Аласапыран, күні ертең не болары дүдамал уақыт. ~ Өзі біртүрлі жігіт. Ауылдастары түсіне алмады. Осындай әрі- сәрі кезеңде өлмелі әке- шешесін Алматыға көшіріп әкетпекші. Қ.Түм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘРІ-СӘРІ (БОЛДЫ)
Екі ұдай, дел-сал күй. Не істерін білмей дағдарып, басы қатты. ~ Қамкөңіл Гүлнаш бір ауық аяп кеткендей де еді. Бірақ ол әрі-сәрі боп, толқып, дағдара бастағанда, сыртта Құтжол шәу ете қалды. Т.Әл. ~ Батылдығың қайда? Әрі-сәрі боп жүре бермекпісің? Іштен желініп, құрисың ғой. М.Сүн. ~ Зағипа шығып кеткеннен кейін де Әсет көңілі әрі-сәрі боп тұнжыраған бейжай күйде қалды. С.Мұр. ~ Өстіп әрі-сәрі боп жүргенімде бір күні әкем жетіп келді. Н.Сер. ~ Екеуі абыржып қалды. Дәурен ып-ыстық қолымен білегімнен ұстай алды. Салондағылар әрі-сәрі. М.Қаб. ~ Шақалақ ақынның: «Тазы емес, төбет емес дүрегейім, Айрандай жаңа ұйыған кілегейім» деген елеңін естуің жоқ па еді? — деп сұрайды. — Естуім жоқ. — Естімесең, дүрегей деген сол. О да емес, бұ да емес, әрі-сәрі деген сөз. Т.Әл.
ӘРІ-БЕРІДЕН СОҢ
- Керек болса, тіпті д.м. ~ « Расында менің де әрі-беріден соң, адам боп жаралғалы арыла алмай келе жатқан жауым осылар.» Р.Рай. ~ Жайлауға шыққан соң үйленсе көңілдері елегзитіндей, зерігетіндей болып жүргені де әншейін ғана нәрсе екен… Әрі-беріден соң кейде апасы да артық болып көрінеді. Т.Нұрм.
~ « Өсти берсек, балам, қазақ болмай қаламыз, әрі-беріден соң. Қарғысына ұшыраймыз ата-бабаның». Н.Дәут. - Бірер уақыттан кейін. ~ Отты сөндірмейді, көміп қояды, сөніп қалса қайта тұтандыра алмаймыз деп қорқып, күндіз ересектері аңға, жеміс тере кеткенде, балаға отты күзеттіріп кетеді. Әрі-беріден соң жабайылар отқа тамақ пісіріп жейтін болды. А.Байт. ~ Пристав бізді Кравченковқа жіберді. Келдік. Келісімен мені екі солдат бағынға алды. Әрі-беріден соң Кравченков шақырып, жауапқа алды. І.Жан. ~ Нағашы апасының атын өрнектеп жазып сыйлаған естелік сыйлықтарды шаң басып тұр, бір шетте үйілген кітаптар мен ескі журналдарды ақтаруға жүрегі дауаламады, әрі тас үй әжептәуір суық екен, әрі-беріден соң бойы тоңази бастады. Ж.Шам.
ӘРІ-БЕРІ ОЙЛАНДЫ
Ұзақ ойланып, толғанды. ~ Өстіп жүргендерінде күз келіп, қылмысты істер қысқартылып, елге қайтатын күн туады. Қайтарында Құнекең әрі– бері ойланып, қысылтаяң кезде жолдас болған Әйбәтті оңаша жеке үйге орналастырады. Т.Жұр. ~ Әрі-бері ойланып, мүмкін бүгін күні бойғы сәтсіздіктерден кейін санам сансырап, бөгде көшеге түсіп кеткен шығармын деген тоқтамға келдім. М.Рам.
ӘРІ-БЕРІ ҚАРАДЫ
Басынан аяғына шейін қарап шықты. ~ Бір айдан кейін қарт профессор дәрігерге барды. Ол әрі–бері қарап: − Міне, енді сені емдеуге болады,– деді, − Алты айдан кейін операда князь Игорьдің да ариясын айтуға жарап қаласың! І.Ес.
ӘРЕҢ ДЕГЕНДЕ
Әзер-әзер; бар күшін сарп еткенде ғана деген мағынада.
~ Ұлпан әуелі оның өкшесіне шығып, жағасынан тартып әрең дегенде қолы мойынға іліккен соң: — Енді тұр! — дейді. Ғ.Мүс. ~ Бір қалыпты көлік тербелісінен Самат ұйықтап кетті. Түс. …Биік таудың басына қара терге малынып, әрең дегенде өрмелеп шығып, ұшар ұшынан жалаң қолмен тырмалап, тұма көзін ашуға кірісті. З.Төл. ~ Сонда қыстай жемде, жаздай бос жүрген екі торы бар. Соны сұрап бер деп жалынады. Ол көнбейді. Майы деп Әбітай қолына ақша қыстырады. Қойшы әйтеуір, өліп-талып әрең дегенде сұрап алып, Торғын екеуі түн ішінде шайқалтып келе жатады. К.Қаз.
ӘР ШӨПТІҢ БАСЫН БІР ШАЛДЫ
Не болса соны әңгіме қылды, бет алды сөйлеп кетті. ~ Қара қыз қара жапырақтатып, әр шөптің басын бір шалып, тағы да тантып кетті. Т.Рыс. ~ Түстік қанаттағы орман ішінен ши қалпақ, шолақ көйлекті жирен сақал орыс жігіті көрінді. Әр шөптің басын бір шалып, көк шалғынды шиырлап, қағазға бірдеңені түрткілеп жазып жүр. Ә.Асқ. ~ Өтегеннің бір сөйлесе тоқтамай, әр шөптің басын бір шалып, сырқырата беретінін бұрыннан білетін Ақтоты, енді оны еркіне қоя бергісі келді бір сәтке. Т.Рыс. ~ Жеткізетін жақсы хабарың болса, айт. Әр шөптің басын бір шалмай,- деп Ақтоты, Қымбатқа қарап, қабағын көтеріп қойды. Т.Рыс. ~ Қаза берсек, қайсы заманнан да мін шығады… Саркемпір мен Ақтоты әр шөптің басын бір шалып, бұл жолы көп- көрім әр қиырдан әңгіме шертті. Т.Рыс.~ Саркемпір мен Ақтоты әр шөптің басын бір шалып, бұл жолы көп- көрім әр қиырдан әңгіме шертті. Т.Рыск.
ӘР ХАННЫҢ ТҰСЫНДА БІР СҰРҚЫЛТАЙ
Әр кезде билікті сағалаған, биліктің сөзін сөйлейтін қызыл тілді қайраткерлер болады д.м.~ Керей Ертісті сағалаған. «Әр ханның, тұсында бір сұрқылтай» (сөзуар) болады дегендей, Жәнібек ханмен тұстас Жиренше атты шешен болғаны туралы, оның тапқырлығы туралы қазақ арасында толып жатқан аңыздар, әңгімелер бар. С.Мұқ. ~ «Əр ханның тұсында бір сұрқылтай» дегендей, Ғылым академиясында істейтін Сəмсүгір Сұршин деген байырғы большевик Мұхтар Əуезовтің ата– дұшпаны деп еститінбіз. З.Қаб.
ӘР СӨЗДІҢ БАС ЖІБІН ЖЕКЕ ЕСТІ
Көп сөйлеп, мылжыңдап кетті. ~ Оспан оттаубайы талай уақытымызды ұрлады. Сондықтан, әр сөздің бас жібін жеке есіп, сөзбұйдаға салмай тоқ етерін айталық. О.Бөк.
ӘР САҚҚА ЖҮГІРТТІ
Неше түрлі ойлар кеп, көңілі бұзылды; ойы сан құбылды; сан түрлі жорамал айтты. ~ Шаһардың халқы мынау жұмбақ мұнараны әлдеқашан-ақ сан саққа жүгіртіп қойған. Ә.Кек. ~ «Әй, жұртта да иман жоқ–ау, – деді ішінен кейігендей болып. – Осы Өлместі бәк–шәк деп, өсек қылып, сыртынан сан саққа жүгіртеді. Біреудің аузындағы ырысын тартып алып жүр ме екен бұл сонда? Т.Әбд.

