Әлсіреді, екпіні басылды, қуаты азайды. ~ Жыл өткен сайын алаш қозғалысының дәуірі алыстап, аңсары бәсең тартқандай көрінгенімен де, қазақ елі үшін «мәңгілік ел» идеясы ешқашанда өлмек емес. Т.Жұрт. ~ Жерде жаяу борасын, Бәсең тартты ақ дауыл. «Пенде мендей болмасын!»- Деген дауыс кіжінді, Баяу соққан Ебідей. І.Жан.~ Әйткенмен екі-үш айдан соң немістердің екпіні бәсең тартқандай. Қызыл Армия табан тіреп соғысып, жауға тойтарыс беріп, кейбір тұста шабуылға шыға бастады. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БӘСЕКЕ ҚУДЫ
Тайталасты, біреудің жетістігін көре алмады, бақ сынасты. * Біреулер «апам кетті, мен қалдым» деп, көршісін көре алмай, бәсеке қуып, әлекке қалады екен. Біреулер біреудің малын, бағып күндейді екен. Ү.Жәл.
БӘСЕ ДЕ (ДЕЙДІ, ДЕЙМІН-АУ, ДЕСЕЙ)
«Солай екен-ау», «Расында да» д.м ~ Ал, осылай ойлаудың өзі күпірлік емес пе? Бәсе де? Қанша ақылы дария ғұлама бола берсін, адам зердесі жететін өре өлшеулі ғана. Ал, онан арғы дүние жұмбақ, құдырет ісі. Төбеңдегі көк зеңгір аспан да құдайдың құдыреті. Ә.Нұрп. ~ Сейсен болса, әне, құрдас-құрбыларымен ыржақтап күліп-ойнап, шөбін шауып жүр. Көк сиырдың алдынан Ержан шығады. Бәсе дейді, көктемде көк сиырдың сары уызын Ержан ғана кертіп жей ме? М.Қаб. ~ Ұйықтағаным жоқ, ой басып отырғаны рас… — Бәсе деймін, не ой осы сендегі? Бүгін бір түрлісің ғой? Ғ.Сл. ~ Бәсе деймін-ау, бұрын неге байланыс жасамаған?.. Телефонды Исатайға берейін. С.Ом. ~ Күні бойы қара сумен жүрек жалғап, ас ішпей жүргені ойына енді оралды. Бәсе десей! Д.Досж.
БӘС ТІКТІ (ТІГІСТІ)
Әлденеге таласып, жеңілгені айып төлейтін болып серттесті. ~ Ат жарысқа барып, қожайынның ағылшындардан осыдан екі жыл бұрын сатып алған сүлік қарасына бәс тікті. А.См. ~ Ал сендер ұтылсаңдар бәске не тігесіңдер? – деп, бұл қонақтарының бетіне жымия қараған. Бірі алтын сағатын, бірі макинтошын, басқалары ақшалай бәс тігісетін болды. К.Сег. ~ Бірақ соңғы минуттарда оған бәс тіккендер көп болды. Э.Хэм.
БӘС ТІГЕМ (ТІГУГЕ БАРМЫН)
Өз сөзіне деген сенімділікті білдіру, серттесу. ~ Байеке, озады атым, бәс тігемін, Тұлпарыңды тұғырым басты менің. М.Мақ. ~ Сонарбай – белгілі даукес: ─Әкел қолыңды, осыдан су шықпаса, мен жауап берейін. Бәс тігемін, – деп даурықты. Т.Әбд. ~ Болсын, туысы құрметті атаман, – деді қуанған Григорий, – жылдың аяғына дейін, даярлық класстарының біріншісі түгіл, екіншісіне экзамен ұстауына бәс тігем. С.Мұқ. ~ Қандай деймісің? Неғып білмей қалдың? Бәс тігуге бармын, сен өзің де осы жайында ойлағансың. Ф.Дост. ~ …арыз иесі ағылшынша ағып тұр, орысша Чехов стилімен сорғалатады, дәп осындай ырғақпен жазылған екі–үш бет қағаз кез келген шенеунікті көрге апарып тығуға күші жетеді! Бәс тігуге бармын! Мынау арыз емес, шедевр! Ә.Кек.
БӘС ТАЛАСТЫ (ТАЛАСТЫРДЫ)
Тайталасты, жарысты, бәстесті. ~ Ал орталық тұста көбінше іргелесіп, кейде қабаттасып отырған жеті-сегіз қанат үйлер мен отаулар мол. Және барлық үйлердің киізінің ақтығы бәс таласқандай. М.Әу. * Жаппар одан алысырақ, есік жақта болғандықтан батыл сөйлеп отырыпты. – Енді Нұржанмен бәс таласпақпысың? – деп Бекназар тағы күлімдей қарапты. – Ол менің інім емес пе, бәс талассам несі бар! – дей берген Жаппарды кіші әкесі қолындағы шынымен беріп кеп жібереді. Қ.Шаб. * Бірақ, бекер жүген жетім «жын қуып кетеді ғой». Оқыса Нұржанмен «бәс таласуы да, молда көбейсе қойдың арам өлуі» де мүмкін. Қ.Шаб.
БӘС ҚОЙДЫ
а) Әлдебір затының, ісінің, өнерінің құнын тағайындады. ~ Бар өнерін салған қоңыраулы сандығы, сүйектеген жүк аяғы, жастық ағашы, қырық дүкен шай сандығы дайын болып қалған. Өзіне нағашылығы бар Нияз байдың бұйым қызметін бітіріп, ақысын алатын кез таяған. Өз ісіне өте мұқият, оның үстіне ісін ақи– тақи бітірмей бәс қоймайтын шебердің мінезін білетін бай да үндемеген. Ү.Жлк.
ә) Бәс тікті. ~ Грушницкий оны бейне жыртқыш аңша бақылайды, одан көзін алмайды: ертең оның княжнаға таныстыр деп біреуден сұрайтыны анық, мен бұған бәс қоюға бармын. Оған княжна да қатты қуанады, өйткені оған көңілсіз ғой. М.Лер.
БӘС КЕСТІ
Баға тағайындады, құнын айтты. ~ Сосын қымызды ішіп болып ем, «бұл сый ауылдың баласы ғой, қымызға қандырып жібер» деп, ішпеймін десем болмай тағы құйғызғаны… Сосын жүрерде: «бай еке, дәулетті үйдің дәмінен» деп… сізге тек сәлем бере ғана кіріп едім. Әлгі бір нәрсеңізге не төлесем екен? дедім. «Ой бәс кесіп қайтесің, аз ғана нәрсе ғой, өзің біліп бере сал» — деді… деп — Сұлтан саудагер ұзақ сүреге кірді. Б.Майл.
БӘРІН АЙТ ТА БІРІН АЙТ
Басқа әңгімеден бұрын, ең бастысын айтсам д.м. ~ Дей тұрғанмен, бəрін айт та бірін айт, осылардың бəрінің үстіне Қазақ университетінің өзгелерден ерек, бөлек тұрған айрықша аяулы қасиеті — Мұхтар Əуезовтің «Əуезов» болғаннан кейінгі күллі саналы ғұмыры түп-түгел осында өткені, ұстаздық еткені — лекция оқығаны, адам тəрбиелегені. З.Қаб. ~ Бәрін айт та бірін айт сондағы сөйлегендердің сөзін айтсайшы! Берия туралы түбіне дейін түп-түгел айтылды. Ш.Айт. ~ Бәрін айт та бірін айт, аюлардың жырын айт, сол күндері атам заманнан адам қолынан жылда-жылда ұшып, пышаққа түсіп жататын, ақыр соңы ашына-ашына осы үш күнде соңғы аламан-тасыр шабуылға шаққандай болған қорбаңбайларға тіл де тиді, жаптым пәле, жақтым күйе де аз он жоқ. М.Қаб.
БӘРІМІЗДІҢ ТҮТКЕНІМІЗ БІР ЖҮН
Бәріміздің мүдде-мақсатымыз бір, ортақ іске қызмет етеміз ғой д.м. ~ Рас, араларында түсiнiспестiк бар шығар, оны неге жайып салып, ортақ тiл табуға тырыспайсындар. Бәрiмiздiң түткенiмiз бiр жүн емес пе? Татулық керек … Б.Алд.

