Әлдебір ісінің не сөзінің қырсығы тиді; өзінің ойланбай істеген ісі қиын жағдайға әкеп соқтырды. ~ Өзiнiң iшкi есебiнше‚ Шiлмән қалыңмал даулап‚ ауданға бара алмайды. Барса‚ басына бәле тiлеп алады. Б.Алд. ~ Азаматтың қазасы ауыр екенін, артында кек қалатынымен Тықы есептескен жоқ. Басына бәле тілеп алғанын әлі түсініп жүрген жоқ. З.Шүк. ~ Екеуі осылай жынды адамша таң бозарғанша әңгіме соғады. Ақыры басына бәле тілеп алған Сәкен қасқырды өлтірмей құтылмасын біліп, қаны шын қараяды. Т.Әбд. ~ “Көп дем ала берсек, үйге қайта алмай қаламыз, түнгі жол ауыр болады”, – деп Мұнарбек күйіп– пісіп жүр. Басына бәле тілеп, мені ертіп шыққанына ол да өкінетін сияқты, оның да қиналысын түсінемін. Өзі анау жалама құздарда тастан тасқа секірген таутекеден аумайды. Ә.Асқ. .~ Қой деймін, кәрі бура, қой енді, басыңа бәле шақырма! Ғ.Мүс. ~ Еркек мінезді, қызу сөйлейтін Құнияз кезек күтпей, үзілді-кесілді жауап қайтарды. -— Сибан бұған түк те айтпайды! Қайдан шықса одан шықсын, бұларың Сибанның басына бәле шақырайын деген жерден шыққан сөз. Өрт сағынғанның өз үйі өртенсін! Бәле іздегеннің бәле өз басына келсін!— деді. Ғ.Мүс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕРЕКЕСІН (БЕРЕКЕ) ҚАШЫРДЫ
Сәнінен айырды, құтын кетірді. ~ Иә, көбірек шыдам, сабыр керек еді. Содан ба әлде басқа себеп болды ма, генерал минут сайын әр полктан хабар алып тұрса да, бүкіл дивизияның аумағын түгел қарпып, бар жағдайды көзіне елестете алмады. Өз дәрежесіне сай биіктен емес, аласадан қарағандай, тұтас қимыл бөлшектеніп үзіліп, шашырап көрінеді. Әр жерге бір тығындап қолындағы жап-жақсы резервтің де берекесін қашырып алған түрі бар. Т.Ахт. ~ Одан-бұдан құралып, қарасы көбейген кезде енді оларды бұлай қодаңдатып-шабуылдатып, жұрттың үрейін алдырып, берекесін қашырып қоюға болмайтын еді. Б.Қыд. ~ Көп нәрсені өзімізге ыңғайламасақ болмайды. Өйткені туған тіліміздің берекесін қашырамыз. Ел болып, етене кірісіп, тіл мамандары жиналып жасаса, онда көп нәрсеге қол жеткіземіз. Ж.Баб.
Мазаны алды, құтын қашырды, көңілін құлазытты. ~ Тысырлап зулап жанған от. Туырлықты ұрғылап сыртта азынаған жел. Қабағы түйіліп келе жатқан бір жаманат хабаршысындай ұлып, сарнап дүниені құлазытады. Береке қашырады. С.Ел. ~ Таң атқалы далада күннің өтінде жүрген жігіттер ыстық таратқылары келіп, ысылдап-пысылдап біраз отырып еді, айналадан аптап ұрып, береке қашырған соң, дастарқанды жинай бастады. Ә.Кек.
БЕРЕКЕСІН ШАЙҚАДЫ (КЕТІРДІ)
Тірлігінің сәнін кетірді, шырқын бұзды. ~ Апыр- ай, көке- ай, не көрінді сонша, не боп қалды?! — деді Тұтан. – Шық үйімнен, Тұтан! Шырқымды бұзып, берекемді шайқамай жоғал! — деді Мамай шаршы денесі тарс жарылардай ісініп. О.Бөк. ~ Келгеніңізге, адал ниетіңізге рақмет, Остап. Жылап- сықтап берекеңізді кетірдім. Ол үшін кешірерсіз. М.Сүн.
БЕРЕКЕСІ ҚАШТЫ (КЕТТІ)
а) Әлденеге абдырап, әбігер болды, мазадан айрылды. ~ Күндіз баланы, түн мезгілінде төрт түлік малды қорып, қашан орып сүрлемге салғанша берекесі қашты. О.Бөк. ~ Бүгінгі тіршілікте тарысы шашылмаған кім қалды дейсің. Бұның СМУ-15-інің де басынан бағы тайып, берекесі қашты. Қ.Түм. ~ Үлкен адамдарға жолығарда қарадай берекесі қашатын қашанғы әдеті. Д.Әш.
ә) Ауыз бірлігі болмады, құты қашты, кенеуі болмады, тірлігінің сәні кетті. ~ Қазір бұлар әскeр eмeс, әншeйін бeрeкeсі қашқан қарақшылар eді. Б.Нұрж. ~ Өз көзіне өзі сенбеді. Беу дүниенің берекесі қашыпты. М.Қаб. ~ Жасаулы ақ отау құлазып тұр.Ерлі-зайыпты кісіге ұқсап, күңкіл-шүңкіл сөйлесу, шүйіркелесу болмаған соң, от басының берекесі .қашқанына да көп болған еді. Т.Әл. ~~ Құрысын. Неше жыл болды, бір бүтінделер емес. Баста берекесі кеткен нәрсенің осылай берекесі кете береді де. Саған мотоцикл қайда?». М.Қаз. ~ Miнe, таң арайы таңдайланып алыс көкжиекті ақ сүтке шомылдыра бастапты. Түнімен тағатсыз күткен жан-жануар безек қағып берекесі кетеді. Б.Мом.
БЕРЕКЕ ТАПТЫ (ТАППАДЫ)
Рахат көрді, пайдаға кенелді, ісі оңға басты. ~ Әй, шырақ, бай болатын болдың, қырық қысырақ! — деді. Босанған келінінің үстіне кіре алмай тұрған Мамай: – Е, тұқымың өссін, тұқымың өскір! Сол қысырақтың жартысы сенікі. Бар, береке тап, — деді. Қ.Ысқ. ~ Істің мән- жайына қанғанда, жиен ағасына атбекет былай деді: – Сейфуллиннің үстінен шағым айтып береке таппайсыз. Оның атағы сонша, губревкомда одан куәлік те сұрамаған. Т.Әлім.
Ісінің қызығын көрмеді, рахаты болмады, бастаған ісі оңбады, көңілі толмады. ~ Соғыс алдында мектепте ән-күй үйрететін мұғалім емес пе еді?! Той-томалақ Манайсыз береке таппайтын. М.Сүн. ~ Жолшыл еді, жортса жолдағыны, ақырса аспандағыны алатын күшті еді деп, жолбарыс саған еріп шығып едік… Сөйткен сенен де тырнақтай береке таппадық. Ең әуелі сенің өзінді жесек деп тұрмын… М.Әбд. ~ Екеуі гүлзарды құлдилап барып, «Алатау» кинотеатрынан кино көрді. Итальян комедиясы екен, көңіл-күй қабыспаған соң ба, онша тұшынып береке таппады. Одан шыққанша көз байланған. Мотор ұстап, «Таугүл» микроауданына тартты. Т.Сәу.
БЕРЕКЕ ТАППАЙСЫҢ
Дегеніңе жетпейсің, пайда көрмейсің, рахатқа батпайсың д.м. ~ Әулие– Атаға бұлар Сәкендерден кешігіп жетті. Істің мән– жайына қанғанда, жиен ағасына атбекет былай деді: – Сейфуллиннің үстінен шағым айтып береке таппайсыз. Оның атағы сонша, губревкомда одан куәлік те сұрамаған. Т.Әл. ~ Бұл жерде кино көрiп береке таппайсың. Ылғи да осы. Ант атқан есерлiкке жел беретiн көп түйткiлдiң бiрi – экран алдындағы мақаулық. Жылына жүздеген фильм қазақшаға тәржiмеленедi деп естiгендерi болмаса, мұнда әлi бiрi келген емес. Т.Сәу. ~ Егер адам қатты шаршапшалдығып келіп, жайсыз, ыңғайсыз жатқанда, бастырылғанда, жүйкеге тосыннан ауыр күш түскенде көретін түстер быж-тыж, бей-берекет, шатты-бұтты, үзік-жұлық болады. Мұндай түстерді жорып та береке таппайсың. Ал шаршамай, сергек күйдегі ұйқының кезіндегі түстердің басым көпшілігі жоруға келетін, нақты болады. Ж.Баб. .
БЕРЕКЕ ТАП (ТАПҚЫР)!
Бастаған ісіңнің қызығын көр д.м. Көбінесе жорта, кекесінмен айтылатын тілек. ~ Абдолла топ алдында өзі де қызарып, Арыппайдың тымағын жерге кідіртпей қолына ала берді. Жігіттің басына тымақты өз қолымен кигізіп жатып: — Тәңір риза болсын! — деді баяу. Жұрт енді ғана дабырласа үн қатып: — Ой, бәрекелді! — Уа, береке тап! — Басындай бас иілсін, қарағым! — десіп, Арыппайды алқап жатты. Ел татулығына жамау болғандай шынайы ризалық, алғыс үндер еді. Ж.Ахм. ~ Бәли, о береке тапқыр, ішіңді бір босатып алған екенсің- ау, сабазым! Мықтысың, мықтысың деймін, нешеуін домалатқансың, шырағым- ау?! Қ.Жиен. ~ Береке тапқыр- ау, басқасы басқа, ал мына қылығына не дерсің?! Көршіден көже қатыққа деп сұрап алған бір тостаған сүтті тасытып алды. Қ.Жиен.
БЕРЕКЕ ҚОНСЫН
Құтты болсын, сәті түссін. ~ Басқа бас етіп, отыз шақты атты Сұртай өз жігіттеріне ұстатты да, мұжықтардың алдына салып берді. — Ал, жолдарың болсын. Істеріңе береке қонсын. Енді біз де ауылымызға қайталық. C.См.
БЕРЕКЕ ҚОНҒАН
Бағы жанған, құтты, ырысы мол. ~ «Ағаш көркі — жапырақ, адам көркі — шүберек», көрмейсің бе, ана Дәмелінің өзі де бөлектеніп тұрған жоқ па! Қармыс ауылының қойшысының өзі бұл ауылдың байына бергісіз. Береке қонған бір тұқым ол, әйтеуір. Малыбайдың маңдайы қандай кере қарыс. Анау Ақылжан да біз секілді бұйығы емес, нағашылары секілді еңселі болып өсетін шығар. К.Қаз.
БЕРЕКЕ ҚАЛМАДЫ
Құты қашып, тынышы кетті, қорықты. ~ “Жырық ауыз селсебетке қара қағазы келген екен, алмай кеттім…” “Бөршімбай, жап аузыңды, жап… – Шалда береке қалмады. – Өледі… сеспей қатады… Ой, әттең-ай… Н.Дәу.

