Әлдебір ауыртпалыққа, азапқа тап болды, қуғынға ұшырады. ~ Қазақтың басына зобалаң туған кезде, «Семей не болып қалды? Азаматтар не күйге ұшырады» деген сұрау Қартқожаның ойынан кетпей жүрді. Ж.Айм. ~ «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен көр» деп, зобалаң оның басына да туып жатқан көрінеді. Б.Соқп. ~ Сонан күндердің бір күнінде Адай жігіттің басына зобалаң туып, еліне сыймай қашып шығыпты. Ә.Нұрп. ~ Қапыда қалған Қаражігіт Қорабайды ұстап, дойырмен сойып салды. Баласының өшін әкесінен алды. Ауыл үстінде ат ойнатып, қауқарсыз үйдің басына зобалаң туғызды. Ү.Жлк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАСЫНА ЗАУАЛ ТУДЫ (КЕЛДІ, ТӨНДІ)
Азабы, мехнаты көп уақыт төнді. ~ Күнгей-теріскейдің небір жайсаңдарының басына зауал туып, зар еңіреді. Н.Дәу. ~ Ел бетіне қараудан да қалдық. Екінің бірі: «Ә, бәлем, бастарыңа зауал туды ма!» деп бетке түкіретіндей. Бауыздаларда тышқақ лақ та тұяқ серіппей ме?! Б.Тоғ. ~ Шешесі кейіген: – Соғыста кім жетім қалмаған, кім жесір қалмаған. Жалғыз Қожақтың басына келген зауал емес бұл. О.Бөк. ~ Көтерілісшілер қоршап келіп қалғанда, басына шын зауал төнгенін бір- ақ түсінген … Қ.Жұм.
БАСЫНА ЖЕЛЕК ЖАМЫЛДЫ
Күйеуге шықты. ~ Мақпал ерке еді. Кішкентайында тәттіден тәтті таңдап, алдына қойған асты татып алмай қиғылық салатыны бар-ды. Масаты қызының бұл қылығын соған жориды. Бірақ, қазір басына желек жамылған келіншек… Есі кіретін кезі болды ғой. З.Шүк.
БАСЫНА ЖАУЛЫҚ САЛДЫРДЫ
Тұрмысқа шықты; некелі әйел болды. ~ Той өтеді. Ел тарқайды. Ақбілек ақ отауында… ол келіншек. Басына жаулық салдырыпты, сыртында желегі. Төсек ағаш алдында ақ саусағы майысып, күйеуіне ақ көйлек қайып отыр. Жанында домбыра шертіп, Бекболат жантайып жатыр. Ж.Айм.
БАСЫНА ЖАСТЫҚ, АСТЫНА ТӨСЕК БОЛДЫ
Асты-үстіне түсіп, көңілін табуға тырысты. ~ Ал Төре бидін тобе би дәрежесіне жете алмаған көңілінде бітпес шері бар. Осы көкейкесті тілек, жатса-тұрса өшпес арманға айналған. Сол үшін ол Жәнібек ханның басына жастық, астына төсек болды. Мөңгілі биден кейінгі екінші би дәрежесі — сүбе би дәрежесі аз көрінген. І.Ес.
БАСЫНА ӘҢГІР ТАЯҚ ОЙНАТТЫ
Басынды, жер-жебіріне жетіп тілдеді, күн көрсетпеді, ығырын кетірді, жүндей түтті. ~ Ертең түске таман бітіріп беріп жібермесем, ол менің басыма әңгір таяқ ойнатады, – деді. Ә.Шәр. ~ Әбден мезі ғып болдыңдар ғой, түге. Қит етсе басымызға әңгіртаяқ ойнатасыңдар. Жетер енді тәлкектерің. С.Ом. ~ Осы тамақты «чахохбили» деп бір грузиннің алдына қойса бар ғой, аспаздың басына сөзсіз әңгір таяқ ойнататын еді. Т.Бер. ~ Ши көшенің басында тұратын Қатипаның басына көршісі Кәмалия әңгір таяқ ойнатқан екен, оның да амалы табылыпты… А.Сәб.
БАСЫНА ӘЛЕК САЛДЫ (ӘКЕЛДІ)
Кесірін тигізді, әуре-сарсаң қылды. ~ Зере ел шабысын әңгіме еткенде, сол істердің бәрінел басына әлек салған, ұлардай шулатқан, кесел күндей айтатын. М.Әу. ~ Сол келген салқын үнді, қатаң ажарлы жүргіншіМәкен басына әлек әкелген. М.Әу. ~ Бір сен емес талайдың Басына әлек салғам-ды. М.Әу.
БАСЫНА БҰЛТ ТӨНДІ (ҮЙІРІЛДІ, ТҮНЕРДІ)
Қиын-қыстау заман туды; ауыр жағдайға тап болды, қауіп-қатер туды. ~ Сибанның басына бұлт төніп келе жатқанын ескерте кеткелі қайта оралып келгендеріңізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, қадірлі билер. Ғ.Мүс. ~ … Өзінің табан тіреген еңбекшілдігі, сұрапыл ізденімпаздығы, білімге ынтықтығы кеше ғана басына бұлт боп төнген жоғарыдағы шенеуніктердің ашу-ызасын аз да болса ыдыратып,
сейілткен сықылды еді. Д.Дос. ~ Бізді жетіскендерінен алғы шепке әкелген жоқ. Бастарына бұлт үйіріле бастаған тәрізді… Б.Тоғ. ~ Сол ақсүйек бекзадалардың басына бұлт үйіріліп, өз жандарын қорғай алмауы — демек империяның да басынан бақ тайып, құрып бітуге айналғаны ғой. Қ.Жұм. ~ Бірақ «ел басына бұлт түнеріп тұрғанда, бір қыз үшін әлек болуымның реті келмес» деп өртенген жүрегін ақылмен басуда… І.Ес.
БАСЫНА БҰЛТ БАЙЛАДЫ (ҮЙІРДІ)
Ауыр халге, қиын жағдайға тап болды, мұқтаждыққа ұшырады. ~ Баянды елдің мен едім бір баласы, Қай құдірет басыма бұлт байлаған?! Р.Нияз. ~ Неге көңіл көзіме құм үйілген, Рухым қайда ел сеніп, жұрт сүйінген? Бақыт құсын маңыма жолата ма, Құдірет күш басыма бұлт үйірген. Р.Нияз.
БАСЫНА БӘЛЕ БОЛДЫ
Біреудің кесірі тиді. ~ Біз әлі қыстаудан көшкен жоқпыз. Сенің ботаң басыма бәле болды! Өзім келгенше тірі жанға көрсетпесін депсің ғой! Қораға тығып жанға көрсетпей отырмыз… Ғ.Мүс. ~ Сіз туралы Таня маған біраз әңгімеледі. Қайдан қоңырау шалып тұрсыз? — Жұмат бұл сұраққа дайын емес еді, аялдап қалды. «Үйден» дейін десе, қыздың бір ойлағаны бар болар, ертең басына бәле болса қайтеді? Е.Жең. ~ Ажалым жетсе қақалып өлермін, Фрося үшін жан пида. Сол Галя деген қыз басыма бәле болды, «күріштің арқасында күрмек су ішіп…». Әкемнің тәрбиесінен де бар. Тоқ етері — өзімнің табанымның бүрі жоқ. Әйтпесе Фрося кім, Галя кім? Қ.Жиен.

