а) Қарсы болды, келіспеді, (әлдебір) ұсынысты қабылдамай қойды; ат-тонын ала қашты. ~ Мұнда түрліше қылмыстылар бар: кісі өлтіргендер, ат ұрлағандар, қалтаға түскендер, мастар, қасы- көзі боялған жезөкшелер, штрафтан бас тартқан қала жатақтары… М.Дәу. ~ Түске дейін жақсы істедік. Әне, аралап, тексеріп көріңіз. Ал енді істеуден бас тартып отырмыз,- деді Әжібек. С.Мұр. ~ Саламат үш баласымен әйелін тастап, бір айдан кейін келіп алып кеткісі келетіндігін білдірді. Айжан жігіт ұсынысынан бас тартты. М.Сүн. ~ Бірақ халқын шексіз сүйген Сегіз ондай қызметтен үзілді- кесілді бас тартады. Н.Әбу..
ә) Сыйлы қонақтың алдына сойылған малдың басын қойды; қонаққа арнап мал сойды. ~ Қалжыңды қоя тұршы, жүр, жүр! – десіп бірін бірі итермелеп, моланың аузына келді. Əбежан молдаға қарап: – Кір! – деді. – Жасың үлкен өзің кір! – Е- е! Маған бас тартқалы жатыр ма? Ж.Айм. ~ Қонақтарға арнап Қанатбай қой сойыпты. Сұлтанға бас тартты. Тарағайға құлақ тиді. Анда-санда бір шық дегізіп қойып, Сұлтан мен Қанатбай қырлы стаканмен арақ ішті. Ә.Тар.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАС СҰҚТЫ
а) Кіріп шықты, жүзін көрсетті, қатынасты. ~ Қала мен ауылда ағайындардың өзі шақырусыз бірінің есігін бірі ашуды қойды. Наурызда, айт күндері де бас сұғып, «құтты болсын!» айту ілу де біреу ғана. Ж.Аяз. ~ Түскі астарына қамданған жұрт бірі алып кетпек болып, бірі ала бармақ болып, дүкенге бас сұғады. А.Үс. ~ Алматыдағы газет, журналдармен байланысың болмады. Оны білемін. Ал, Жолбасар редакцияларға жиі бас сұғып тұратын. Д.Қуат.
ә) Араласпайтын іске араласты, көлденеңнен кірісті. ~ Сол қамалға тірелген кезде ар жағы бір құпия беймәлім, бас сұғуға болмайтын мүлде жат дүние екенін аңғарады. Т.Әбд. ~ Кенет шеткі отаудан әсем киінген сымбатты келіншек көрінді. Ол батыл басып, әйел бас сұқпайтын мынау даулы ортаға қарай келе жатыр. Жұрттың бәрі аң- таң. Б.Мом.
БАС СҰҚПАЙДЫ
Кіріп-шығуды қойған, жоламайды. ~ Сілеусін қайтпады: ─ Өзімізге ұнайды, әйтеуір. Біздің үйдің кісісі десе жаны-құты қалмайды. Міне, көрмейсіз бе, өзі келді. Ал басқа бір қазақтың үйіне әке-көке десең де бас сұқпайды. Рақмет сонысына. С.Шай. ~ Жуабай көрінбей кеткелі Ащыбай мен Пиязбай басшы болып, Тәнімсұлу бике жалғызсырап жүрді. Ауланың сыртындағы қызметші отау иелері шарбақ ішіне бас сұқпайды. АҚ Арпалыспен…» ~ Жолдастың кіріп шығып, Дидармен сөйлесіп, маңдайынан сүйгенінен басқа ешбір жан бұл науқастың бөлмесіне бас сұқпайды. Бәрінің өз күйбеңі бар. АҚ «Күйген нан». ~ Міне, содан бері тірі өлік болып, төсекте шалқасынан түсіп жатады да қояды. Басқа не істесін? Кемпірі тамақтан¬дырады. Алғашқыда туысқандары кел¬генсіп еді, олар да бұл үйге соңғы кездері бас сұқпайтын болды. Е.Айғ.
БАС СҮЙЕСТІ
Бір-біріне демеу болды. ~ Ақсақал, кешегі сөзіңіз туралы біз үй іші болып кеңесіп, ырзалық білдіргелі отырмыз. Әуелде бас сүйескендікпен бала алып, бала де беріскенбіз. Одан бергі отбасы — ошақ бұты өкпе болса, тастасқан жөн. Енді біз қайырлы болсын айтамыз! М.Әу. ~ Кеше менің әкем Бейсембіге, ағаңа кісі салыпты: «Әуелден бас сүйескен жақын едік, бұрынғы сүйегім ескіріп барады. Қайтадан сүйек жаңғыртайық, мына Аманбайға баласын берсін»,—депті. Бұған не айтасың? М.Әу.
БАС САУҒАЛАДЫ (БАС САУҒА ҚЫЛДЫ)
Жан сақтауға тырысты, қашып құтылды, пана іздеді. ~ Аулақ жүріп одан да, Бас сауға қыл аманда, Еліңді таппай жүрерсің, Кесірім тисе осыдан. «Қыз Жібек». ~ Бөрікбай батырымыз ақырында бас сауғалап, бізге қарай құлдырай қашты. О.Сәр. ~ Сұлуқас (Ақкемпір) далаңдай солай қарай жүгірді. Қыз жылжып, қамыс арасына бас сауғалаған екен. Шешесін көріп, шырқырай жылап, даланы басына көтерсін. Ш.Құм. ~ Ұлыстың қарашыларының арасында орасан беделге ие Ергене-бегімге Алғи сөз салады. Ұлы Мүбәрәкшаһты таққа отырғызуға уәдесін алып, Ергене-бегім үшінші рет төсек жаңғыртады. Т.Жұрт. ~ Дүниедегі ең жақсы көретіні байы мен баласын ренжітіп, өзінің бас сауға қылып кеткенін Күлпаш енді ар көре бастады. Б.Май.
БАС САЛДЫ
Шап беріп ұстады, жармаса кетті; құшақтай алды. ~ Бұлтыңдады, бұлқынды, Жан ұшырды, жұлқынды, Күлді мысық мұртынан. Үш босатты, бас салды, Бес босатты, бас салды. М.Жұм. ~ Ең соңынан мысық орғи жөнелгенде жолбарыс бас салды. С.Ом. ~ … үйден шыққан грейдерші жігіт өзінің серігін тани кетіп, оны бас салды. Д.Ис. ~ Үйінен қуана жүгіріп әрі жылап шыққан Қыздаркүл апасы бас салып бұларды құшақтап, беттерінен сүйіп жатыр. Т.Нұр.
БАС САҒАЛАДЫ
Тығылып қалды, қашты, жан сақтады. ~ Торғай ұясына, тышқан ініне тығылып, жан-жануар бас сағалау қамында. Ж.Айм.
БАС ПАЙДАСЫН ҚУДЫ (ОЙЛАДЫ)
Жеке өзінің мүддесін ғана көздеді. ~ Ол не қылған? Боялып камонес болып, ылғи атақ көксеген, бас пайдасын қуған; қазынаның ақшасын қартаға, саудаға салған. Ж.Айм. ~ Ал қазір… әрине сізге қиын, бірақ қазір біз оған мүлде дос емеспіз. Ол — эгоист. Ол — ол бас пайдасын көбірек ойлайды. C.См.
БАС ПАЙДАСЫ ҮШІН
Қара басының қамы мақсатында. ~ Саған аяушылық пен адамшылық мүлде жат. Өзіңнің бас пайдаң үшін бәрін сатып кете бересің! Д.Рам. ~ Мен адамдардың шімірікпей жақсы мен жайсаңды жамандыққа қиғанын талай көрдім. Бас пайдасы үшін адамның неге болса да баратынын көрдім. Т.Әс.
БАС ҚҰРАДЫ
а) Қосылды, үй болды. ~ Бәрін айт та бірін айт, махаббаттың жырын айт, Әлфия екеуі көп ұзамай дос болады, одан қол ұстасып, оқу бітірген жылы бас құрайды. М.Қаб.
ә) Күш жинады, топ құрды. ~ Бізге қарсы тарп аттануга батылдары бармайды. Ауданға шабады. Отряд жинайды. Шұғыл кіріскеннің өзінде ертең кешке әрең бас құрайды. М.Мағ. ~ Күн әбден найза бойы көтеріліп болғанда қуғын тоқтап қалды да, аман қалған жаулар Көкеннен асып, енді ғана ес жиып, бас құрауға айналды. М.Әу.
