БЕЛІ КЕТКЕН ТҮЙЕДЕЙ

Малда болатын бел ауруы туралы; белін жаза алмай, қиралаңдап қалды д.м. ~ Не мал жоқ, не күреп тауып жатқан табыс жоқ, әйтеуір өлмешінің күні. Небір нардай жігіттер бес– алты айда белі кеткен түйедей кирелеңдеп, бүкшиіп қалыпты. Ү.Жлк. ~ Бұл айтса ғой, баяғы қағаз кеміріп, кітап сорып, сіңірі тартылған Шұғайып – арыз жанрының шебері сорғалатып ұзын сөзін иіп келтіргендей – мұны тастап кеткен жоқ, әуелі сол солбырайған сабаздан Эленораның өзі жеріді, өз басы қашып құтылды. Құтылмай қайтсін! Белі кеткен атан түйедей бір шөккеннен артылмай, аһылап–үһілеп, төбеге қарап түске дейін жатады… сөйлегені – кітап сөзі, жүрген жүрісі, істеген ісі кинодан көрген Дон Кихоттың дәп өзі, дәл өзі болмаса да сол сорайғанға егіз тамшыдай ұқсайды. Д.Дос.

БЕЛІ КЕТКЕН ТҮЙЕДЕЙ Read More

БЕЛІ БҮГІЛДІ

Қажып — қартайды, шөгіп қалды. ~ Бірақ Жәмпейістің жүрегі жылыған жоқ. Ол Қодар мен Қамқаның қайғысынан осы жазда біржолата белі бүгіліп, қатты солып кетіп еді. М.Әу. ~ Көп күрсінетін, үнсіз іштей егілетін, сырттай жүдейтін. Бұрынғыдай емес белі бүгіліп, шөгіп барады; бұрынғыдай емес көзінің нұры қашып, жасаурай беретін болып жүр. О.Бөк. ~ … шалы мен ұлынан қатар айрылған ауыр қайғыдан белі бүгіліп, қаусай қартайып көрінгені болмаса сары кепірдің жасы аса ұлғайып кетпегенін аңғару қиын емес-ті. Ғ.Біл. ~ Менің бабам заманында қылшылдаған жігіт боп, қартая келе бетіне әжім түсіп, белі шойырылып, өзінің сол үйреншікті қуысында көзін жұмды. Анадан «шыр» етіп түсті… Өлді. Туу мен өлудің арасындағы өмір — өмір емес, тек, рақаты жоқ күйкі тіршілік қана. Д.Дос.

БЕЛІ БҮГІЛДІ Read More

БЕЛІ БҮГІЛГЕН

Қаусап қартайған, жасы жеткен. ~ Сөйтіп шалқып тұрған шаңырақтың шамы жалп етіп сөніп, құлазыған жұртта күңіреніп бірі – төртінші, бірі жетінші оқитын екі бүлдіршін қыз бен белі бүгілген кемпір ғана қалған. Т.Сәу. ~ Бір мезгіл Тұтанға көзі түсіп еді, белі бүгілген қарт отырғандай көрінді. Қ.Ысқ. ~ Белі бүгілген, көзінен сорасы жылтыраған аппақ сақалды бір шал таяғын демеу етіп алай да, былай да жүрді. М.Дәу.

БЕЛІ БҮГІЛГЕН Read More

БЕЛІ БОСАДЫ

Көңілі жайланды; қабағы ашылды. ~ Бұған «күрішші серігің үшін ала жаздай маңдай терін төккен ырысыңнан бөліс» деген сөз ұнамағанмен, үй салу үшін қарыз ақша бөлінетінін естігенде, белі босай бастады. О.Сәрс.

БЕЛІ БОСАДЫ Read More

БЕЛІ АУЫРМАҒАННЫҢ БАЛТЫРЫ СЫЗДАМАС

Өз басына келмегесін, біреудің қайғысын қайтсін д.м. ~ Түһ, Мұсеке, бала боп кеттің бе? Қалжыңның орны емес қой, біреу малынан айырылып жатса… — Е-е, белі ауырмағанның, балтыры сыздамас, — деп ренжіп еді. С.Жүн.

БЕЛІ АУЫРМАҒАННЫҢ БАЛТЫРЫ СЫЗДАМАС Read More

БЕЛЕҢ БЕРДІ

Байқалды, көрінді, сыңайы байқалды. ~ Есікті асығыс ашып Қымбат кірді үйге. Шырайында әлденеге қуанышы белең береді. Т.Рыс.

БЕЛЕҢ БЕРДІ Read More

БЕЛЕҢ АЛДЫ (БЕРДІ)

А) Бой көтерді, кеңінен жайылды; күшіне енді. ~ «Жеке адамға табынушылық және оның зардаптарын жою туралы» қаулы жарық көрді де, әдебиет пен өнерде жаңа бір бағыт белең алды. Ш.Сар. ~ Бұрын самайда ғана белең берген ақ қырау жоғары өрлеп кетiптi. Р.Рай. ~ Елді дүрліктірген бұл дау сәл нәрседен белең алған-ды. М.Әбд. ~ Аштық, жалаңаштық, жоқшылық белең алып, оған қысқы суық қосылған соң олардың еңсесі көтерілмей, қабағы түсіп, күлкі, қуану дегенді мүлде ұмытқан. Ә.Марғ. ~ Мұнысы қалай? Түсінен шошығаны ма?- деді Таңжарықтың бетіне бедірейе қарап. Оның жып- жылтыр қара торы жүзінде жымысқы күлкі белең берді. Т.Рыс.
Ә) Үрікті, шошынды. ~ Жирен құнан көпке дейтiн ұстатпай сарсаңға салды. Белең алып, шығандап қашып жылқыға жуымай қойды. Т.Сәу.

БЕЛЕҢ АЛДЫ (БЕРДІ) Read More

БЕЛЕҢ АЛҒАН (БЕЛЕҢІ БАР) ЖЫЛҚЫДАЙ

Не болса содан секем алатын, сужүректік, үркектік туралы. ~ Адам бір оңбай құламасын, егер бір рет қапылыста оңбастай құлаған екен, өмір бойы сүріншектеп, белең алған жылқыдай көрінген нәрседен үркектеп өтеді…– деп еді-ау әкесі. О.Бөк. ~ Біреулері осынау ғажайып жаңа өмірге бейтарап адам екенін білдіргісі келгендей аяғын жайбарақат, бейқам басып келе жатса, бағда біреулері белеңі бар жылқыдай жан-жағына үрке қарайды. І.Ес.

БЕЛЕҢ АЛҒАН (БЕЛЕҢІ БАР) ЖЫЛҚЫДАЙ Read More

БЕЛДІ БЕКЕМ БУЫНДЫ (БУДЫ)

Әлдебір іске бекінді. ~ Әлі де сыны таймаған сымбатты Найман-Ана алыс сапардың салты бойынша белді бекем буынған. Ш.Айт. ~ Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкий жарлығы бойынша Қарқаралы екі класты училищесінің меңгерушісі Ахмет 1909 жылы 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан нақақ 8 ай бойы азап-қорлық көріп, торығады, қиналып ширайды, күреске белді бекем буады. Р.Нұрғ.

БЕЛДІ БЕКЕМ БУЫНДЫ (БУДЫ) Read More

БЕЛДЕУДЕН НАЙЗА, БЕЛДЕН ҚЫЛЫШ КЕТІРМЕДІ

Бес қаруын сайлап, жорыққа, айқасқа сақадай сай тұрды. ~ Соны ойлап жайлау-жайлаудың елі, дәмелі жігіттері аттарын күндіз-түні қолда сақтап, белдеуден найза, белден қылыш сабы сияқты қаруын кетірмейтін болған. М.Әу.

БЕЛДЕУДЕН НАЙЗА, БЕЛДЕН ҚЫЛЫШ КЕТІРМЕДІ Read More