Айқай шығарды, керісті, даурыға дауласты. * Басым әнтек айығайын деді. Со кезде жан- жағыма қарап, пәрменімше айқайды салдым. Өңешім жыртылып, тамағым қарлыққан кезде, құлақ салдым, әлдеқайдан иттің ұлығаны естілді. Ж.Айм. * «Әй, надандар- ай, ғұмырларыңда сары алтынды салмақтап бір ұстап көрсеңдер, бұлай өңеш жыртпаған болар едіңдер!» К.Сег. * «Әділет! » деп айқайлап өңеш жыртып, сол әділетті өз пайдамыз үшін оп- оңай сатып жүре береміз. С.Смат. * Өзіңіз біліңіз, жә, қойдық, сіздер секілді зиялы қауым өкілдерімен өңеш жыртысып айтысқалы жатқан кім бар?! Қ.Жиенб. ~ Сүйтіп жүріп, алқақотан жиналыстар өткіземіз, құлаш-құлаш мақала жазамыз, саны көп, сапасы аз конференцияларда өңшемізді жырта сөз сөйлейміз… Г.Бельг. ~ Паровоз бір кезде өңешін жырта ақырып, ақырып алды да, жұлқып тартып кеп қалды. Б.Соқп. ~ — Білесіндер ме? Қалай аталады бұл? Ешкім жауап бермейді. Математикалық дәлдік! — дейді ол өңешін жыртып. Дж.Сэл. ~ Ән біткен сайын дуылдасып, арқасынын қозбасы бар желөкпе немелер өңеші жыртылғанша айқайлап, қошамет жаудырып, азан-қазан болады да, жаңа бір ән басталғанда жаңағы у-шудың бәрі жым-жылас тыйылып, жұрт тағы да сілтідей тынып қалады. Ә.Кек.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨҢ МЕН ТҮСТІҢ АРАСЫНДА (ОРТАСЫНДА)
Не ояу, не ұйқы екені түсініксіз, сенер-сенбестей дүдамал ахуал. * Әлі де өң мен түстің арасынан малтығып шыға алмай жатқан Нартуған мең-зең болып ауырлап кеткен басын әзер көтеріп … О.Сәрс. * Шамасы, өң мен түстің арасы, таң-ғажайып қош Нұр бір сәт жарқ-қ еткен!.. «Мәңгі ұмытпаймын!» – деп ант еткем! Т.Әбдікәк. * Іле өзінің кешегі аумалы-төкпелі, өң мен түстің арасындағы халдың ықпалында тұрғаны жетесіне жете бастады. М.Қаб. * Қыз бойынан ыстық бұлақтай бір сезімнің жүгіріп өткенін, дір ете қалған қос анарынан сезгір жігіт байқамады емес… Өзі де өң мен түстің ортасында қалғандай. Ш.Құм. * Қ о с п а н.Бұл қалай болды енді. Өң мен түстің арасындай… Біздің ауданға қалай келіп жүрсіз? Т.Ахт.
ӨҢ МЕН ТҮСТЕЙ
Өң екені, түс екені белгісіз, бұлыңғыр жағдай. ~Айналасы құлаққа ұрған танадай. Есін жиып, көзін ашқанда басында отырған Жасағанды шала таныды. Бәрі өң мен түстей. Бағанағы кең аспан жоқ. С.Жүн. ~ Өң мен түстей қарасын көріп қайтқан, тілдесе алмай қалған досыма, хабарын ала салып амандаса бардым. С.Бег. ~ Одан арғысы өң мен түстей: ет қызумен атып тұра бергенімде екпіндей жеткен бір ат омырауымен қағып өтті… С.Жүн.
Тез өте шыққан уақыт, уақиға туралы. ~ СөйткенАжармен де бұл бейбақ бар-жоғы өң мен түстей екі-ақ жыл дәурен сүріпті-ау!!! Дүние-жалған деген солдағы. Ү.Жәл.
Ертегідегідей ғажап жағдай. ~ Бүкіл той Әсеткекөңілді, думанды көрініп кетті. Өң мен түстей әдемі бір масаң күйге түсті. Хор аяқталған. Басқарушы жігіт тағы бір ән айтқызды, бұл да әдемі хор… С.Мұр. ~ Сейіттің сонан соңғы сөзін Пернебай естіген жоқ, тонының жағасына мойнын тыққан күйі өң мен түстей рақат күйге шым-шым батып отыра берді. Н.Ор.
ӨҢ ҚАЛМАДЫ
Түсі бұзылды, састы, үрейленді, кейпінен айрылды. * Оны анау дәу мінгендер қазір-ақ жайпап өтердей. Кеше құр қол босқындарды қыруға екіленіп кіріскендер бұ жолы сасайын деді. Әсіресе молдалар, жұлдыз қарайтын сәуегейлер, қазына ұстайтындарда өң қалмады. Ә.Кек. ~ Адамдарда өң қалмаған, жылтыраған көзі мен тісі болмаса, бет-жүзін шаң-тозаңнан ажырату қиын. Н.Сер.
ӨҢ ҚАШТЫ
Сәні кетті. ~ Хас өнерді өлермендік өңмеңдесе, өмірден өң қашады, көңілді мұң басады. И.Сап.
ӨҢ ЖОҚ, ТҮС ЖОҚ
Беті қудай боп ағарды, жүзінің қан-сөлі кетіп, көңілі бұзылды; түрден түр қалмады. ~ Жоқ, балақай, ол бұл дүниеден өтіп кетті… Ойпырмай! Мынау сөзді есітк енде қанжармен өңменімнен салып жібергендей болды. Өң жоқ, түс жоқ сазарып қалыппын. С.Ғабб. ~ Бір күні Оралбек пен Кеңесбектің өң жоқ, түс жоқ зәрелері ұшып келгені әлі есінде. Б.Нұрж. ~ Жігіт жылап болып бір ақырып қалып еді, бір есіктен өңкей қара киген бір келкі жігіт кіріп, бәрі де төмен қараған күйі, өң жоқ, түс жоқ айнала отырысты. ҚЕ. «Төрт дәруіш». * Босағада мойны салбырап Әзімхан тұр. Өң жоқ, түс жоқ. Не келген кісілерімен аманы жоқ, құдды тілі байланып қалғандай. Д.Әшім. * Шеге тілден айрылған адамдай. Өң жоқ, түс жоқ… С.Ел. ~ Он бес күннен соң елшісі өң жоқ, түс жоқ, сары ала шатырдың есігінен аттар-аттамаста, шарт жүгініп отыра кетті. Жаушысының өңін көріп, таңғұттың жасыл шапандыларының жауабы оң болмағанын түсіне қойды. Ә.Кек. ~ Екі атты топтан бөлініп, тұра шауып, тау жаққа жөнеле берді. Көп ұзамай, Түгел мен Қабылды алдарына салып, айдап қайтты. Қаруларын жинап алыпты. Өздерінде өң жоқ,түс жоқ, құлақтары салбырап, сосы кетіп қалыпты. Ү.Жәл.
ӨҢ ЖОҚ
Қатты қорқып не таң қалып, түсі бұзылды; өңі құп-қу болды. ~ Жұрт аң-таң. Бір кезде болыстар қайтып келді. Жұрт қоршалап келіп қалды. Болыстарда өң жоқ. Бір жетіден қалмай іспіске (списка) тапсырамыз, патша бұйрығына көнеміз деп қол қойып, мөр басып шыққан, оны халықтан қаймығып айта алмайды. А.Байт. ~ Зейнеп байының етігін аяғынан суырып алды да, анандай жерге қойды. Содан кейін ғана ананың қап-қара боп түтігіп кеткен түріне қарап: — Өзінде өң жоқ қой. Не болды, айтсаңшы?—деді жаны ашығандай пішін көрсетіп: Қоңырқұлжа қабатын төбеттей арс ете қалды. І.Ес.
ӨҢ БЕРМЕДІ
Жылы шырай танытпады. ~ Үйдене бөгеліп осы су қоймасының жасалғанына да бірталай жылдар өтіпті. Бірақ жетім баладай боп жүдеп жатқанының себебі неде? Ал сіздердің өгей шешедей өң бермей отырғандарыңызға қайран қаламын. С.Ғабб.
ӨҢ БЕРДІ
Көркін ашты, бояу қосты. * Еуропа жазушысы қазақ өмірін қалай түсінеді екен, қалай суреттейді екен? Олардың еңбегі қазақ әдебиетіне қаншалық өң беріп, қолғабыс етеді екен? Оқушыларды аз ғана таныстыра кетейік. Ж.Айм. * Қызыл, жасыл, ақ киген қыз, келіншек сықылды бәйшешектер жер бетіне өң береді, жер құлпырып, ажарланады. А.Байт. * Жазға жақсы киінер қыз, келіншек, Жер жүзіне өң берер гүл бәйшешек, Қырда торғай сайраса, сайда бұлбұл, Тастағы үнін қосар байғыз, көкек. Ы.Алтын.
ӨҢ-ТҮСІ ҚАШТЫ
Үрей ұшты, құты қашты. ~ Ол өзі өте білімді, ақкөңіл дама еді де, гимназия оқушысының папирос тартып тұрғанын көрсе, өң-түсі қашып, шошып кетіп, дереу педагогтардың асығыс кеңесін шақырып, айыпты оқушыны оқудан шығаруға бұйыратын. А.Чех. ~ Қауғадай жирен сақалды, ұзынтұра Савченко өң-түсі қашып, бүгжиіп отыр. Б.Тоғ.
ӨҢ-ТҮСІ БҰЗЫЛДЫ
Бойын үрей билеп, қобалжып, кейпі бұзылды, құп-қу болды. ~ Соңғы кездері, «әлігі оқиғадан» (Ғалия бастан кешкен қайғылы жағдайды бұл өзінше солай атайтын) кейін күрт төмендеп, өң-түсі бұзылып кеткен жұбайы Сағат пен Сәнияның үйлену тойлары «аман-есен» өткен соң, қайтадан көтеріліп, көздеріне қайтадан от ұялай бастаған еді. Ә.Тар. ~ Тіпті, төсек тартып ауырып жатқанның өзінде, өң-түсің қашып, көздерің шүңірейіп, дене-тұрқыңның шөкімдей болып шөгіп кеткендегі қалпыңның өзі маған қуат беріп, бойыма ерекше бір күш қосушы еді. АҚ «Әкем болса…»
