ
Бет-жүзін құбылтып, зәрін төкті. ~ Біраз сарнағаннан кейін, бақсы орнынан атып тұрып, үй ішінде денесін бұралаңдатып, қарғып, секіріп, бет-аузын қисаңдатып, көзін алартып, өзімен өзі арпалысып, жүгіріп жүріп сарнайды. Осы кезде ол есінен танған болып, аузына не келсе соны айтады, үйдегілерді сабайды, орынсыз нәрсеге ұрынады. С.Мұқ. ~ Әрі-бері зікір салып басыла бергенімізде, бақсы дік етіп ортамызға тұра қалды да, бет-аузын қисаңдатып, ышқынып айқай салды: − Ақ сөйлеңдер, жамағат! Арам ойлы адамды таппай қойман сірә да… Зияндасты ашармын, заһарымды шашармын. С.Ом. ~ Жетібай әнтек ыңғайсызданып, жасқана қарады. Екі қолының саусақтарын қайшы айқастырып, құр бет алды сыртылдата берді. Бет-аузын қисаңдатып, дағдарып тұр. С.Ом.

