БАСЫ НОҚТАЛАУЛЫ

Еркінен айрылған, біреуге тәуелді. ~ Жаулары көтерілісшілер қойған талапты орындаса, Пәкістан мемлекеті мен Совет Одағының арты ашылатынын жақсы біледі. Сондықтан да қолдары байлаулы, бастары ноқталаулы… А.Алт.

БАСЫ НОҚТАЛАУЛЫ Read More

БАСЫ ҚҰРАЛДЫ

Жиналды, топтасты. ~ Жұрттың басы құралған жерге Молдаш мұғалім бір соқпай қалған емес. Б.Майл. ~ Қол бастаған ақсақалдардың басы құралып болғанша, қыстаудың әптер- тәптерін шығарды. З.Шүк. ~ Бағыныштылар халықты қанша қысқанмен, мезгіл түске тармаса, жарты алаңдық қана адамның басы құралды. С.Мұқ.

БАСЫ ҚҰРАЛДЫ Read More

БАСЫ ҚОСЫЛДЫ

Бір жерде тоғысты, жиналды, кездесті. ~ 1928 жылы «Ақкөл» бойында отырған Теміртас үйінде басымыз қосылды. Е.Байб. ~ «Сейiт! – деп күрсiндi ол. – Иә, сен баяғы Сейiтсiң–ау! Екеумiз темiр жолдың екi рельсi сияқтымыз ғой. Ешқашан, ешбiр заманда басымыз қосыла алмайды. Сенi көргенде, тiптi, ойламаған жер– ден есiме түсе қалсаң да бiттi, өзiмнен өзiм ұялам, елегiзем. Р.Рай. ~ Бір қалт етіп басымыз қосылғанда Әжібек бізге өз ақылын айтты. − Ақымақтар, ертеден қара кешке дейін шыр айналып селкілдеп желе бергенше, бір ауық дем алудың әдісін таппайсыңдар ма,– деген табалай ұрсып. С.Мұр.

БАСЫ ҚОСЫЛДЫ Read More

БАСЫ ҚАТТЫ

Не істерін, не ойларын білмей дал болды. ~ Ой, енеңді… былжыраған бала, елдің басы қатып отырғанда былжырамай отыр әрі, – деп ұрысып тастапты. ҚЕ. ~ Осындай сөз орамдарынан басы қатқан бейшара кавальеро оның мағынасын табуға, не айтпақ болғанын ұғынуға талпынып талай түнді көз ілмей өткізетін .. М. Серв. ~ «Шынымен рас болғаны ма, рас болғаны ма?» деп таң атқанша ұйықтай алмай, ойлаумен басы қатты. C.Жүн.

БАСЫ ҚАТТЫ Read More

БАСЫ ҚАТЕРГЕ ТҮСТІ

Қауіпті жағдайға тап болды. ~ Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені. Абай.

БАСЫ ҚАТЕРГЕ ТҮСТІ Read More

БАСЫ ҚАҢҒЫРДЫ

а) Басы зеңіп ауырды. ~ Япырмай, көрші-ай, не қылды? Бас ауырды, қаңғырды. Құлағын басып жалынды, Қойғыза көр деп құрғырды. Абай. ~ Асқар жаңбыр басталғалы бері сүйек сүйегі сырқырап, басы қаңғырып, мазасы болмай жүрген. Т.Әбд. ~ Басы қаңғырып, көзі құрғыр аштырмай, біреу ұрып–соғып тастағаннан бетер тұла бойы дел–сал болып, қалжырап тұрды. Т.Әбд.

ә) Мәңгі болды; не істерін білмей дал болды; далада қалды. ~ Бұ күнде қолдан күш кетіп, азамат басына күн туып, қазақтың басы қаңғырып, не болары белгісіз екенін сарнап, сары даланы басына көтеріп, күңіренді. Ж.Айм. ~ «Байдың қатыны өлсе төсегі жаңғырады, жарлының қатыны өлсе басы қаңғырады» дейді. С.Мұқ. ~ Атам бір қайтты дүниеден, Бес жаста жетім қалдырды, Басыма қайғы салдырды. Анам көрді жесірлік, Өзім көрдім жетімдік, Сүйтіп басым қаңғырды. Қашаған жырау ~ …егер жаза басса, өмірінің аяғына дейін басы қаңғырып өтеді, адам бір-ақ рет қателеседі… М.Қаб.

    БАСЫ ҚАҢҒЫРДЫ Read More

    БАСЫ ҚАҢҒЫДЫ

    Мең-зең сенделді; миы ашып кетті. ~ Лебедев пе, бір актер таңертең басы қаңғып, аяқ-қолы қалтырап тұрған мына өзі сияқты бір бейбақтың қазіргідей халін керемет шебер бейнелейтін. «Неге солай етпеске?» Т.Сәу. ~ … екі араға ақыл жүрмейді. Айтсаң, қате шығады. Өйткенмен басы қаңғып жүрген дел-сал жанға жылы сөзіңді қимасаң, шөлден ерні кезеріп, қаны қойылған жолаушыға қанжығадағы торсық ашымалдан тамшы татырмай, «Жортқанда жолың болсын!» — деп көлгірсумен тең. М.Қаб.

    БАСЫ ҚАҢҒЫДЫ Read More

    БАСЫ ҚАЙЫРЫЛДЫ

    Тәмам болды, тындырылды. ~ Бұл кезде көптен көкейде тұрған әңгіме, хикаяттардың біразының басы қайырылған, бауырымыз жазылған, шеріміз тарқаған, енді, қаншама жылдардан бергі дайындық жұмыстарын біржола тиянақтап, бәйгелі бабыма келіп, аламан шабуылға түсуім қажет еді. М.Мағ. ~ Мына анализдің формуласын жазып берші… ана есепті шығара салшы». Сөйтіп берші, бүйтіп бершімен-ақ біраз істің басы қайырылып қалған. Т.Сәу. ~ Сөйтіп, ертеңінде күн көтеріле бере жолға шықты. Рульде Сейіттің өзі. Жол үстінде әр қилы әңгіменің басы қайырылды. И.Жақан.

    БАСЫ ҚАЙЫРЫЛДЫ Read More

    БАСЫ ҚАЗАНДАЙ БОЛДЫ

    Әлдебір мәселенің шешімін таба алмай, басы қатты.
    ~ Редактордан Алдабергенов жайлы жақсы бір мақтаулы нәрсе жазуға тапсырма алғалы едәуір болды. Сонысын бітіре алмай басы қазандай боп жүр. С.Бақ. ~ ~ Сонда да Сабыр өз құлағына өзі сенбеген, есікті ақырын ашып, дәлізге қарап еді — Кәмәлия! Шын Кәмәлия! Ешқандай елес емес! Жап-жалпақ болып, басы қазандай болып, орындыққа жайғасып отырып алған, көзінің жасы пора-пора, әлдекімге мұңын шағып, жылап отыр! Ә.Тар. ~ Редактордан Алдабергенов жайлы жақсы бір мақтаулы нәрсе жазуға тапсырма алғалы едәуір болды. Сонысын бітіре алмай басы қазандай боп жүр. С.Бақ.

    БАСЫ ҚАЗАНДАЙ БОЛДЫ Read More