Дәурені өтті, ырысы шайқалды, құты қашты. ~ Арада сойқан соғыс бола жаздап, ақыры қара ат Керімбайға опа бермей, бағы тайып, шабыстап қалғаны… Ш.Мұр. ~ Төбесі опырылып ішіне түскен ескі қыстау дәурені өткен, бағы тайған тіршіліктің белгісіндей болып түн құшағында мүлгіп тұр. Т.Әбд. ~ Пәлі, саған большевиктердің үгіті әбден өтіп кеткен екен! Халқыңның бағы тайған кезіне куә боп отырған соң, аузыңды қу шөппен сүртесің ғой. Т.Сәу. ~ Демек, қазақ пен жоңғар хандығы қатар тұяқтанып, бір-біріне бетпе-бет бағытта шеңгелін жая қозғалды. Араларын бағы тая бастаған Шағатай ұлысының жұқа ғана шымылдығы бөліп тұрды. Т.Жұрт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАҒЫ СЫНАЛДЫ
Сын сағаты туды. ~ Содан кейін заманның ағымы аяқ астынан күрт өзгеріп, жылқы емес, адам бағы сыналатын басқа бір бәйге басталып кетіп еді. Т.Әбд.
БАҒЫ ӨШТІ
Күні қараң болды, бақытсыздыққа ұшырады. ~ Күні кеше ғана қатарының алды болған, ертеңіне сенімді жігіттің аяқ-асты маңдайындағы бағы өшіп, сор жағылады деп кім ойлаған… З.Төл. ~ Қолыма домбыра алып, зар илеймін, Үніндей ботасы өлген нар інгеннің. Жетімді кім тындайды бағы өшкен, Еліме арыз айту — бар білгенім. «Біржан-Сара».
БАҒЫ ӨРЛЕДІ
Бағы жанды, жолы ашылды. ~ Жарты жыл өтпей мектепке директор болып, одан колхоздың парторгтығына жоғарлатылды. Бағы өрлеп келе жатқан алымды жас жігіт жұрт аузынан түспейтін. Т.Сәу.
БАҒЫ МЕН СОРЫ
Бағын ашуы да, сор болып қадалуы да мүмкін жағдай. ~ Халықтың тұрмыс халін өз көзімен көру үшін қамқор патшаның анда-санда елді аралайтын әдеті бар. Әкім біткеннің бағы да, соры да осындайда. Т.Сәу. ~ Жазған табиғат сыйға тартқан он сегіз саланың, тым құрығанда бір рет уағы келіп, мезгілінде өзінен-өзі түскен жоқ… Иә, он сегіз сала — тек Кербұғының маңдайына ғана дарыған бағы мен соры… О.Бөк. ~ Өйткені күй өнерін жан дүниесімен сүйе білетін нәзік талғамды Күнкөсемнің шырт ұйқысынан күй үні ырғағын бұзбай оятып, оның көңіл күйі дөп басып шығу – күйдің ырғағы және күйшінің бағы мен соры. Ж.Баб.
БАҒЫ ҚАЙТТЫ (ҚИСАЙДЫ)
Жолы болмады, сәтсіздікке ұшырады. ~ Бірақ жәй ойлағаны болмаса, ұсақ аң емес, сойылмаған бітеу қасқырды атқа өңгерсе, жүйрік аттың бағы қайтады дейтін ырымды білетін аңшы қынындағы кездікті суырды… С.Жүн. ~ Әдетте, ұрыста бағы қайтқан отырықшы елдің әскері ешқашан қайырылып соға алмайды. Т.Әсем. ~ Бұл күнде бәрінің бағы қайтқан. Бәрі де баяғы аруағынан айрылған. Ә.Нұрп. ~ Жыл өтер-өтпесте Тобылдан тағы бір елшілік тағы келді. Үлкен орданың тағынан қағылып, бағы қисайғандай боп жүрген Қайыптың иығы қайтадан шыға бастады. Ә.Кек.
бағы көшті
Бағынан айрылды. ~ Сұлу жұздi, өр көңiлдi, нар жiгiттi осыншалық бағы көшкендей қорлық түсте көру Абайға аяныш та, намыс та болды. М.Әу.
БАҒЫ КӨТЕРІЛДІ
Жұлдызы оңынан туып, тас өрге домалады, жолы болды, бақыт өсті. ~ Бірақ адамның бағы көтерілген сайын, жауы да көбейеді. І.Ес.
БАҒЫ ЗАМАН
Бұрынғы өткен дәуір, көне уақыт.~ Тұрғыны сирек осы биік үстіртте неміс тектілер бағы замандық
европа мифтерін сақтап отырғандай сезінді. Ғ.Біл. ~ Қамардың сондағы айтқан әні, қазаққа бағы бір заман белгі етіп қалдырған, әлде бір «қос обаны» еске түсіретін атақты «Гүлдариға» еді. Ж.Ахм. ~ Бұл жөнде бағы заманда ғұламалар шариғат жолына лайықты етіп, жазып кеткен дағуалар бар. М.Әу.
бағы жанбады
Жолы болмады, сәтсіздікке ұшырай берді. ~ Бірінші күні балуандарымыздың бағы жанбады. БАҚ. ~ Бағы жанбаған бейшара болды ғой, естуіме қарағанда ішіп кеткен көрінеді. Ш.Айт. ~ Бұрынғыдай атқа мініп тұрған кезі жоқ, аудандық газетке дейін «төмендеген», «өз жолын өзі кескен», «не поэзияда, не әдеби сында бағы жанбаған» бейшара енді кімге керек? Б.Тоғ.

