БАСЫНА ТИДІ

Зардабын шекті. ~ Ол бұрын Шоқанды «тентек» деп жақсы көретін еді. Сол тентектіктің сойылы, ақыры өз басына тиіп, күйеуі – Шепе сотқарлығының салдарынан қашып кетті. С.Мұқ. ~ Өзінен зор, өзіне билік жүргізетін жоғарыдағы адамға етекте тұрып айғайлауға болмасы қанша рет басына тисе де, бақыр басы ұқпай- ақ қойды- ау. О.Бөк.

БАСЫНА ТИДІ Read More

БАСЫНА СУ ҚҰЙДЫ

а) Әлдебір соманы ұстап қойды, бітірді, тауысты, біржақты қылды. ~ Қажетті нәрселерімізді дер кезінде түгел алып қоймасақ болмайды. Жұмсалып кетеді. Кеше, әне көрдің ғой, бір кештің арасында отыз сомның басына су құйдық. Б.Соқп.
ә) Құртты, керексіз қылды. ~ Болашақ мақаланың басына су құйылды. Өйткені түп қазық факт жоқ. Командировка рәсуа болды. М.Қаб. ~ Қойшы әйтеуір, жарты жылда екі жігіттің басына су құйған. Одан кейінгі көңіл қосқаны – Гиви. Ең ұзақ тұрақтаған сол. Т.Сәу.

БАСЫНА СУ ҚҰЙДЫ Read More

БАСЫНА СӘЛДЕ ОРАДЫ (КИДІ)

Діндарлыққа салныды, молда болды.~ Бүйте берсе, құлшылығын қуып, қажыға да кетер. Басына сәлде орап, зiкiр салып, бiр күнде «әпендi» боп келген Байды көрiп жүрмейiк! – дедi. М.Әу. ~ Маңдайын сәждеге тигізіп, бетін құбылаға қаратып бір жығыла алмай кететін болды. Заманында Құдайға қарсы оқ атқан талай қызыл коммунистер кейін басына сәлде орап, молда боп кеткен жоқ па?! Ү.Жәл. ~ Тәкежан тырсиып, күйіп отыр еді. Ұрса жөнелді: – Ондай сопы болсаң, басыңа сәлде киіп, Дәркембайға арнап құшыр жисаңшы! – Қажет болса, құшыр да жиям. Халық қырылар болса, амандығым садаға!.. М.Әу.

БАСЫНА СӘЛДЕ ОРАДЫ (КИДІ) Read More

БАСЫНА ПӘЛЕ ТАПТЫ

Жайсыз жағдайға тап болды, пәлеге ұшырады. ~ Қара Көже, сені бір жерге ертіп барсам, серік болуға жарайсың ба? – деп сұрады. – Қайда? – Жоқ, сен шойнақты жолдас етемін деп, басыма пәле тауып алармын. Хош. Мен кеттім. Ал таңертең дайындалып тұр. Б.Соқ.

БАСЫНА ПӘЛЕ ТАПТЫ Read More

БАСЫНА ОРАМАЛ САЛДЫ

Келін болып түсті; күйеуге шықты (берді). ~ … мінекей, мұның мына дүниедегі ең қымбат адамын мазақ қылғандай, жоқ жерден басына орамал салып, зорлық-зомбылықтың көкесін көрсетсе де, дәл осы тұста түк білмегендей шақырайған күн астында тымырайып сұлық жатыр. Қ.Жиен.

БАСЫНА ОРАМАЛ САЛДЫ Read More

БАСЫНА ОЙНАДЫ

Ойран салып, ойына келгенді істеді. ~ Қарулы қолда, зуылдап, ысқырған сойыл қайдағы қалтарыс жырашықта дүңгендердің басына ойнады. Т.Рыск. ~ Хиуа, Қоқан, Россия ақ патшасы, қазақ сұлтаны — төртеуі төрт жақтан қанды шоқпарларын басына ойнатқан сорлы халқының құрып кетуге таяу тұрған тағдырын ойлағанда, өн бойы өртеніп, көкірегі қарс айрыла қайғы билеп, өзін өзі ұстай алмай толықсып ат үстінен құлап кете жаздайды. І.Ес.

БАСЫНА ОЙНАДЫ Read More

БАСЫНА НОҚТА, МОЙНЫНА ҚАМЫТ ТҮСТІ

Құлшылыққа түсті, еркінен айрылды. ~ Денесін балбыратқан рахат бір тыныштық лезде ғайып болып, қас пен көздің арасында басына ноқта, мойнына қамыт түсіп, келесі бір сәтте өзіне әбден таныс болған, өзін әбден ығыр етіп, зықын шығарған шиқылдақ арбаны ыстық күнде еріне сүйретіп, қала сыртына қарай қиыршық жолмен аяңдап бара жатты. Д.Ис.

БАСЫНА НОҚТА, МОЙНЫНА ҚАМЫТ ТҮСТІ Read More

БАСЫНА НОҚТА ТҮСТІ

Біреудің жетегінде кетті, күйеуге тиді; тәуелді болды. — Қыз деген залым келеді, жайшылықта жайдары қарсы алушы еді, бір пәлені сезген болуы керек, жымиып отырды ғой, — деп қойды Нұрекең. — Жымиып қайда барар дейсің, басына ноқта түсер алдындағы соңғы бұлқынысы да, — деп прокурор Тәшен сендіре айтты. C.Шай. ~ Басыңа ноқта түсіп, бұйдаңды басқа біреу жетектесе, жүре бермейсің бе құр ілесіп. С.Смат.

БАСЫНА НОҚТА ТҮСТІ Read More

БАСЫНА НОҚТА СЫЙМАДЫ

Құлдыққа түспеді, еркіндігін сақтап қалды. ~ Бірақ баяғы-баяғы, басына ноқта симай-ақ кеткен әкесі Рысқұл деген кісі титтей баласының құлағына құйып айтып қойған өсиеті бар ғой: Шалқайғанға — шалқай, пайғамбардың ұлы емес! Еңкейгенге — еңкей, Əкеңнен қалған құл емес! Ш.Мұрт.

БАСЫНА НОҚТА СЫЙМАДЫ Read More

басына ноқта салды

Құлдыққа салды, бас бостандығынан айырды, қолға үйретті. ~ — Айналайын, Абдыра- ай, сонша жыл асаудай арқырап ағып жатқанда, жалыңа қол апартпай қойып ең, сенің басыңа да ноқта салдық- ау! — дескен неше алуан сөздер, көңілді күлкі, айғай- сүрен бүкіл шатқалды жаңғырықтырды. Қ.Жұм.

басына ноқта салды Read More