Барым осы, осыған риза болыңдар д.м. ~ Қожайынымыз механик, көбінесе совхоздың орталығында, Бозтөбеде тұрады. Бар мәзіріміз осы боп жатыр, қарақтарым. Т.Әл. ~ Ыстықтай ас алып отыр, балам, – деді ол әлден уақытта. – Шикілі-пісілі бар мәзірім осы… Айтпақшы… – Кемпір кенет әлденені ұмытқандай, ас үйге бүкеңдей жөнелді… Д.Әш. ~ Гүлнаш, лақ етін олқысынды ма дегендей, қипақтап қалды. — Қожайынымыз механик, көбінесе совхоздың орталығында, Бозтөбеде тұрады. Бар мәзіріміз осы боп жатыр, қарақтарым. Т.Әл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАР ҚАДАРЫНША
Шама-шарқы жеткенше, мүмкіндігінше. ~ Сонымен бұл мақаланы бар қадарынша ғылыми дәлдікке негіздеуге тырыстық. Әуелгі әңгімемізді Сығанақ қаласының қазіргі жай-күйінен басталық. Д.Дос. ~ Ел сеніміне ие болған данагөй қарт Сегізбай би қазақ жұртының тарих көшінен қалмауы үшін бар қадарынша еңбек етті. А.Әм. ~ Əр қаламгер бар қадарынша тек пайғам- барлыққа ұмтылатын, қазіргідей əзəзіл-шайтандық жоқ, бола қалса да некен-саяқ кездесетін. З.Қаб.
БАР ЖАҚСЫСЫ
Таңдаулысы, бетке ұстары. ~ Қазақтың бар жақсысын масқаралап, елдің қорына, бұқарасына, кедей-кепшігіне көп табынатын Абайды бұл сынап, ұнатпай жүретін. М.Әу. ~ Ылғи сәйгүлік аттар дейді. Бар жақсысын тағы да Құдайберді таңдап, меншіктеп қояды, — деп Күнкеден туған ағасы Құдайбердіден жақсы аттарды қызғанып, — таңдаулысын алам! Алып келем!.. Осы жолы ма?.. Көрер-ақпын! — деп, асыға жөнеліп еді. М.Әу.
БАР ЕКЕН ДЕ ЖОҚ ЕКЕН
Болған-болмағаны күмәнді д.м. қазақ ертегілеріне тән рефрен. ~ Бар екен де жоқ екен, аш екен де тоқ екен. Ерте, ерте, ертеде, ертегі еткен заманда, халықты хан билепті, халық ханнан зар илепті. М.Әу. ~ Бар екен де, жоқ екен, Аш екен де, тоқ екен, Ертек, ертек, ертекте: Ала қарға — азаншы, Қара қарға — қазаншы, Шымшық терген шөпшекті. М.Жұм. ~ Аққан бұлақ, Жанған шырақ, Бар екен де жоқ екен. Төрт нәрседен үміт бар, Бір нәрседе үміт жоқ, Қара сақал әкем бар, Қара шашты шешем бар, Жеті жетім жан қинар, Бес атаның малын іздеп, Әуре болған жайым бар. «Жидебай б.»
БАР ЕКЕН
Түр-тұлғасы келісті екен д.м. ~ Алшағыр жалаң жейде, жалаң төс. Батырың бар екен, жейде ішіне кім кіріп шыққан, қар, төс еті білем-білем. М.Қаб.
БАР ДҮНИЕНІ ҰМЫТТЫ
Әлдебір сезімге, ойға қатты беріліп кетті. ~ Ханмәлік жалынған соң, Мирас түнімен отырып Ханмәліктің атынан Ләйліге өлең жазды. Бар дүниені ұмытып, өз сезімін төккен. Тәп-тәуір шығыпты. Ә.Тар.
БАР БОЛСЫН!
«Соныңды қойшы!» деген мағынадағы кейіс сөз; менсінбеу, місе тұтпау. ~ Жездеме тиіп жетілгенім бар болсын. М-М. ~ Әй, сенің үйің бар болсын! — деді саудагер оның сөзін бөліп.— Әуелі борышыңнан құтылып алсайшы. Дж.Лон. ~ Баян. Хатшы оқыдым деген соң, сене салмаймын ба… Қожанасыр айтқан көп қой: мен қатынға сенем, қатын маған сенеді деп. Мәмбет. Қожанасырың бар болсын! Контрреволюционерге жұмысыңды тапсыр да, өзің темекі жонумен отыр. Б.Майл.
БАР БОЛҒЫР!
Зілсіз өкпе, кею ретінде, көңілге келмейтіндей етіп сөгу.
~ Жарас (Жантыққа кекетіп, мысқылдап). Уай, бар болғыр, бұ жақсы кісінің ажарын сақтау дегенді білсеңші бір, сен де. Сый құдаға сыпайы сөйлемейтін бе? М.Әу. ~ Бар болғыр, қор бишара, әке больп игілік көрсеткен күнің бар ма еді? — деп сол орнында тұрып тағы да аяғының астын сипалайды. М.Әу. ~ Әлде арбасы бар болғыр соғып тастады ма, әлде ішің ауыра ма?.. С.Жүн. ~ Бар болғыр балалар мұрындарын шүйіріп, нанды алмай, шегіншектеп кетеді. Қайран тоқшылық-ай десеңші. Ш.Мұр. ~ Сол стақаны бар болғыр жалғыз Әділ емес, осы елде, қала берді қызмет істеп жүрген біздің үйімізде де жоқ, — деген әдеттегідей Бөлекең шайып-жуып. С.Баяз.
БАР БОЛҒАНЫ ОСЫ (ҒАНА)
Осы ғана, басқа ештеңе болған жоқ д.м. ~ Шаң–топырақ, бөкпе құм деп жүрген туған жер бәленше ғасыр бойы білдірмей ғана аққұмдықтарға пайдасын сұмдық тигізіпті. Су екеш суына дейін Қаймақ, Нұржан Ақбердин батырлардың, Түйе атаның бойына күш–қайрат болып құйылыпты. Бар болғаны осы. М.Қаб. ~ Он бес шумақтан астам өлеңде ақынның айтайын дегені алтыншы «А» класында оқитын Тұраштардың, жетінші «Б» класында оқитын Ғашықбектердің махаббат туралы ән шырқайтындығы. Оқушылардың бұл қылығын ерсі көрген ақын «астапыралла!» деп жағасын ұстайды. Бар болғаны осы. Ш.Сар. ~ Асқынып кеткен аран сөзге тосқауыл табылмай қалғаны рас, ондай еркіндікті, қала өмірінде кездесе беретін еркіндікті бейбастық деп санаған жұрт таңдайын тақылдатып, бетін шымшып, сан– саққа жүгіртті ғой. Менің сол қылығымды естіген ата– анам намыстан жарылып кете жаздады ғой. Бар болғаны осы ғана!» Ә.Тар.
БАР БОЛҒАНЫ
Бар-жоғы осы ғана; басқа ештеңе емес д.м. ~ Бұл жерде қазір бар болғаны жеті үй, он бес адам бар. Ауылдың айналасындағы мына қалқиған жартыкеш қабырғалар мен томпиған төбешіктер қалаға көшкен елдің ескі жұрты. С.Дос. ~ Әліп күліп жібере жаздап зорға шыдады. Аяқастынан қалай жалтарып кеткенін өзі де абайламады. Аузына домаланып сөз түсе қалды. Сол ыңғаймен қабағын тыржитты. Бар болғаны осы. Оған Мәмбетнияз үлкен әлекке қалды. М.Әбд. ~ Тоқтас енді не дерін білмегендей, бар болғаны маңдайына түскен шашын сипай берді. Т.Нұр.
