Егжей-тегжейін тәптіштеп берді. ~ Ертеңнен бастап бұрғыға кірісіңдер. Шуруфті қайтып, қалай теседі, перфоратордың мінезі, анатомия мен физиологиясы қандай, оны бақай-шақайына дейін шағып, құлақтарыңа қорғасындай құю үшін маман жұмысшы бөлеміз. Тек қол қусырып, бас иіп сый-сияпат» .пен қарсы ала біліңдер,- деп көзін қысып қойды. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАҚАДАЙ (ҚҰРБАҚАДАЙ) ШУЛАДЫ
У-шу болды, даңғаза қылды. ~ Жаңа ғана бақадай шулаған қалың елдің жұртында қалып, әудемде меңіреу иенге айналған меңзығыр өлкеде сылбыраңдап қар жауа бастады. Ғ.Біл. ~ Бұл ауылдың сәні де, салтанаты да анау құбыла бетіндегі шалқар көлде құрбақадай шулап, шомылып жатқан қара сирақ балалар. М.Сүн.
БАҚА ТІРЕС
Бәсеке, бақталас, көре алмау. ~ Еске алып қаза берсең мұндай улы әзілдердің не бір сорақылары айтылады-ау екеуінің арасында. Екеуі талай рет бірін-бірі қақ маңдайдан салып қалғандай етіп, не бір ащы, улы әзілмен аямастан мұз тақырға талай отырғызды ғой. Сонау бала күндерінен бастап бірімен-бірі бақа тіреспен келеді емес пе. С.Мұр.
БАҚА СИСЕ КӨЛГЕ СЕП
Азғана болса да, көмек д.м. ~ Біздің елде 56 аз санды ұлт бар. Біз соның біреуі. Адамға зәру ел емес. Жетіп жатыр ғой. Қазақтың қай жеріне қызығасыңдар? Қазақстанның жері кең, адамы аз екен. «Бақа сисе көлге сеп» емес пе? Т.Рыс. ~ Жә, ел ішіндегі бір тентектің еркелігін кешірейік бір жолға. — Көлдей орамал тершіген маңдайды әлденеше сүрткіледі. Сәлден соң асаба өз сүрлеуіне қайта түседі; — Бұл атақ шығаратын бәсеке– жарыс емес, бақа сисе — көлге сеп. Азды — көпке, көпті — Алланың бергеніне балаймыз. Қ.Жиен.
БАҚА БАС
Жалпақ бас; сиықсыз, нашар, бишара. ~ Жаздың күнінде аяғына екеуі екі пұт шығатын, шұбар табан, бақа бас көн етік киіпті. Б.Қыд. ~ Бақа бас қызметкердің ойы — басқа. Бақа бас қызметкер бастық атаулыға қарсы емес-ті. О.Сәр. ~ Еркек шіркіндер ғой опасыз. Көзі тіріде бақа бас еркектің алтын басты әйелді аяққа басып, үстінен жүріп, өлгесін де төсектегі орны суымай жатып, сұқақтап әйел іздейтінін қайтерсің бұлардың?..» Ә.Нұрп.
БАҚ ТІЛЕДІ
Бақытты болуын қалады, игі тілегін айтты. ~ Қош уақыт, құтты қадам, елім кепсің, Аға, іні, құрбы-құрдас, келін — кепшік. Айналдым аузындағы ақ тілеуден, Батырға бақ тілепсің, өрле депсің… М.Әу. ~ Сен менi ойламайтын да шығарсың, бәлкім!.. Бiрақ, мен сенi санамнан шығарған емеспiн. Бақытты болшы, жаным, тек тiлерiм сол! Бiрақ, сүйгенiңе бақ тiлеп, бақытсыз боп жүргеннің, несi жақсы?!. Мүмкін, мен де бiреудiң шаңырағына бақыт әкелермiн!.. Десе де, жүрегiм жаралы… Д.Рам. ~ Құдайдан маңдайына бармақтай бақ тілеген әйел сорлы басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел буып шықса да, жеме-жемге келгенде артына қарайлап жіпсіз байлана беретін әдет емес пе? Ә.Нұрп.
БАҚ ТӘУЕКЕЛ!
Болары болсын деп, қатерге бас тігу. ~ Сонда бала кімнің алмасын алса, ол соның баласы болады. Осыған шыдаймысың? – деп әйеліне шарт қойыпты. Оған әйелі де: «Бақ тәуекел!» – деп бел байлайды. ҚЕ.
БАҚ ТАЛАСТЫРДЫ
Біреудің бақытын күндеді, көре алмады, тайталасты. ~ Қырсығып сөйлегенінді қоймадың-ау, Айтжан! Сенімен бақ таластырып жүрген кім бар? Алтын Жұлдызды арызсыз да алуыңа болатын еді ғой! Б.Тоғ.
БАҚ ТАЙДЫ
Жолы болмады, сәтсіздікке ұшырады, бақ-дәулетінен айрылды. ~ Сен де аурудан тұрған адамдай боп қалдың — ау, Тотия. Екі бетіңнен қан тама жаздап, деміңнен ыстық леп жалындап жанып тұрар едің, адамнан бақ тайса қиын екен ғой. Ш.Мұрт.
БАҚ СЫНАДЫ
Әлдебір жарысқа, жаңа іске ат салысып, өз күшін, мүмкіндігін, жолы болғыштығын мөлшерледі. ~ Бір аптадан кейін мына көрші ауылда үлкен ас болады, ат бәйгесіне нар түйе, қосақ-қосақ жылқы тігіп отыр. Балуан күресіне де, айтысқан ақындарға да, жамбы ататын мергендерге де тіккен жүлделеріне сан жетпейді, шама жетсе бақ сынап көріңдер… Ылғи ығай мен сығай жігіттерге ұқсайсыңдар!.. Б.Тоғ. ~ Әкең әлі есінен танған жоқ. Оқымаса да көп тоқыған. Күш бізге түсіп, қызығын біреу көреді. Мен білсем бұл сенің бақ сынайтын заманың емес, бақыттыларды сағалайтын заман. Осыны ойлап-ойлап бір түйінге келіп отыр әкең. Ғ.Мұс.

