Қандай да болсын өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам, шындық бүгін болмаса, ертең ашылады дегенге саяды.. ~ Сайлау өткенше қоя тұрсаң қайтеді? — деді. Еркімбек: — Бұл не дегеніңіз? Мұны Жәмила жеңгей мен Шешенбайдан басқа ешкімге білдірмесек сайлауға шейін «бір күн ши, бір күн туырлық жасырады» деген сияқты болмаймыз ба? Сайлау өтісімен құдалықты да бастармыз. Шәк. ~ Ойбой, қарғам-ай, бір күн ши, бір күн туырдық жасырады, одан кейін не жасырады, сен намыстанғаныңмен хаюанға намыс жүре ме. Б.Жұм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР КҮН МҮЙІЗ, БІР КҮН КИІЗ
Аумалы-төкпелі, бірде олай, бірде бұлай. * Алматының қысы бір күн – мүйіз, бір күн – киіз. Кеше ғана май тоңғысыз майда шуақ боп тұрған, таңертең тұрсақ айналаны тұсарлықтан қар басып тастапты. Т.Сәу.
БІР КҮН КҮЛІК, БІР КҮН БҮЛІК
Мінез-құлқы тұрақсыз, бірде олай, бірде бұлай. ~ Бөкенбай бұндай сөзді бұрын айтпай, кейінірек айтпай, бүгін неге айтып отыр? Әлде бір күні күлік, бір күні бүлік болып отыратын қазақ арасында тағы да бір шатақ шыққаны ма… Б.Мом.
БІР КӨШЕГЕ СЫЙМАЙДЫ
Тым көп, сеңдей соғылысады.~ Керей Қожаберген жыраудың Абылайға айтқаны – Абылай! Сен мен көргенде Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Әбілмәмбет ағаңа Қызметкер болған ұл едің, Үйсін, Төле билердің Түйесін баққан құл едің. Сен жиырмаға келгенде Ақсұңқардай түледің, Алыстан тоят тіледің. Ақтан болды күніңіз, Арсы менен күрсіге Дау таласты үніңіз, Енді сенің бұл күнде, Бір көшеге сыймайды Азаткер де құлыңыз. А.Байт.
БІР КӨШ ЖЕР
Халықтық өлшем, көштің бір күнде жүріп өтетін қашығы. (10-15 шақырымдай.) ~ Үш мың үйдей қазақ еді сонда кеткен, Кемшілік ғаріптерге кебін-кетпен. Бір көш жер Жетіобаға қалған шақта, Шаңдатып қалың дүңген қуып жеткен. «Үркін-Қорқын». ~ Өзін осы төңіректің итіне дейін жақсы көреді. Әншейінде атты жолаушы көрсе, бір көш жерге дейін үріп қуып тастайтын қырдың сақ төбеттері Дәулеттің аяғына жығылып, бұлаңдап сала береді. Ә.Кек.
БІР КӨРУГЕ ҚҰМАР (АСЫҚ)
Бір кездесіп, көзайым болуды арман қылды. * Керекудің жігіті Амантайды өз жеріне бастап алып барды. Кереку пристаныңда жүрген жұмысшылар Амантайды естіген екен, және ол туралы неше түрлі ертегілер тарап, оны бір көруге бәрі де құмар екен. С.Мұқ. * Қуат аға! Атағыңызды сырттай естіп, бір көруге мен де құмар едім. Сол іңкәр құмартумен өтермін де, — деп сөзін бітіргенде көзіне мөлтілдеп жас үйірілді. С.См. ~ Және бұл екі кісінің де Демежанды сырттай білетінін, тіпті бір көруге құмар болып жүргенін, бүгін оңтайлы сәтті пайдаланып, әдейі ертіп келгенін де сөз арасына қыстырып жіберді. Қ.Жұм. * Әсіресе лепірген сезіммен ұлының жүзін бір көруге асық. С.Смат.
БІР КӨРУГЕ ЗАР (БОЛДЫ)
Көзден тайған жақынымен кездесуі мұң болды, қайта қауышуды арман қылды. * Күнбаланы күймелі арбаға салып, жан көзіне көрсетпей қойған. Дәл қасындағы сүйіктісінің жүзін бір көруге зар болып, Жаманбай қатты күйінген. С.Ом. * Темір тор мен темір нар‚ қалайы тостақ пен қалайы қасықтан жерінген ол өсіп тұрған көк өскінді бір көруге зар болды … Қ.Түм. * Әлде Ақлимаш та мына шопанның жұбайы құсап азап шегіп жатыр ма? Ұшып барып, ұшып келем деп еді- ау Ақиқат. Ақлимаш қазір өзінің Ақантайын бір көруге зар болып жатқан шығар. Қ.Ысқ. * Оң жақта шаршауына үкі таққан қызыл күрең патсайы шымылдық керулі тұр. Дидарын бір көруге зар еткен қалыңдық сол шымылдықтың ар жағында… Қ.Жұм. * Бір жағы Айжанды келекелеп, күле сөйлеген: – Мына байғұс отыр ғой, бір көруге зар болып… Ал мен кеше кеште қасына барып, біраз отырып қайттым. Қ.Жұм.
БІР КӨРІМІ
Бір жақсысы. * Көптен бері көрінбей кеткен Көпжасар келе қалсын. Бет-аузы көнектей ісік. Бір көрімі, бүгін онша қызу емес. Т.Рыск. * Ақыры он алтыдан он жетіге аяқ басқанда-ақ, әйелі өлген, алпамсадай дәу қара жігітке тұрмысқа шыққан. Бір көрімі тіршілікті, шаруақор жан. Т.Рыск.
БІР КӨРГЕННЕН
Бірден, салған бетте. * Сол жылы қыркүйек айында республикаға басшы болып, Филипп Исаевич Голощекин келді. Ақын оны бір көргеннен ұнатқан жоқ. Қ.Жұм. * «Шынымен мен оны ұмыта алмаймын ба?- деді ол мың қайталаған сұрағына тағы оралып.- Сонда, мен оны… Жоқ, мүмкін емес, бір көргеннен қалайша құлай берілуге болады?» Д.Ис. * Бәрін бір көргеннен кесіп-піше салу оңай. Сен асықпай бағала. Ж.Аяз.
БІР КӨЙЛЕКТІ (ИТКӨЙЛЕКТІ) БҰРЫН ТОЗДЫРДЫ
Азын-аулақ үлкендігі бар. * Жастар, жолдастар, сендер коменес болсаңдар да, қазақсыңдар ғой. Қазаққа бәріміз қызмет етеміз деп жүрміз… Қашаннан бері етіп те келеміз… Сендерден гөрі бір көйлекті бұрын тоздырдық қой: қазақтың жайын жақсырақ білеміз десек, мақтанған болар ма екеміз,— деп «осы сөзім қалай шығып кетті?» дегендей, Тыпаң бәрінің бетіне жағалай бір қарап қалды. Ж.Айм.

