Бақытты өмір сүріп, бақуатты тірлік кешуге талпынды. ~ Ойнақтап, толқын жел гулеп, Майысар діңгек сықырлап. Ол жүрген жоқ бақ іздеп, Қашпайды бақтан бой ұрлап. Ә.Сәр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАҚ ЗАМАНҒЫ
Баяғыдағы, атам заманғы. ~ «Ертістің ақ бораны ұрғылаған даладасың-ау. Бақ заманғы ит тұмсығы өтпейтін ну орманның қадау-қадау қалған аз ағашының арасына суық тұмсығын сұққан қаншық аяз сенің қасыңнан қыңсылай жүгіріп, қоға бастарын қозғап, қамыс үкісін сылдыратып, мұздарды сықырлатып өткенде сен түршігіп кететін шығарсың»…
БАҚ ЖҰЛДЫЗЫ
Адамның бақыты, мерейі, бақ-дәулеті, ырыс-құтының образдық атауы. ~ Қайғыны мен жылаған, сен көрмегей, Жоғары тұрсын мәңгі бақ жұлдызың! І.Ес.
БАҚ ЕТТІ
Үрке айғайлаған дыбысы шықты. ~ Қой үрікті, дыр етті, ит шу етті, кемпірдің жүрегі зу етті. Азан-қазан болды. «Қойға қасқыр шапты»,— деп шал тұра жүгіріпті. Есіктегі тоқпақ маңдайына сарт етті. Шал құлап тақ етті. Табалдырықтағы қазық құйрығына тиіп шал бақ етті. Б.Қыд. ~ Әлгі әдісті Ботабай екінші семізге де қолданды, оны да сойған лақтай бақ еткізді. «Қане, кілтті әкел!» Зәре-құты қалмаған Мәкіш екінші бақ еткенге қарап: » Бер, кілтті бер!» — деп басын шұлғыды. Ә.Тар.
БАҚ АРТЫЛМАДЫ
Бақ-дәулеті, ырыс-құты ешқашан кеміген емес. ~ Қанды көз Мамет жеті атасынан бері бақ артылмай келе жатқан көсемдердің сарқыты еді. Ж.Айм.
БАҚ-ТАЛАЙЫ АСТЫ
Атағы, беделі, абыройы жоғары болды. ~ Дәл осы арада айтып. отырған жауларының кім екенін байыптай алмаған Күреңбай риясыз көңілден бір сөз айтып қалды: − Сізден бақ-талайы асқан кім бар бұл елде?! Жау деген не сізге? Тыйым салмайсыз ба, сазайын тартқызбайсыз ба? C.Ом.
БАЙЫЗДАп ТҰРА (ОТЫРА) АЛМАДЫ
Тыным таппай, мазасы кетті, ұзаққа шыдамады. ~ Молда жолығып қалса, сәлем беретін, бірақ байыздап тұра алмайтын. Мұқанның онысын сезіп молда да сөз қатпай тоң айбатпен жүретін. Ж.Айм. ~ Ертеңіне, әдепкідей байыздап отыра алмай, Ғылыми кітапханадан күн еңкеймей шықсам, сыртта баяғы… М.Мағ. «~ Кейін Әзімқанның Абайды мінеп, айыптап, оған барудан айнығанын анық білгенде, Оразбай отырған орнында байыздай алмай, қуанғаннан жорғақтап кетті. М.Әу. ~ Екі-үш күндей алағызып жүрдім. Бір орында байыздап отыра алмай жүгіргіштей б ремін. Су жаңа киім сатып алғанда, жұрт көзіне түскің кеп. Ө.Кәр.
БАЙЫЗ ТАППАДЫ
а). Мазасы кетті, тыпыршып, отыра алмады; тыным көрмеді, дамыл таппады. ~ Бір жерде байыз тауып отыра алмайды: кіреді, шығады, жантаяды, айнаға қарайды, кестесін бір тігеді, бір қояды… Ж.Айм. ~ Жайнамазды дұрыстап ілді, әйтеуір бір жерде байыз тауып отыра алмай, оған да, бұған да алаңдай берді. Ж.Айм. ~ Кiшкентай қарашығы ойнақшып, байыз таппады. Сұсты сұғымен iшiп-жеп, жүзiндегi ызбарын аяздай батырады. Ә.Ыб. * Сол сәттегi жүрегiмнiң үздiгiп барып қайта соққаны, кеудемдi кернеп, байыз таппағаным жадымда. Т.Жұрт.
ә). Береке таппады, рахат көрмеді. ~ Күн жүгірді, түн жүгірді, қыпшақтың жерінен, Бетбақтың шөлінен өтті. Дамыл алмай, байыз таппай зыр жүгірген отыз тоғыз қыз өкпесі ұшып өлді. Ғ.Біл. ~ …сонау Адам атадан басталған адам ұрпағының небір асылдары, әлемді тітіреткен Сүлеймендей патшалары, Ескендірдей ерлері байыз таба алмаған бұл жалғаннан, ешкім де опа таппаған деп айтады. С.Ел. ~ Е, зулап бара жатқан өмір- ай деген. Табаны тайғанақ- ау шіркіннің, байыз тауып бір тоқтаса, қанеки. К.Сег.
БАЙЫЗ-БАЯН ТАППАДЫ
Тыныштық көрмеді, тыным таппады. ~ Қызып алып, сәби тағы жүгірді. Шамырқанып тал бойында ат қаны,. Шапқылады, байыз-баян таппады… Қ.Шаң.
БАЙЫБЫНА БАРМАДЫ
Әлдебір жағдайдың, сөздің, мәселенің мән-мағынасын жете ұқпады, терең бойламады. ~ Сол бұрынғыша арсың-күрсің сөйлеп, не айтсаң да онша байыбына бара қоймай, ыржиып күле береді. О.Сәр. ~ Әрине, ол кезде мен де өзге сәбилер сияқты әжем айтқан ертегі мен аңыздардың түпкі байыбына бара бермейтінмін, әке әңгімесінің өсиетін ұға бермейтінмін және үлкендердің талай- талай өнегесін орындай бермейтінмін… Б.Мом.
