БОЙЫ БІР ҚАРЫС, САҚАЛЫ ЕКІ (ҚЫРЫҚ) ҚАРЫС (ҚҰЛАШ)

Сақалы аяғына түскен ертегілік жағымсыз кейіпкер, қортық шал. ~ Баяғыда әкесі ертек айтқанда бойы бір қарыс, сақалы екі қарыс ергежейлі туралы айтушы еді. Ж.Шәк. ~ «Бойы бір қарыс, сақалы қырық құлаш шал- шауқанның дәмесін қарашы!» С.См.

БОЙЫ БІР ҚАРЫС, САҚАЛЫ ЕКІ (ҚЫРЫҚ) ҚАРЫС (ҚҰЛАШ) Read More

БОЙЫ БІР ҚАРЫС (БОЛЫП)

Бойы тапал, қортық, ергежейлі. ~ Бар бəленің пітенедей болған, бойы бір қарыс, үндемей жүріп арамдығы қырық қарыс Хадишадан келіп отырғанын білсе де қарғап-сілемеді. С.Досж. ~ Биыл аштық болады. Егін қылтиып шығып еді, бойы бір қарыс болмай жатып бастанып, семіп қалды. Енді жауын жаумаса, бір үрлеген қара дауылдан қалмайды. С.Жүн. ~ Бойы бір қарыс, әйелдің үлкен шәлі орамалын жағын қаусыра басына тартып, ұзын ұшын беліне екі орап буып тастаған, бір қарағанда домалап келе жатқан түйіншек сияқты. Т.Ахт. ~ Тентек Ахметжан бойы бір қарыс болып ұшып тұрды. ─ Сен өзің қандай бастықсың? «Маңызды хабар» ─ деп жұртты жинайсың да, сол хабардың не екенін де білмейсің. С.Шай. ~ Жапардың жадына Жүсiптiң кiшкентай кезi оралды. Бойы бiр қарыс боп ап, тiлi тастай тақылдап, сарқылмайтын сөзқалта едi. Ә.Ыб.

БОЙЫ БІР ҚАРЫС (БОЛЫП) Read More

БОЙЫ БЕКІДІ

Әлденді, бойына күш жинады. ~ Болдырған бураға «әйт шу» деген де сеп дегендей Прокопенконың сөзі Сармаевқа қамшы болып тиді. Оған әлдеқайдан әл бітіп, бойы бекіп, машиналы болудың түрлі тәсілдерін қарастыра бастады. Б.Қыд. ~ Ақыры аз-аздап өзіне келе бастаған бала, мейірімді екі ледидің шексіз қайырымдылығын терең сезінгенін, әбден жазылып бойы бекіген соң, өз алғысының кепілі ретінде олар үшін бір іс атқаратындығын, олар бала жүрегінің махаббат пен берілгендікке толы екендігін… айтуға халі келген еді. Ч.Дик.

БОЙЫ БЕКІДІ Read More

БОЙЫ БАЛҚЫДЫ

Жан-тәні рахат сезімге бөленіп, денесі маужырады. ~ Қараңды да таранды, Тамсанды да жаланды, Тыя алмады араңды. Сілекейі сорғалап, Шықты жылжып жорғалап, Болар¬-болмас жалады. Тағы татып қарады, Тәтті у бойға тарады, Бойы балқып барады. М.Жұм. ~ Түн ортасы кезінде үйге қайттық. Майдың түні маужырап бойды балқытып, мас қыларлық. Далада жүргің келеді; даланы кезіп, тәтті ауасын тойғанша жұтқың келеді… Б.Май. ~ «Тарт! Тарт!»- деп алағызып кейде шалқып, Күй тыңдап отырады бойы балқып. І.Жанс.

БОЙЫ БАЛҚЫДЫ Read More

БОЙЫ БАЛБЫРАДЫ

Іші-бауыры елжіреп, маужыр күйге түсті. ~ Бақташының бойы балбырап, ойы бозбала шағына сапар шегеді. Өмірінің тәтті бір кезі. Тәттінің көп тұрмайтыны сияқты лезде өте шыққан бір заман. Көкірегінде көмулі жатқан бір арман. Ш.Мұр. ~ Сәл өтпей-ақ ептеп, тәбетi де ашылғандай сыңайы байқалды. Кешеден берi жоғалған аузының дәмi де қайта кiргендей сезiндi. Арқасының құрыс-тырысы да жазылып, бойы балбырай байсал тарта бердi. Ә.Ыб. ~ Сосын: “Мұны көрсеткеніңе де мың да бір шүкіршілік”, — деді тағы да. О кезде әлгі нобай да тыйыла қалғандай еді, шаршап кеп жұмсақ төсекке құлай кеткендей тұла бойы балбырап, бұрын-соңды сезінген жұмбақ бір күйге тап болған сияқты. Қ.Най.

БОЙЫ БАЛБЫРАДЫ Read More

БОЙЫ БАЙСАЛ ТАРТТЫ

Денесі балбырап, дел-сал күйге түсті. ~ Жапар сәл де болса арқасының құрысқан-тырысқанын жазайын деп, кең төсекке қисайған. Бiрден бойы байсал тартып, денесi тұтастай шымыр-шымыр етiп балбырай жөнелдi. Ә.Ыб. ~ Қазіргі сәтте күні– түні ұзақ ұйықтап тұрғандай бойы байсал тартып, басы жеңіл шыңылдайды. С.Ом.

БОЙЫ БАЙСАЛ ТАРТТЫ Read More

БОЙЫ АУЫРЛАДЫ (АУЫР ТАРТТЫ)

Көңіл-күйі бұзылды, тұла бойы дел-сал тартты. ~ Исаның соңғы көшер күннен бастап бойы ауырлап, басы алып түсе беріп еді. Қыстауға қонған күннің ертеңінде, кешке жақын қатты ыңқылдап мұрттай ұшты. М.Әу. ~ Аздап керіліп-созылып алмаса болатын емес, бойы ауырлап қалыпты. Ғ.Қаб. ~ Түндегі арақтың исі жаман еді. Содан уланды ма? Әлде, әлде қалай астан ұшынды ма? Әйтеуір тұла бойы ауыр тартып барады. Т.Әл.

БОЙЫ АУЫРЛАДЫ (АУЫР ТАРТТЫ) Read More

БОЙЫ (ӨН БОЙЫ) ҚЫЗ-ҚЫЗ ҚАЙНАДЫ

~ Бүкіл денесіне жылу дарытты. Оның есесіне қысты күні сорпаға, көжеге сарқасқа қылып құрт езіп, тойып алса, қора ішіне кемзелшең, көйлекшең шыққанда, бойы қыз-қыз қайнап жүреді. Ж.Айм. * Қазір де өн бойы сол қыз-қыз қайнаған қызыл табан секілді ду-ду етеді, қазір де қалың қарды бытырлата басып жүгіріп бара жатқандай … М.Қаб.

БОЙЫ (ӨН БОЙЫ) ҚЫЗ-ҚЫЗ ҚАЙНАДЫ Read More

БОЙКҮЙЕЗ ТІРШІЛІК

Енжарлық, немкеттілік билеген тірлік. ~ Кайда кеткен сәттерім дауылдаған, тымырсықта күн кешу ауыр маған! Бей-жай күндер, бойкүйез тіршіліктен жіңішкерген жүйкені сан улағам. Ф.Оң. ~ Олардың қимылы әлгіндегі келіншектерден де кербез, паң. Асығыс қимылдап, аптығып жүрген ешкім жоқ. Осынша бойкүйез тіршілікте дау болуы, далаба болуы еш мүмкін емес сияқты. Ә.Кек.

БОЙКҮЙЕЗ ТІРШІЛІК Read More