БҮГІН БАР ДА, ЕРТЕҢ ЖОҚ

Тұрақсыз, аумалы-төкпелі, өтпелі көрініс туралы. * Шексіз аспан аялаған еркем деп Керуен бұлттар бүгін бар да ертең жоқ. Б.Әлім. * Адамның өмірі қыл үстінде қылпылдап тұрған баянсыз нәрсе ғой, бүгін бар да, ертең жоқ. Т.Сәу.

БҮГІН БАР ДА, ЕРТЕҢ ЖОҚ Read More

БҮГЕ-ШІГЕСІНЕ ДЕЙІН

Түгін қалдырмай, бәрін, тұтастай; егжей-тегжейіне шейін. ~ Өзі жаңа өмірдің, яғни нарықтық заманның бүге-шігесіне дейін тез игеріп алған бизнесмен. Б.Тоғ. ~ Ашу буған Асылбек бұл тұспалдардың төркінін түсінбей қалғандай. Бірақ көңілі жүйрік Гүлнаш бүге-шігесіне шейін біліп, күйініп отыр. Т. Әл. ~ Шеге бөркін стол үстіне койып арыздың әрбір әрпіне үңілді. Шегені бүге-шігесіне дейін жақсы білетін адам жазыпты кім болса да. Мәселені әріден қозғапты. С.Елу. ~ Әдебиет зерттеушілерінің тілімен айтқанда: «бір ғана тақырыпты таңдап алып, соны меңгеріп, игеріп, бүге-шігесіне дейін қырғыштап, әрлепнәрлеп, жетілдіріп, дамытып, жүгендеп, ауыздықтап, ерттеп, төс айылын да, шап айылын да нық тартып, өмілдіріктеп, кұйысқандап мініп жүр. Тырп еткізбейді. Ғ.Қаб.

БҮГЕ-ШІГЕСІНЕ ДЕЙІН Read More

БУЫРҚАНҒАН ТЕҢІЗДЕЙ

Алай-түлей сезім билеген адам туралы. * Жолбарысы жұлқынған ыза-ашудың Буырқанған теңіздей дауыл тілеп. Р.Нияз. ~ Сол кезде аспаннан жаралы сұңкар кұлап түседі… Жылан оны мазақтайды… Сұңкар өлгелі жатса да, аспанды, биікті аңсайды… Қайта ұшамын деп талпынғанда буырқанған теңіз толқынына құлап түседі… Б.Тоғ.

БУЫРҚАНҒАН ТЕҢІЗДЕЙ Read More

БУЫНЫНА ТҮСТІ

Елжіреп, көңілі босады, қатты әсерленді. ~ Шақшасы да өзіне сай еді. Қазір ғой сәні кетіп, түбінің құрғап жүргені. Мә, қалтаңа салып қой, сөзің буыныма түсіп кетті ғой! Т.Жұрт. ~ Кеше түнгі лепірген сезімнің ізі түгіл тозы жоқ, қол-аяғын жан-жаққа шашып жіберіп, шалқасынан жатыр. Басы ап-ауыр. Әлде ішкен шай, жеген ет буынына түсті ме? М.Қаб.

БУЫНЫНА ТҮСТІ Read More

БУЫНЫН БЕКІТТІ

Қолдау көрсетіп, демеді. * Кітапты жазуын жазып бітірсем де қолжазбамды жолдастарға көрсетуге қорқып жүрдім. «Ұнай ма, ұнамай ма? Ұрсып тастамай ма?» деп қымсындым. Оны алғаш оқып, пікір айтқан, көңілімді демеп, буынымды бекіткен ақын Мұзафар Әлімбаев болды. Ә.Нұрш.

БУЫНЫН БЕКІТТІ Read More

БУЫНЫ ҚҰРЫДЫ

Күші кетіп, әлсіреп қалды. ~ Басы-көзі қан боп, Арқа-басы шаң боп, Және тұрып жалпылдап; Жығылып тұрып, Буыны құрып, Тағы қуып салпылдап — Абұйыр қайда, ар қайда? Әз басыңа не пайда? Абай. * Боқаң тапаншаға бақшиып қадалған күйі қалтаңдап, кесесін төге-мөге орнынан тұрды. — Ойпырым-ай, бұл не сұмдық! — деп, Дәметкен тұрғалы ұмтылса да, мешел адамдай, буыны құрып, орнынан тұра алмады. Б.Майл. ~ Айбарша ши жақта состиып тұр еді, отыр, – деп Қоразбай оқыс айғайлап, қамшымен жерді сарт ұрды. Айбарша буыны құрып, тұрған жерінде тізерлеп отыра кетті. Б.Тоғ.

БУЫНЫ ҚҰРЫДЫ Read More

БУЫНЫ ҚАТЫП, БҰҒАНАСЫ БЕКІДІ

Есейді, ер жетті, азамат болды. * Олар қазір Ешкіөлместің жықпыл-жықпыл көк сайларына еніп кеткен. Осы жерлерді қозы әбден аяқтанып, марқайғанша жайлайды да, төлдің буыны қатып, бұғанасы бекіген күні алыс жайлауға, Жоңғардың биік шыңдарына, сонау Сарыноқай атанған «құтырған ит» жайлауына дейін кешеді. С.Бақ.

БУЫНЫ ҚАТЫП, БҰҒАНАСЫ БЕКІДІ Read More

БУЫНЫ ҚАЛТЫРАДЫ (ДІРІЛДЕДІ)

Тұла бойы дір-дір етті; бүкіл бойын үрей биледі. * Абай, буындары қалтырап, басы айналып зорға шыққан. Көзі бұлдыр тартқаннан ба, әйтеуір қазіргі бар дүниенің қызылы бұрын бұл көрмегендей біртүрлі ерекше көрінді. М.Әу. ~ Сөйтіп ол қызбен мен осылай үш күн бірге жаттым. Сол үш күнде үш рет қыл көпірден өткендей болдым. Тізем дірілдеп, буыным қалтыраған сәттер болса да, құламай аман өттім. Ә.Нұрш. * “Алиман! Алиман!”–деп жан ұшыра айқайладым, жан жоқ. Менің даусыма иттер ғана шәу ете қалды. Буындарым қалтырап қоя берді. Ш.Айт. * Аяғымен жер тепкілеп, аузы- басы кемсеңдеп, өзін-өзі тежей алмай, ал кеп бір аңырасын, боздасын сорлы ана. Буын-буыны дірілдеп, құлап түспекке томардай қақайып тебіренбей тұрған ұлының иығынан қос-қолдап құшақтап алған. Ш.Айт.

БУЫНЫ ҚАЛТЫРАДЫ (ДІРІЛДЕДІ) Read More

БУЫНЫ КЕТТІ

Қуаттан айрылды, әлі кетті. ~ Не істерімді білмей мәңгіріп біраз отырдым да, құдайға сиынып «құлхуалла» қайырдым. Адамның ондайда буыны кетіп қалады екен. Үш ұмтылып орнымнан әрең тұрдым. Т.Әбд. ~ Ор қазып қойған екен, шешіндіріп,соның жиегіне тұрғызып қойып үкім оқыды. Халық жауы ретінде онекіміз түгел атылатын болыппыз. Біреулер жылады, онсыз да буыны кетіп қалған кейбіреулер шөкелеп отыра кетті. Қ.Ысқ.

БУЫНЫ КЕТТІ Read More