БАҚЫТҚА БӨЛЕДІ (БӨЛЕНДІ)

Қуанышқа кенелтті, рахат сезімін сыйлады. ~ Ай сәулесі түнгі ұйқыны күзетіп, бақытқа бөлейді. Б.Мом. ~ Мұндай жексұрынға керегі осы, өзінен басқалардың қасіреті оларды бақытқа бөлейді. Дж.Сэл. ~ Достық – адамдарға шынайы сезім шуағын, көңіл қуатын жеткізетін, бақытқа бөлейтін нәрсе. Ә.Ысқ. ~ Бақытқа бөленіп тұрып, мейірімді Фатиманы сағына еске алатын. А.См. ~ Түгел аяулы Ақсәніне жар болып, бүкіл өмірінде бауырына басып, бақытқа бөленген талайлы шалға қызыға да, қызғана көз жіберді. Ү.Жлк.

БАҚЫТҚА БӨЛЕДІ (БӨЛЕНДІ) Read More

БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА

Ерекше қуанышты көңіл-күйдің жетегінде; шаттыққа бөленген сәт. ~ Ендігі сәтте саябақтағы би алаңы ма, театрдың сәулетті залы ма, әйтеуір талшыбықтай майысқан бойжеткен бақыт құшағында тербеліп жүрер еді. Т.Сәук. ~ Адамдар бақыт құшағында жүрген бейбіт заман. Күні кеше алапат соғыс болмағандай, адамдар аш-жалаңаш жүрмегендей, мамыражай, дүн-дүние дін-аман. Ш.Мұр.

БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА Read More

БАҚЫТ ҚҰСЫ

Адамға бақыт әкеледі делінетін мифологиялық образ. ~ Неге көңіл көзіме құм үйілген, Рухым қайда ел сеніп, жұрт сүйінген? Бақыт құсын маңыма жолата ма, Құдірет күш басыма бұлт үйірген. Р.Нияз. ~ Алақанына қонғалы тұрған бақыт құсы, мiне пыр етiп көзiнен бұл-бұл ұшты. Бұл қысастығын өлсе кешiре ме! Т.Сәу. ~ Асамен бірге бастан бақыт құсы да қосыла ұшқандай. Екі көзі сынған таяқтың қолда қалған тұқылында. Х.Ес. ~ Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлқын қамымен өткізеді. Бақыт дегенді нәпсінің құлы болып ләззат қуу деп біледі. Бірақ, ләззат — тұзды су. Ішкен сайын шөлдетеді. Бақыт құсы ұстатпайды. С.Елу.

БАҚЫТ ҚҰСЫ Read More

БАҚЫТ ҚОНДЫ

Жолы болып, тағдыры оңалды. ~ Түбінде халдеріне қарасармын, Қарасар мұрша тапсам бақыт қонып. Әйтеуір, олар суға кеткен кісі, Соңынан етейін бе менде “шолп”! С.Тор. ~ Ақын деген атым шығады. Тіпті даңқым да күллі Қазақстанға жайылуы мүмкін. Бәлі, мынау — тіпті сарқылмас қазына ғой! Уа, жасаған! Маған да бақыт қонайын дегені ме? Б.Тоғ.

БАҚЫТ ҚОНДЫ Read More

БАҚЫР БАСТЫ ЕРКЕК

Еркек кіндікті; ер азамат. ~ Ім, солай де… Дегенмен жігітім, сен бұған жасыма. Қалай десек те, бақыр басты еркекпіз ғой, – деді соңында сенімді түрде. Ж.Сәм. ~ Бақыр басты еркек саудаға түскенде қыздың қалқасына тығылған бір әулет күні ертең букіл Қаратайдың тағдыры қатындарға қарап қалатынын қаперіне алған жоқ еді… Қ.Ысқ.

БАҚЫР БАСТЫ ЕРКЕК Read More

БАҚЫЛДАҚТАН БАЛ СОРДЫ

Ауа-райының барынша ыңғайлы, оңтайлы тұсы туралы. ~ Қазір жан-жануардың тегіс жанданып, жалауланып, жердің еміп тұрар шағы. Осы бір бақылдақтан бал сорар мезетте де шөптің сиректігінен түбі көрініп жатыр. Әдетте ондай шөп түбінен топырақ күнгей бетте ғана көрінуші еді. Б.Қыд.

БАҚЫЛДАҚТАН БАЛ СОРДЫ Read More

БАҚЫЛ БОЛДЫ

Риза болды, келісті, мойын ұсынды. ~ Жұмабике осы мезетте Айшуақтың қолынан өліп кетуге де бақыл болып, шамырқана: ─ Күнбала жүкті боп қалыпты, өлтірсең де өзің білесің! — деп еді … С.Омар. ~ Әттең, Ақан сері алмайды ғой, біреудің қалған-құтқанын қайтсын. Әйтпесе бұл үйдің төрінде жатқанша, серінің босағасында өлуге бақыл болар ем,— деп теріс айналып, есікті аша беріп еді, қос бұрымынан жұлынып, ұршықша үйіріліп барып қалай төрге мұрттай ұшқанын білмей қалды. С.Жүн.

БАҚЫЛ БОЛДЫ Read More

БАҚЫЛ БОЛ

Көз жұмар алдындағы қоштасу сөзі. ~ Дәу апаны кемпірлер алма-кезек құшақтап «Қандай-қандай күн болады, көре алмай кетсек бақыл бол!» десіп, аңырап, әндетіп жұрттың топсасын босатты. С.Елу. ~ «Аяулы жеңгем, сен о дүниеге жүргелі жатқаныңда, ең болмаса басыңда отыра алмадым, көзіңді өз қолыммен жауып, ақырғы бауырлық «Бақыл бол» деген сөзімді айта алмадым. І.Ес. ~ Кешір, Байбала, сен табиғаттың дүлей күшінің емес, біздің дәрменсіздігіміздің құрбаны болдың. Бақыл бол, қайран қарт, қайсар емен! К.Қаз.

БАҚЫЛ БОЛ Read More

БАҚСЫНЫҢ МОЛАСЫНДАЙ

Жападан жалғыз, елден саяқ. ~ Ақан аяқасты өзгеріп шыға келді. Қоскөлге неге келдім… Неге бақсының моласындай жалғыз өзім жұрттан алабөтен бөлініп, үйшік тігіп жападан жалғыз отырмын. Р.Мұқ. ~ Дәл қазiргiдей жуанның жiңiшкерген, жiңiшкенiң үзiлер шағында қыз ұзату, келiн түсiру дейтiн той– томалақтың көп бола бермейтiн уақыты. Оның үстiне, ұзатылған қыз да отауын елсiздегi қалың қопаның iшiне әкелiп, бақсының моласындай жападан жалғыз тiкпес едi. К.Сег.

БАҚСЫНЫҢ МОЛАСЫНДАЙ Read More

БАҚСЫНЫҢ ЖЫНЫ (СИЯҚТЫ)

Ырду-дырду, мағынасыз д.м. ~ Есік-терезені қымтап есірік музыканы барымен қойып, жын соққандай есі ауғанша, қуат-демі таусылғанша секектеп билеп те көрді. Би емес, бақсының жыны еді мұныкі. Қ.Жиен. ~ Төренiң түк таппағандай баланың ойыны, бақсының жыны сияқты бiрдеңелердi ермек қып кеткенiн көрген ағайындар оның денiнiң саулығына күмәнмен қарай бастаған. К.Сег. ~ …осы бiр қиюы қашқан қисынсыз дауға өзi билiк айтуды ұсынған Нұрәлiге баланың ойыны, бақсының жыны сияқты әрекетi үшiн өкпе-наз айтуына болар едi. К.Сег.

БАҚСЫНЫҢ ЖЫНЫ (СИЯҚТЫ) Read More