БАСАЛҚА (БАСАЛҚЫ) АЙТТЫ

Ақыл айтты, кеңес берді; басу сөз айтты. ~ Қажікен Сараның қолыңдағы бауырсағын қағып түсіріп, Сара ыңылдап жылағалы келе жатыр еді: — Айналайын, күнім!.. Қой қой енді… бауырыңа тимесейші! Сенің есің бар ғой!— деп, екі бауырын уатып басалқа айтты. Ж.Айм. ~ Кетті жас көлдей болып көздерінен, Айрылды басалқа айтар сөздерінен, Ерекше өлім шіркін өкіндірер, Топырақ бұйырмаған өз жерінен. І.Тұрм. ~ «Менің ержетіп қалған балам бар, мен күйеуге тимеймін» деп басалқы айтып, түсіндіретін болар. Бірақ Қаратайдың оны түсінгісі, ұққысы келмейді. Б.Соқ. ~ Ау, қойыңдар, шырақтарым, — деп бір шал басалқы айтты. Т.Әбд. ~ Ашуланғаны сонша, қой көзі қып-қызыл болып қанталап, өңінде ызаның ұшқындары шашырап тұрды. Әншейінде басалқы айтатын Жамал, бүл жолы бірдеме деуге батылы жетпеді. Ғ.Мұст.

БАСАЛҚА (БАСАЛҚЫ) АЙТТЫ Read More

БАСА-КӨКТЕП КІРДІ

Әй-шәй жоқ, басынып, адуындап, жетіп келді. ~ Анталап өңшең атты кетті қаптап, Жарқылдап жарақтары жетті ентелей. «Кетпек пе бүл шіркіндер елді таптап?» Келеді баса
көктеп еш именбей. Қ.Аман. ~ Неге рұқсат сұрайсың? Баса-көктеп кірмейсің бе? Мендей бетсіздің бетін тілмейсің бе? — деп Торғын аңыраған күйі Абзалдың мойнына асыла кетті. К.Қаз. ~ Сол екі арада есіктің ойығынан жылт-жылт еткен от көрініп, қолына шырақ ұстаған еркектер бөлмеге баса көктеп кіріп келді. Вера да есін жиып алды. А.Крис.

БАСА-КӨКТЕП КІРДІ Read More

БАС ҰРДЫ

Құлдық етті, аяғына жығылды. ~ Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Абай ~ Сонда, анау балшыдан Құлдық ұрып, бас ұрған «Ханым!» деген шықты сөз. М.Жұм.

БАС ҰРДЫ Read More

БАС ТҮЙІСТІРДІ

Бірікті, әлдебір іске иін тірестіре жұмылды. ~ Күрсінді де, орнынан тұрып, балағын қақты, сыртқа беттеді. Селебе пышақ пен мүсін бас түйістіріп, құлап жатыр. Үңгір аузы — жап-жарық сәуле. М.Қаб. ~ Қайта үшеуміз де «ЛТА-81-10» сынды төрт доңғалақты тар қобди ішінде отырып, үшеуміз де іштей сезіп, ішің білсін әлулай деп келе жатқан шуақты сезім төңірегінде бас түйістірген сияқтымыз. М.Қаб.

БАС ТҮЙІСТІРДІ Read More

БАС ТІКТІ

Әлдебір қауіпті іске өз еркімен барды, тәуекел етті. ~ Әсем бойжеткеннің ыстық құшағынан шығып, талықсып жатып ой теңізінде жүзген кейіпкеріміз Айтуар жүрек толқынын баса алмай, тағы бір оқыс оқиғаға бас тікті. Д.Дос. ~ Ұйқысы әбден ашылған келіншек іштей ширығып, қандай жазаға болса да бас тігіп, күтіп отыра берді. Ә.Тар.

БАС ТІКТІ Read More

БАС ТЕРІСІ КЕҢІДІ

Көңілі жайланды, қабағы ашылды. ~ Жұрт арқа-жарқа күліп, бас терілері кеңіп қалады, онымен қоймай: «Әй, Абыралы ма, Абыралы өзіміз ғой, көңіліне кір жолатпайды»,— деген оң пікір түйеді. Ол өстіп мысық табандап ұпай жинайтын. М.Қаб. ~ Әдетте, ол таң азанда ас үйден жуан қарын қытай термосынан шай ішіп, жүрек жалғайтын. Құрысып-тырысқан бас терісі кеңіп, кіртиген көзі тірілетін. Бұл жолы ерегесті, өйтпеді. М.Қаб. ~ Ретін, қыбын тауып айтса, әлгі тесіктен мақтау, қолпаш өтіп-ақ кетеді. Ондайда кейде доптай добал, бірде оқтай түзу тым түсінікті әзіл- қалжыңдарын айтып, бас терісі кеңіп қалады. М.Қаб.

БАС ТЕРІСІ КЕҢІДІ Read More

БАС ТЕРІСІ КЕҢ (ПІШІЛГЕН)

Қолы ашық, жомарт, көңілшек. ~ Дегенмен бауырымның бас терісі кең-ау, ол тілуге де, күлуге де жетіп жатыр. Алғаш тарылып кеткенімен кейін кеңіп сала беретін кең құйқаға — бауырымның бас терісіне не жетсін деп ойладым. Па шіркін, көн терілі бауырым-ай!.. Б.Қыд. ~ Олар да менің жазғандарым мен аударған еңбектерімді маған сілтеме жасамастан пайдаланып жүреді, е, мейлі, мен — бас терісі кең пішілген кешірімді кемеңгермін! Ғ.Қаб.

БАС ТЕРІСІ КЕҢ (ПІШІЛГЕН) Read More

БАС ТЕРІСІ КЕЛІСПЕГЕН

Ұсқыны жоқ, ұнамсыз. ~ Кім білсін, солай болса солай шығар. Тек, мынау да балықтардың ішіндегі бас терісі келіспеген біреу болар-ау. Ә.Нұрп. ~ Баяғы Сәтекел үйіне молда болып тұрып, жұртқа ораза ұстатпаймын деп әуреленетін сабаз кен ғой… Ол бір бас терісі келіспеген неме еді. Б.Майл.

БАС ТЕРІСІ КЕЛІСПЕГЕН Read More

БАС ТЕРІСІ БЫРЫСТЫ (ТЫРЫСТЫ)

Жақтырмады, тұнжырай қалды, ашу қысты. ~ Қарағым қай баласың? — Қай келімсекті танитын едің? — деді жақтырмаған Әбдіжапар бас терісі бырысып. Қ.Ысқ. ~ Таптап кетпегеніне Құдайға шүкір! — деп бас терісі бырысып, пұшайман боп қалған Сан Санычтың кейпіне кекете қарағандай болды. Қ.Ысқ. ~ Ақанның қалтасын сыртынан қақты. Басыну, қорлау! Ақанның бас терісі тырысып барады. Бір нәрсе істеу керек, бірақ ол не, анық білмейді. М.Қаб.

БАС ТЕРІСІ БЫРЫСТЫ (ТЫРЫСТЫ) Read More

БАС ТЕРІСІ АУЗЫНА ТҮСТІ

Көңілі болмай, ашу қысты, тұнжырай қалды, долырды. * Өрік өсекші қатындарды бауырына тартып, береген кісісі болды. Жар дегенде Өрік Ұрқиямен ұстасты: Ақбілекті азғырып, өзіне қаршыға қып салатын Ұрқия деп ұқты; Ұрқия келсе, бас терісі аузына түсіп, кірпідей жиырылды. Ж.Айм. ~ Күмісбай түрғаннан соң оңбасына көзі жетті. Ұрындық бас терісі аузына түсіп, қапты жүлқылап, әкелген тезегін төге бастады. Ж.Айм. ~ Жирен орыс манағыдай емес, Ақбілекке өліп-өшкенін қойып, бетінен түгі шығып, әкесі өлгендей, бас терісі аузына түсіп кетіпті. Ж.Айм. ~ Езуіндегі ымды теріс қарап тұрып та оқи беретін тас кереңнің Қылаңхан десе бас терісі аузына түсіп, қарадай тұлан тұтатын жыны бар. Қ.Ысқ. ~ Әжесі уайым-қайғылы сөйлесе де, артық қарсы болған жоқ. Қартқожаның оқуға барам дегенін ауыз үйде жүрген қатыны есітіп тұрған екен. — Немене тағы? Бармайсың оқуға!- деді бас терісі аузына түсіп. Ж.Айм.

БАС ТЕРІСІ АУЗЫНА ТҮСТІ Read More