БАЛ ШЫРЫНЫ

Балдай тәтті сезім туралы. ~ Жасым жиырма үшке келгенде махаббат деген бал шырынның дәмін татып, уын iштiм. Сол махаббаттың адам төзбес ауырлығын көтердiм. “Бұл қандай ауырлық?” деп ойламағын. Бұл сенiң – жауапсыздығың! Д.Рам. ~ Ет жүрегім елжіреп, бақыттың бал шырынына батып бара жатқандай есеңгіреген күй кештім. Ә.Асқ. ~ Қамар жеңгейдің бар тіршілігі, мұң– арманы осы әнде ғана қалған дерсің. Махаббаттың бал – шырынын сусыны қанып жұта алмағанын, өкініші, өксігі көп ішқұсалықтан өртенгенін, оралмасқа кеткен жастық шағын егіле тұрып еске алады. С.Мұр.

БАЛ ШЫРЫНЫ Read More

БАЛ ШЕКЕРДЕЙ СӨЗІ БАР (СӨЗДЕРІ)

Тәтті сөзімен баурап алатын, тілінен бал тамған д.м. ~ Бет алдына қарасам, Шам-шырақтай көзі бар, Бал шекердей сөзі бар. Бармақ болсаң төсекте Ханбибі қыздың өзі бар, Маржандай болған тісі бар. «Қисса -и Қарабек». ~ Кеудең жатыр былғанып, Аяқ-қолың шұлғанып, Кебінің жоқ, көрің жоқ, Жерде жатар ер ме едің? Құмға былғап шашынды, Көзден шыққан жасыңды Жерге ағызар ер ме едің? Гаухар басың иленіп, Алтын тәнің былғанып, Дарға асылар ер ме едің? Қарақаттай көздерің, Қызыл гауһар жүздерің Бал шекердей сөздерің, Бір көруге зар болдым… «Бозжігіт»

БАЛ ШЕКЕРДЕЙ СӨЗІ БАР (СӨЗДЕРІ) Read More

БАЛ ТАҢДАЙ

Майда тілді, сөзге шешен немесе құйқылжытып ән салатын өнер иесі туралы. ~ Айналдым, ақ маңдайлым, Ақылдым, бал таңдайлым. Жалынды жас дәуренде, Ұялма, «жан сәулем» де. М.Әлім. ~ Көпшілік қауым ұғымында тоғайлар мен көкорай шалғынды жерлерді бал таңдай бақташылар жайлап алған дейтін түсінік бар. М.Серв.

БАЛ ТАҢДАЙ Read More

БАЛ СЕЗІМ

Шынайы, соны сезім. ~ Бал сезім билеп жанымды, Лапылдап жүрген шақта бұл, Жасырма, жаным, барыңды, Алдымда менің ақтарыл. Ф.Оңғ. ~ Өмір өзгерді, өмірмен бірге мінез де өзгерді, баяғы балалық бал сезім адыра қалды. Ә.Асқ. ~ «Малынып мұң-желімге Жырақта жүргенімде Тайғақ жолдар жанымды бек жүдетіп, Саған деген бал сезім елжіретіп… Ф.Оңғ.

БАЛ СЕЗІМ Read More

БАЛ ЖАЛАСТЫ

Татулық, етене жақындық туралы. ~ Сол ұрымен осы күнде бал жаласқан құда болып отыр. М.Әу. ~ Туған тілді үй болғанда үйрендім, туған тілді салғыласып үйрендім, Туған тілді бал жаласып үйрендім, туған тілді көші-қонда үйрендім… Ж.Баб. ~ Ендеше, еретіндер екшеле бер, Арыстан, айыпанжы ескере бер. Құда боп, бал жаласып біз қайтайық, Десеңші бұл сапарға дес бере гөр… М.Әу. ~ Сөйтіп, патша мен балықшы шал бал жаласқандай тату болады да, бір дастарханнан ас ішіп, әңгіме дүкенін құрып жата береді. ҚЕ.

БАЛ ЖАЛАСТЫ Read More

БАЛ АШТЫ

а) Құмалақ не картамен не жұлдыздарға, алақанға, жауырын сүйекке т.т қарап біреудің алдын болжап, сәуегейлік қылу туралы. ~ Құсайынның балгер екенін білген соң гарнизонның бастығы жас жігіт қуанып ұстай алыпты: — Жақсы болды ғой, кәнеки, маған қазір бал ашып берші, — депті. С.Сей. ~ Сырласқаны көк аспан, Жұлдыз қарап, бал ашқан Тәуіп екені тағы бар. М.Жұм. ~ Жаңа туған айдың жатысына қарап, болашағын болжау хақында. ~ Жоқ. Əуелі мен сенің еркек екеніңді білгім келеді. Мен əлі-ақ білем… Тоғайға барған соң, – деп тісінен сыздықтатты да жаңа айға қарап бал ашып жатқан əйелдерге жүгіріп кетті. Ж.Айм. ~ Тер жапқан терезеден тағы да біреу сығалағандай болып еді. Келіншек тіксініп қалды. Жабықтан карта алып бал ашты. Қ.Ысқ. ~ Гүлсім басқалар сияқты қойдың құмалағымен бал ашпайды. Гүлсімдікі лобия. Ш.Мұр.
ә) Сырттан тон пішті, долбарлап айта салды; жорамал жасады. ~ Жаназаға жиылған жұрт о жер, бұ жерде топтанысып отырғанда, бұл оқиға жайынан неше түрлі бал ашып, аңыз қылысты. Ж.Айм. ~ Бұл сайлауыңа тұяқ қыбырлатқан қатынасым жоқ. Адасып, бал ашпай, жайыңа отыр! – деп тағы күлдi. М.Әу. ~ Өй, бүйтіп бал ашып бас ауыртқанша, шақыр анау Құнафия шалды. М.Қаб.

БАЛ АШТЫ Read More

БАЛ АЛЫСТЫ (БАЛ БЕРІП, БАЛ АЛЫСТЫ)

Махаббаттың қызығына берілді. ~ Көкке тиген биік тау Құшақтасқан тұманмен, Қосылысып есен-сау, Бал алысқан құмармен. М.Жұм. ~ Жалын атқан еріндер бір-бірінен бал алып, бал берісіп жатқанда, тесірейе қараудан қаймыққан жартыкеш ай бір үзім қоңыр бұлттың тасасына кіріп жасырына қалады… Б.Соқ.

БАЛ АЛЫСТЫ (БАЛ БЕРІП, БАЛ АЛЫСТЫ) Read More

БАЛ-БҰЛ ЖАНДЫ (ЖАЙНАДЫ)

Жүзі ерекше нұрға бөленіп, шырайланды. ~ Келеді, кетеді, анда-санда дос қыздары телефон шалады. Ондайда бал-бұл жанып, құлпырып кетеді. М.Қаб. ~ Күлім-күлім етіп, кездемені кеудесіне басты. Әкесіне де, шешесіне де бал-бұл жанып қарай берді. К.Қаз. ~ Бөлмеге қайта кірген Мәрия айнаның алдына келіп сылана бастады. Ұйқысы қанып, салқын сумен жуынғанға өңі бал-бұл жанып, шырайлана түскен. Қ.Жұм. ~ Тотияның күлімдей салатын әдеті еді. Ал мына таңда қызыл шырайлы домалақ беті ерекше бал- бұл жайнайды. Ш.Мұр.

БАЛ-БҰЛ ЖАНДЫ (ЖАЙНАДЫ) Read More

БАҚЫТЫНА ҚАРАЙ (ОРАЙ)

Жолы болып, бағы жанып д.м. ~ …сүйінші сұрап алақайлаған адамдай, тізгінді жібере салып, екі қолын аспанға жайды, жайды да ұшып түсті, қалай ғана аттан ұшып түскенін өзі де сезбей қалды, бақытына қарай еш жері зақымданған жоқ, ауырған да жоқ … Ә.Тар. ~ Беті бері қарамай тұр-ау Мариямның. Қайдам… Кішкентай күшіктерінің бақытына қарай адам боп кетсе жарар еді, – деп шүңкілдесіп, менімен тілге келгенше болған жоқ, анамның кірпіктері көтеріліп, көзі кең ашыла беріп, маған тесіле қарады. С.Жүн. ~ Түрткілеп келіп тұрған, айтылуға әзір, парасаттың мөлдір бұлағы екенін қайдан білейік. Осы қайдан білейік қой түбімізге жетіп жүрген. Ал білу керек-ақ. Бұл таламдағы небір дарындар, бақытына орай, кезінде өзі секілді дарындарға кездескен. К.Қаз.

БАҚЫТЫНА ҚАРАЙ (ОРАЙ) Read More

БАҚЫТЫН БАСҚА ТЕПТІ

Бағаламады, құндай білмеді, өз бақытынан өзі безді. ~ Қазақ өзiн космосқа көтерген Құдыреттiң қадырын бiлген жоқ, бақытын басқа тептi. Т.Сәу. ~ Үрия. Ендеше білгенді тыңда! Өзі келген бақытты басқа теппе, көкешім. Осы ауданда Қалабайдай жан бар ма: сымбат қандай, түр қандай, көркіне кісі тойғандай. Ә.Тәж. ~ Көрдің бе мынау иттің басынғаны-ай, Түсірсек екен мұның бәсін қалай! Бейшара-ай, өз бақытын басқа тепкен Қасиетін не құндамай, не сыйламай. К.Мырз. ~ Осыдан екі жыл бұрын сәті түскен. Содан бері ол менің қызым. Жиырма күн болып қалды, бақытын басқа тепті. А.Нүс. ~ Еркек шіркін жалынан сипаса, жанына торсық байлатпастың тап өзі: бақытын басқа теуіпті, ақымақ айғыр! М.Қаб.

БАҚЫТЫН БАСҚА ТЕПТІ Read More