Баса-көктеп енді, басып алды. ~ Қиын екен өмірдің сұраулары, Ойланды балаң-жігіт, біле алмады. «Белінен дұшпан аттап баратқанда, Біздің ел неге қарсы тұра алмады?! М.Мақ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕЛІН СЫНДЫРДЫ
а) Мерт қылды. ~ Жүрген шығар, шырағым, Қалмақтың белін сындырып. Келеді екен, жалғызым, Барған ісін тындырып. А.Байт. «Ер Сайын». ~ … қағанның немерелері Шыңғыс ханның өзінің көзі тірісінде бас еркіндігін берген қатыны, керей қызы Абике-бекиді яғни, ұлы шешесін және соған қоса тақ мұрагерлерінің он бір «ұлы қатынын» ширек ғасырдың ішінде «белін сындырып» тынды. Т.Жұрт.
ә) Басын тұқыртты, аяғына жықты, өктемдік қылды, беделінен айырды. ~ Сіздер шарларыңды Нүрпейіске салындар, жаңа байыған бір Құрманның болғанынан алашқа сөйлескенде намыс жібермейтін, елдің белін сындырмайтын Нүрпейіс артық емес пе? М.Дул. ~ Болыс інісіне тізгін бермей жүрген Ожар Оспанның осы арада белін бір сындырғандай болды. Ә.Нұрп.
БЕЛІН ҚҰЯҢ ҚАПТЫ
Белін жаза алмай қалды. ~ Жайшылықта момынның момыны, қой аузынан шом алмастың өзі дейтін егде тартқан Краман деген мұғалім бар еді. Сол құяң қапқан белін әрең жазып, әрең көтеріліп: — Қарағым- ау, Сәрсенбай- ау, мына азаматың бәріміздің жер- жебірімізге жетті ғой. Ә.Тар. ~ Басқа ұсыныс жоқ! — деп орнынан қопаң етті белін құяң қапқан жуас мұғалім. Ә.Тар.
БЕЛІН БҮГІП, БЕЙНЕТ ШЕКТІ
Қара жұмысқа салынды. ~ Ал, Сақар белін бүгіп, бейнет шегуді жөн санамады. Ақылы кіре бастағасын-ақ қой соңында салпақтаудан қашқалақтай бастаған. Әр жерде ұйықтап қалып, қойдың бөлініп кеткенін білмей, бөріге талатып, елді бизар қылды. Ү.Жәл.
БЕЛІН БЕРМЕДІ
Осалдық танытпады. ~ Одан аман-есен өтсек, ары бір көшіп Қалба тауының шетіне ілініп, Қурайлы өзенінің бойына жетеміз. Міне, бәріміздің алдымыздағы тұрған өте қиын мақсат — шөлден шөліркесек те буынымызды босатып, белімізді бермей өтіп шығу. С.Ғабб.
БЕЛІН (БЕКЕМ) БУДЫ (БАЙЛАДЫ)
А) Әлдебір қиын іске кіріспекке бекінді; біржола шешім қабылдады.~ Ер жігіт өнер табар ерте қуса, Ерініп шаршамастай, белін буса. М.Жұм. ~ Ел баласы егіз бола бермейді. Ол көбінесе жалқы туады. Өйткені оны халқы туады. Ол елім деп белін буады. Атаның жолын қуады. С.Бақ. ~ Барымташыларды түрмеден шығарып алып қашу. Жайынбек сабазың әйтеуір бір ерлікке белін буған екен. С.Жүн. ~ Қаланың тыныс тіршілігін көріп жатырқағанын білдіртпей белін бекем буып,еті тірі қала тұрғындарындай күйбең тіршілікке сіңіп кетті. А.Әлт.
Ә) Белін қатты тартып алды. ~ Шешесі белін бекем буып, белбеуіне жыңғыл сапты балтасын қыстырып, сексеуіл сайға тартты. С.Елу.
БЕЛІ ШОЙЫРЫЛДЫ
Белі құрыстанып, жаза алмай қалды. ~ Қарап тұрып белі шойырылған шалды аяп кетеді. Жалма-жан сөмкесін атып ұрып, айырды қолға алып, қураған шөпті шаншып, аяғы-аяғына жұқпай тасиды келіп. Д.Дос. ~ Онсыз да қаусап тұрған байғұс орнынан тұра алмай қалды, түнімен қақсап шығатын белі шойырылды ма, безек қақты. А.Смай.
БЕЛІ НӘЗІК (ЖІҢІШКЕ, ТАЛЫП ТҰР)
Қыпша бел. ~ Бірақ сондай ерлік жасап, батырлармен бастас, ерлермен егес жасаған, ерге ер, серіге сері қазақ қызы жау жоқ жерде ақ көбелі, айдар төбелі айдарлы ерге лайқатты, «белі нәзік жіңішке, үзіліп кетпей неғып тұр» дейтіндей, мың бұралған, пейілді де, бернелі де, жібектей мүнәйім, мақтадай жұмсақ, майдай есілген қалыңдық, жар бола білді. Б.Қыд. ~ Қыз Жібекке Төлеген Көз мейірі қанып тұр, Белі нәзік талып тұр, Пейіштен жанған шырақтай Екі көзі жанып тұр. «Қыз Жібек».
БЕЛІ ҚАЙЫСТЫ
А) Уайым қылды, жаны ауырды, азап шекті. ~ Сасқан үйрек артымен жүзедінің кері. Біздей пақырға өзің қол ұшын бермесең, кімнің белі қайысар дейсін. С.Жүн. ~ Әй, жігіттер, өлер Құлагер өлді. Енді жер жыла, көр жыла, орнын толтыра алмаймыз. Кімнің белі қайыспай отыр. С.Жүн. ~ Әкесі Янкель — деревнядағы жалғыз темір ұста, үйелмелі- сүйелмелі жеті баланы асырау қамында белі қайысқан шаруақор момын жан еді… Ә.Тар.
Ә) Ауыр жүктің салмағы батты. ~ Кейбірі тіпті арба, көлік іздемей-ақ белі қайысып, қапты жаяу арқалап барады. Б.Қыд. ~ Бала есегінің белі қайысқанша алтын теңдеп, күн шыға үйіне қайтқан. Т.Сәу.
БЕЛІ КЕТТІ
Белінің құяңы ұстап, бүкшиіп қалды. ~ Әлгі көк ала үйрек – жанын толқынына салып шайқаған мұңлы әуен әне, өте жақыннан сыңсыды. «Тұрайыншы» – деп ұмтылды, қозғала алмады. Не сиқырлап тастағаны белгісіз, белі кеткендей тырп етпей отыра берді. Санасы сайрап тұр. О.Бөк. ~ Маңызданып бектері. Тәртіп қылды бір адам, Сарамжалды ептеді. Белі кеткен бүкшиіп, Көзі кеткен түкшиіп. Таяғы бар қолында. Қарттар келді түксиіп. «Қамбар б.»

