А) Құяңы ұстап, белін жаза алмай қалды. ~ Сырттан самаурын көтеріп апам келді. — Белім шойырылып өлейін деп жүрмін. Мені бір аяйтын кезің бола ма,- дейді шоқты көсеп жатып. Мен не дерімді білмедім. Т.Әбд. ~ Менің бабам заманында қылшылдаған жігіт боп, қартая келе бетіне әжім түсіп, белі шойырылып, өзінің сол үйреншікті қуысында көзін жұмды. Анадан «шыр» етіп түсті… Өлді. Туу мен өлудің арасындағы өмір — өмір емес, тек, рақаты жоқ күйкі тіршілік қана. Т.Бер. ~ Небір нардай жігіттер бес- алты айда белі кеткен түйедей кирелеңдеп, бүкшиіп қалыпты. Өзі де тәшкі айдаймын деп белден шойырылған. Ү.Жлк. ~ Сенің әкең болса, баласы өлгесін белден шойырылып қалып, емделуге «Алма Арасанға» жүріп кеткен. Ү.Жлк.
Ә) Сиқы бұзылды, берекесі кетті. ~ Соғыс аяқталып, елге ер-азаматтың көбі қайта оралып, белі шойырылған тұрмыс біртіндеп еңсесін қайта көтере бастады. Бұрын диірмен тартуға шақыратын үйлердің саны да азая берді. С.Жүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕЛДЕН КЕШТІ
Әлдебір оқиғаның, құбылыстың қақ ортасында жүріп, қызығын (не қиындығын) молынан татты. ~ Шығады жүзден дара, мыңнан дана, Екшелер дән мен қабық қырманда да. Бейішін бейнетінің белден кешер Бейілін ел мен жұртқа бұрған ғана. И.Сап. ~ Зейнептің жегені алдында, жемегені артында, қолын жылы суға малып қойып, молшылық тұрмыстың бал дәуренін емін-еркін белден кешіп-ақ жүр. Ө.Ахм.
БЕЛДЕН КЕЛЕДІ
Қаулап өскен шөптің биіктігі, судың тереңдігі туралы. ~ Бұрын балаусасы белден келетін көк шалғындар, шалқыған дариялар оты мен саясы мол қыртысты таулар қайдағы бір сүзіткі сүйреткен, өгізге еріп, соқа ұстап жер тілімдеген қара шекпендерге бұйырды. Ә.Кек. ~ Жағасын айбалдырған мен ақшуағы аралас белден келер көгал шөп көмген, жұлындай боп жер астынан шығып жатқан, сылдыр қаққан жіңішке бұлақтар. І.Ес. ~ Жұрт бірінші күнгі сәскеден бастап– ақ төрт тараптан бірдей құйыла бастады. Мырза да исі қазақ ұлтын жинар жерді тапқан– ақ! Шалғыны белден келетін мидай жазық. Т.Жұр. ~ Бір кезде қар ойылып кетіп, белден келер тереңге гүмп еттім. Мыңбұлаққа жеткенімді сонда ғана білдім. Ә.Нұрш.
БЕЛДЕН БЕЛ (БЕЛГЕ) АСТЫ
Талай белді артқа тастап, ұзап кетті. ~ Майсордың бұлағына бір түнеп, малды шалғынға шеміршектетіп алып, қалың қаулы, жауылшалы, жоңышқалы, бетегелі бұйрат пен белден бел асып отырып, Шақшан адырының түбінен Шідертіге қылт ете түсесің. Ж.Айм. ~ Нәзік сыңғыр күмбірлеп көбейіп, сыңғырлап ұлғайып, белден бел асып, аспандап ұзамай ма? С.Смат. ~ Белден бел асып жалғыз қашқан асауды жылқышылар кезектесе қуып ақыры титықтата шаршатып үйіріне қосып, үйірді жабыла айдап қораға беттеткен- ді. С.Елу. ~ Кілттің аузын ашармын. Сен жатсаң да, мен жатпан, Қанікейдей көрікті қыз, Тінікейдей текті қыз,- Екеуін алып қашармын. Жау қолында жылатпан, Күймеге салып екеуін, Белден белге асармын!» «Қара Қыпшақ Қобыланды».
БЕЛДЕН БАТТЫ
Молынан кірікті, кенелді, белшеден батты. ~ Б а з а р б а й. Міне, қызық!.. Сен қызыңмен Мыршымға белден батқанда. Сүйіп-құшып екі ғашық Мауқын басып жатқанда, Сүйек күткен иттен жаман, Көзін сүзіп отырған жан Нағыз бір құдай атқан да! Ж.Айм. ~ Кедейлік жаншып, ділгірлік сорына белден батып отырған жоқ-жітікке жаны ашыды да, қолдан келерін істеді де берді. Ғ.Мүс. ~ … қатары ыдыраңқырап, біразы бұл жосықсыз лайсаңның батпағына белден батып, ол ұйық түбіне тартып бара жатқандықтан, олардан безіп, көз көрмес, құлақ естімес, елден жырақ, қыбайға тартты. Б.Қыд.
БЕЛДЕН БАСТЫ
Әлімжеттік қылды, күшке басты; дегенін істеді. Зорлық қылды, күш көрсетті. ~ Бүгін Зейнеп сол үрдісті белден басып бірдеңе дей қалса, санына біз сұғып алсаң да үн шығармайтын Тілеудің ішінен неге жоритынын кім біліпті. Ә.Кек. ~ Екі күн бұрын алған жалақысына белден басып Зухраға финдік қыстық етік алып берген. Т.Сәук. ~ Сөйтіп өтсем бедеулігімді бет ұрғаным, тәңірінің бермегенін пейіл-ниетіммен белден басып алғаным болмас па еді. Н.Дәу. ~ Сыланайын десем байдан қорқам, сыланбайын десем тоқалдан қорқам дейтін бәйбіше болсам деген арманым бар еді. Ондай ниетімнің белінен басқыларың келген екен. АҚ «Арпалыспен…» ~ Жер бетінде қыбырлап жүргендер, жыбырлап жүргендер сол Ұлы Құдіреттің таразы, тезінен құтыла алмасы хақ деп біледі. Хансұлудың көзі соған жеткен. Әділет, адалдықты белден басып Ждақай тәрізді дүниені былғап жүргендерге таң қалады. С.Ел.
БЕЛДЕН АЙЫРЫЛДЫ
Еркектік күші әлсіреді. ~ Бұның осы ұмасы мен шыбығын қытайлар қазірге дейін тек алтынға бағалайды. Өйткені белден айырылған еркекке бұдан асқан ем жоқ, тегінде, — деді Ақаң. Д.Әш.
БЕЛГІЛІ БЕКБИКЕ (БЕС БИКЕ)
Жаман аты елге жайылған сұрқия. ~ Көрінген жерге тықпалай берме оны. Оның үстіне ол барса, баяғы белгілі бекбикелер дейтін қауесет тарайды. С.Смат. ~ Ертеден кешке дейін дәрігерге келіп, біріне кірмеген бұл әйел кім? — деп сұрады тіс ауруынан ұрты ісіп кеткен ер адам. — Соны танымаушы ма едіңіз, кәдімгі қалаға белгілі Бекбике деген осы ғой. Б.Қыд. ~ Ойбай-ау, ол белгілі бес бике, аңқау жұртты жер қаптырған алдауыш, һаяр емес пе. О.Сәрс.
БЕЛГІ ҚАЛДЫ
Артында ізі қалды. ~ Қайсысы ықыласын салып тыңдап, Жаратпай қайсыбірі теріс қарар. Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар, Солардан аз да болса белгі қалар. А.Байт.
БЕЛГЕ СОҚҚАНДАЙ
Ауыр соққы алды. ~ Болыстар ісін іштерінен ақтауға да бата алмады. Белге соққандай болатын. М.Әу. ~ Рухия белге соққандай мысы құрып отыр. Бір жағында намысы, бір жағында аянышы – екеуі де бұлтартар емес . С.См. ~ Әлде, тіпті балалық өтіп, үлкендікке қарай бой ұрғандығы ма? Аралықта белге соққандай бір дағдарыста қалған сияқты. М.Әу. ~ Дәулетқан мен Ыбырай шабарман ат иесі Әлиге көзбе-көз зорлық көрсете бастағанмен, үсті-басы сарала полицейлер мен Арыппайды көргенде белге соққандай амалдары құрып, бозарып — бозарып тұрып қалған. Ж.Ахм.

