БЕРСЕ ҚОЛЫНАН, БЕРМЕСЕ ЖОЛЫНАН

Дегеніне қалай да қол жеткізем, бермесе, тартып алам д.м. ~ Ол жұрттың бәріне еркін. Берсе қолынан, бермесе жолынан тартқандай ғып алады. Ж.Айм. ~ Мен сыбағаның майлы тұсын берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алатындардың сапынанмын. С.Смат. ~ Төре өлі ет жемейді, – деді Рәш. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» деген бізден қалған! Т.Әл.

БЕРСЕ ҚОЛЫНАН, БЕРМЕСЕ ЖОЛЫНАН Read More

БЕРІШ БОЛЫП ҚАЛДЫ (ЖАТЫР)

Жібімейтін, кетпейтін өкпеге, кекке, қасыретке айналды. ~ … осылай тасқа айналып, беріш болып қалғанда, Елден көшіп, сырт айналып, теріс қонып алғанда… Тағы келдің қапияда, күн нұрындай қарғам – ай! Т.Әбд. ~ Неге жылайтынымды өзім де түсінбеймін. Неге жылағанымды осы күнге дейін де білмеймін. Әйтеуір ішімде беріш боп қалған бір жалыңды сарқып тастағаным есімде. Қ.Ысқ. ~ Шерменде ғой, байғұс. Жастайынан ата- анасынан жетім қап не көрмеді. Соның бәрі көкірегінде беріш боп қалды емес пе…- дейді төртінші біреулер. С.Мұр. ~ Олардың ішінде де не түрлі пәле-кәрденді ойлап табу, беті күліп тұрып, беріш болып жатқан іштегі-ішектегі мерезін жасыру, күліп, біліп тұрып көлгірсу қолынан келетіндері бар-ды. Б.Қыд.

БЕРІШ БОЛЫП ҚАЛДЫ (ЖАТЫР) Read More

БЕРІК ҰСТАНДЫ

Өз жолынан айнымады, ұстанымынан танбады. ~ Бірақ өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық — кісінің айнымас табандылығында деп білемін. М.Әу.

БЕРІК ҰСТАНДЫ Read More

ӘРІ ТАТСАҢ ӨГІЗ ӨЛЕДІ, БЕРІ ТАРТСАҢ АРБА СЫНАДЫ

Не істесең де жағдай түзелетін емес д.м. ~ Сол соққыдан әлсіреп, күшінен айырылғандай сенделіп сидиып қалған. «Әрі тартсаң өгіз өледі, бері тартсаң арба сынады» дегендей, былай барса да, олай барса да жаюлы тор, құрулы қармақ. Ү.Жәл.

ӘРІ ТАТСАҢ ӨГІЗ ӨЛЕДІ, БЕРІ ТАРТСАҢ АРБА СЫНАДЫ Read More

БЕРІ САЛҒАНДА

Аз дегенде. ~ «Павель Буренің» менің қолыма қалай түскені де тіпті жадымда жоқ. Әйтеуір бері салғанда, соңғы бір жиырма жылда сенімді серігім болып келе жатқаны анық. С.Шай.

БЕРІ САЛҒАНДА Read More

БЕТІ БЕРІ ҚАРАДЫ

а) Науқастың денсаулығы оңала бастады. Әлдебір ауыр дерттен айығып, сауыға бастады; түзеле бастады. ~ Алғашқы кезде түрiн көрiп «ендi бұл дүниелiк емес шығар» деп қауiптенген, шүкiр, мiне, бетi берi қарап келедi. Т.Сәук. ~ … қазір оның жағдайы бұрынғыдан жеңілдеп, беті бермен қарады дегенді айтады. О.Сәр. ~ Бұл дерт күн өткен сайын меңдей түспесе, беті бері қарайтын емес. Профессор Гейнцельманның шипалы деген шөптерінен ішпегені жоқ. Ә.Кек. ~ Емші көріп кеткен Мырқы мырза апта жатып, сорпаланып, беті бері қарады. Д.Дос. ~ — Мас емес едім ғой, ешқандай. Сыбағасын берген ғой дәуге қожайыным, олла-біллә! Қысқасы, істің беті бері қарады, графтығым да ұзамай қолыма тиіп қалар! М. Серв.~ Жәми ауруханада. Сәмет Жеңсікбай бақсыны үш күн үй тұтқынында ұстап, бұдан былай бұл жалған кәсіптен баз кешемін дегізіп, қолынан тілхат алып босатып қоя берген. Тоқсанбай қасына әйелін ертіп, Атбасарға барып қайтқан екен: «Қызының беті бері қарады, енді аз күнде құлан-таза сауығып шығады»,- деп, емші дәрігер жақсылық хабар айтыпты. С.Ом. ~ Бұған көнбеске Әлиде шара да жоқ еді. Аяушылық білмейтін адамның көңілі жібіп, беті бері қарағанын пайдаланып қалайын деген оймен ол кепілдік қағаз жазды… Б.Тоғ. ~ Бойы сүйсінбей азапқа төзген баласына араша болуға екіұдай болып іркілген ата-анасы да жандарын бір шүберекке түйіп, іс аяғын тосқан-ды. Баланың беті бері қарағанның орнына науқасы өршігендей қайта есінен танып, бар жұртты шошытты. З.Төл.

ә) Келісімге келді, райынан қайтты. Пиғыл-ниеті түзелді; райынан қайтты; ашуы тарқады; айтқанға көнді. ~ Заманның беті бері қарап, кешегі зардап шеккендерді ақтау жөнінде арашашылар табылып, олардың істері дәріптеле бастаған кезде, мұның да әні өзгеріп шыға келген. Т.Сәу. ~ Жарайды. Оның бәрін ертең таң атқан соң көрерміз. Ұйықтайық. — Жақанның жұмсарып, беті бері қарағанына мен одан бетер қуанышты едім. Б.Соқ. ~ Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында балық аулап, егін айдап отырған орыс поселкасы бар-тұғын. Қыстау, көктеулері іргелес Әбубәкір қажының ауылы сол поселкадағы беті бері қараған мұжықтармен қырық жылдан бері алыс-беріс жасайтын. Бұл мұжықтардың аталары Жетісу, Әулиеата, Шымкент, Ташкент жолымен қанды жорық жасап, осы өлкелерді орыс империясына қаратқан Черняев әскерінің солдаттары-тұғын. Б.Тоғ. ~ — … Асықпаңыз… ойыңыз пісе тұрсын… шыдаңыз… Өмір бойы өкініп жүрерсіз… әйтпесе… — деді қыз. Дауысында әзілі де, кекесіні де қоса байқалды. Бұны Бұқабай қыздың беті бері қарағандығы деп ұқты. Енді тек уәдені көлитіп ең болмаса құшақтап, сүйіп бір шер тарқату керек. С.Ел. ~ Бұған көнбеске Әлиде шара да жоқ еді. Аяушылық білмейтін адамның көңілі жібіп, беті бері қарағанын пайдаланып қалайын деген оймен ол кепілдік қағаз жазды… Б.Тоғ.


БЕТІ БЕРІ ҚАРАДЫ Read More

БЕРІ КЕЛЕ

Бертінде, кейіннен. ~ Ел Азиядан тек шығуды ғана білмеген, Азияға қарай да ауған. Бері келе, капитал туып, кісіні кісі борсықтай сору шыққан соң, Еуропа халқы сору үшін Азияға көшіп ауа бастаған. А.Байт. ~ Бұрынғы кезде қазақтың бабалары да лашық тігіп жүрген. Бері келе шанышпа қос шыққан. Бұл күнде шанышпа қоста жазды күні кейде молдалар бала оқытады, қысты күні кірешілер ұстайды, жылқышылар тұрады. Бері келе жолмүй шыққан. А.Байт.

БЕРІ КЕЛЕ Read More

БЕРІ ЕМЕС

Асып кетпесе, кем емес. ~ Е, жұрт Отағаңды Шықберместен бір бері емес десіп жүр ғой. Мен бүгін бригадирден осы үйге әдейі сұранып келіп едім. С.Мұр. ~ Дүниеге сыры ашылмаған, берерін бермеген үнсіз мылқау алып Шыңғыс тауы, қазір мынау ай астында жеңіл көкшіл тұманға оранып тұрып, мырза сенімін бергендей. Медет қиялы әке қиялынан ары болмаса бері емес екен. М.Әу.

БЕРІ ЕМЕС Read More

БЕРІ БЕТТЕДІ

Бері қарай жүрді, жақындады. ~ Елшіні шақырып кел дейді. Әне, хан ордадан ол ұры тазыдай жылмың етіп қайта шықты. Әне, бері беттеді. Емпеңдей басады. Сонша неге асығады екен! Ә.Кек. ~ Төрт қатардан сап құрған, құмырсқадай қалың әскер асқақ жорық жырын жаңғырта, батальон-батальонымен бері беттеп, ойнақтап басқан. Ж.Ахм. ~ Енді мына келе жатқан, аяқ жетпес, көз жетпес алыстан бері беттеген бала-шағаларын қарсы аларда екі көзден сығып шығарар тамшы жас табыла қояр ма екен? Ғ.Біл.

БЕРІ БЕТТЕДІ Read More