Бір-бірінен айнымайды. ~ Бұратана халықтарға оның жаны ашып, еті ауырып отырады әрқашан. Сіз де сондай, бір қалыптан шыққандайсыз. С.Жүн.~ Мектепте де кінә бар. Барлығы қағаз бойынша. Бала біткенді бір қалыпқа құйғандай етіп шығаруға құлшынады кеп, өршеленеді кеп… С.См. ~ Алла-Тағала адамдардың бәрінің басына ноқтаны бір қалыптан шығарған да, ал сол бастың ішіндегі миды әрқилы жаратқан. Ш.Мұр. ~ Таңертеңгілік олар саябақта атпен қыдырады, күндіз таныстарымен әңгіме айтып уақыт өткізеді, шай ішеді. Күлкілері де бірдей, сыпайыгершіліктері де бір қалыптан шыққан. Біз үшін олар парақталып біткен кітап. О.Уай. ~ Неліктен бәрің бір қалыптан шыққансыңдар? − деп күйзелгендей болады. Ш.Мұр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ҚАЛЫПТА ТҰРМАЙДЫ
Өмір қатып қалған нәрсе емес, ұдайы өзгерісте болады. ~ Олар өлмес, бәрі бірдей жоғалмас, әзер болса, аз күн бейнет тартар. Бірақ дүние бір қалыпта тұрмас, көктен түскендей бір «керемет» болар. Ж.Айм. ~ Бірақ ол өмірдің бір қалыпта тұрмасын сезсе де, нақақ қандардың киесі ұрған рақымсыз империяның арада не бәрі жарты ғасыр өтпей омырыла құлайтынын… білген жоқ. Қ.Жұм. ~ Әрине, мен бұл туралы көп ойландым. Бірақ бұдан ештеңе шықпайды. Мүмкін, ол бала туар, әлде тірі, әлде өлі болар. Өмір бір қалыпта тұрмайды ғой, алға қарай жылжи беретін нәрсе. Талай қиыншылықтар болар. Талай армандар болар. Б.Бұл.
БІР ҚАЛЫПҚА ТҮСТІ (ТҮСКЕНДЕЙ)
Әлдебір үйреншікті, дағдылы, біркелкі жағдайға келді. ~ Бұрқ-сарқ қайнаған өтпелі дәуір бір қалыпқа түссін, қанды көбігі тарап, сорпасына дәм кірсін. Қ.Жұм. ~ Алдыңғы төртеу бір қалыпқа түскендей бірінен–бірі қалысар емес. Сайма–сай қимылдап, сап түзеп барады. Көкем қатар бұзбайын деп қанша тырысса да болмады. Б.Мом. ~ Ол қазір мына заманнан роман жазамын деп жанықпайды. Бұрқ– сарқ қайнаған өтпелі дәуір бір қалыпқа түссін, қанды көбігі тарап, сорпасына дәм кірсін. Шүкір, романды бір кісідей– ақ жазды ғой. Қ.Жұм.
БІР ҚАЛЫПҚА СЫЙМАЙДЫ
Белгілі бір түсінік, өлшем, сипаттамаға сай бола бермейді, олардың кез-келгенінен әлдеқайда күрделі. ~ Адам деген өте күрделі ғой, мінез-құлқы бір қалыпқа сыймайды. Жазушылар айтатындай, бір біразға тықпалай алмайсың… Ә.Әл.
БІР ҚАЛЫП
Біркелкі, үйреншікті, дағдылы. ~ Жас өмірін көп уақыт қалада өткізіп, европа мәдениетінің дәмін татқан Жаяу Мұса кейде елегізіп, ауылдағы бір қалып өмірмен отыра алмайды. Ә.Марғ. ~ Көкем «сізден» «сенге» көшетіндей ишара танытпайды. Және сыңғырлаған дауысы қандай құлаққа жағымды. Бір қалып, өзгермейді. Қ.Жиен. ~ Қоңырау қара шоғыр қаптап жайыла жылжыған отардың жүрегі тәрізді. Бір қалып баяу сыңғырлайды. С.Ел.
БІР ҚАҚПАЙ
Азын-аулақ ділмарлық, шешендік, тіл өткірлігі. ~ Ол рас енді. Бір қақпайым бар, балам. Пайдасынан басқа зиянын көргем жоқ тіл білгеннің. С.См. ~ Өзінің домбыраға қосылып, бебеулеп тұрған бір сыдырғы даусы, жанынан өлең шығаратын бір қақпай ақындығы да бар екен. Қ.Жұм. ~ Жарқынбек алғашқы күдігіне өзі қысылғандай кейіп танытты. Алдындағы шопанның бір қақпай әдемі қалжыңы да бар, ә! Бәсе, кірген бетте-ақ өзіне-өзі сенімді, өз бағасын білетін адамның сыңайын танытып еді-ау. К.Қаз.
БІР ҚАЙНАУЫ ЖЕТПЕГЕН (КЕМ)
Дамуы, өсуі, дайындығы жетіспеген д.м. ~ Бұл әлі бір қайнауы жетпеген ел! — деді Сейтен өзіне-өзі. Ғ.Мүс. * Сорокин балаң жігіттің өзіне қойған талабын іштей құптап отыра, егіс жайындағы әрекетінің асығыстау, әлі де болса бір қайнауы кем екенін ескеріп, ақылын оның алдына салды. З.Шаш.
БІР ҚАЗАНҒА ҚАРАТТЫ
Елді ырзығынан айырды, бар меншігін тартып алып, колхоз қылды; ортақ қазанға телміртті.~ Қызылдар бар байлығымызды тартып алды. Колхоз құрды. Дінімізді бүлдірді. Елді бір қазанға қаратты. Халық аштан өліп жатыр. Т.Рыск.
БІР КҮНДІК
Әне-міне дегенше өтіп кететін қысқа (мерзім). ~ Бізді қойшы, тоңсақ бір күндік, күні ертең жылы да жайлы пәтерге қойып кетеміз…— Алматыдан арнайы келген тілші басымен «Пәтер жалдап, кісі есігінде тұрып жатырмыз»—деуге дәті бармады. М.Қаб. ~ Оның үстіне, інім, әр қайсысымыз өз намысымызды ойлап, бір күндік жағдаймен өмір сүрсек, онда коммунизм үшін күресімізде не мағына қалмақ. Б.Қыд.
БІР КҮНГІДЕЙ БОЛМАЙДЫ (БОЛМАДЫ)
Әне-міне дегенше өте шығады. * Көрші әйелдер сампылдап жүр. – Балаң келіп көзайым болдың ба, байғұс! – Орнында бар оңалар. Көрген қорлығың бір күнгідей болмайды, енді. Қ.Ысқ. * Елді соғыс жүдетіп кетті. Сенің атаң да той жасар деймісің. Отбасы боп қана шүңкілдесіп аттандыратын шығар. Ой, дүние — ай, ел есін жиса бәрі бір күнгідей болмайды ғой… Н.Сер. * Баяғының бәрі бір күнгідей болмай өте шығыпты. Ү.Жлк. * Осылардың бәрі де бір күнгідей болмай алмасып келген қыс пен жаздай тез өте шығыпты. С.Ом. * Ер жігіттің қолынан не келмейді. Тәңір жазса, бір күндегідей болмас. Әуелі құдай, екінші мен куә! — деді. М.Дәул. * Суыққа ұшып, үсікке шалынғандар да кездесті. Енді не керек, соның бәрі бір күнгідей болмай ұмыт болды. С.Жүн.

