Көп сөйлеп, мылжыңдап кетті. ~ Оспан оттаубайы талай уақытымызды ұрлады. Сондықтан, әр сөздің бас жібін жеке есіп, сөзбұйдаға салмай тоқ етерін айталық. О.Бөк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘР САҚҚА ЖҮГІРТТІ
Неше түрлі ойлар кеп, көңілі бұзылды; ойы сан құбылды; сан түрлі жорамал айтты. ~ Шаһардың халқы мынау жұмбақ мұнараны әлдеқашан-ақ сан саққа жүгіртіп қойған. Ә.Кек. ~ «Әй, жұртта да иман жоқ–ау, – деді ішінен кейігендей болып. – Осы Өлместі бәк–шәк деп, өсек қылып, сыртынан сан саққа жүгіртеді. Біреудің аузындағы ырысын тартып алып жүр ме екен бұл сонда? Т.Әбд.
ӘР САҚҚА ЖОРЫДЫ
Неше түрлі жорамал жасады. ~ Керім екен!.. – Сүйрік саусақтар еріктен тыс көтеріліп барып, орта жолдан кейін тайқыды. Балта әлгі қимылды әр саққа жорыды. C.См.
ӘР НӘРСЕНІҢ БАСЫН ШАТТЫ (БҰТЫП-ШАТТЫ)
Аузына келгенді айтып, тыңдаушысын зығыр қылды. ~ Түс мезгіл екі төбет тойып жатып, Кемпір наз өкпелерін қойып жатып, Ас үйдің алдындағы күншуақта, Сөйлесті әр нәрсенің басын шатып. А.Байт. ~ Молдалар шариғатқа обал дейді Бір үйде бой жеткен қыз жалғыз жатқан, — деген сияқты шілдеханада айтатын салдаман өлеңдер мен әр әннің басын шатып, соғып отыр. Ж.Айм. ~ Көңіл көзі ұйқыда, емін-еркін ессіз жатқан тірілер талай нәрсенің басын шатады, бірақ оянғаннан кейін соның көбін ұмытып қалады да, түстің есінде қалған жұрнағын ойына не келсе сонымен кездейсоқ жори салады. В.Расп. ~ Әр нәрсенің басын шатып сөйлеген, Шешен бе деп таңданам да кейде мен. Б.Қал. ~ Зергер Оралдың ысылмаған қаламы әр нәрсенің басын бұтып-шатып келіп, әлден уақытта құнарлы бір деректерге душар етті. Т.Әл.
ӘР НӘРСЕНІҢ БАСЫН ТҮРТТІ
Еш байланыссыз, жүйесіз, шатып-бұтып айтылған сөз, әңгіме туралы. ~ Жазушы өзінің кейбір жастардың тарихты білмей далбасалап, әр нәрсенің басын түртетініне былайша қынжылады. БАҚ
ӘР НӘРСЕНІҢ БАҒАСЫН БІЛЕДІ
Өмірде көргені бар, жақсы-жаманды айыра білетін адам туралы. ~ Мақан Сабыровты салмақты, әр нәрсенің бағасын білетін, артық бағаға, қиянатқа бармайтын адам деуші еді, бұл да пенде екен ғой. К.Қаз.
ӘР НӘРСЕНІҢ (ӘРНЕНІҢ) БАСЫН (БІР) ШАЛДЫ
Тиіп-қашып әр нәрсемен айналысты, ісінде береке болмады. ~ Ой деген кейде бір бұтақтан бір бұтаққа секірген ақ тиынға ұқсайды. Әр нәрсенің басын шалып басым ауруға айналды. І.Ес. ~ Қартайып, қайғы ойлаған пенденің көңілін әр нәрсенің басын шалып, қай-қайдағыны есіне түсірмей ме. О.Бөк.~ Бұл Айжанның сөйлегеніне мәз, тағы бірдеме сұраса екен деп тілейді. Көңілі түскенде, ол әр нәрсенің басын шалып, өзінше тәп-тәуір әңгіме айтқан болады. Д.Әш. ~ Ол ендігі сәтте не ойларын білмеді. Сырғақсып, әр нәрсенің басын бір шалып, қиялын тиянақтана алмайды. Т.Әбд. ~ Күреңбайды қарсы алдына жақын отырғызып, әуелі «Тақыртөбе» жақтан тыңнан не хабар бар?» — деп шыжымдап сыр тартты. Әрненің басын бір шалып, көр-жерді сұрағыштап, қутыңдап отыр еді. С.Ом.
ӘР НӘРСЕНІ КӨҢІЛІНЕ АЛДЫ
Не болса соған қайғырды, ренжіді. ~ Е, Бибипатма пірім, жар бола гөр! Е, ата-бабамның əруақтары желеп-жебей гөр! Тілі бардың тілінен сақта, көзі бардың көзінен сақта, жаман қатындардың сөзінен сақта. Кет, пəлекет, кет! Тау айналып кет, сумен келсең, су айналып кет. Асықтырма, жаратқан. Ай-күнін толтыра гөр! – деп сарнай жөнелді. – Өзің де бір жамансың, əрнені көңілге аласың. О несі-ей, тағы шала туайын деп жүрсің бе? С.Досж.
ӘР ҚОЛ ӨЗ ҚАРЫНА ТАРТАДЫ
Кім-кім де өз қамын ойлайды д.м. ~ Тоқалдың бұл сөзіне Сатанның көңілі тіксініп қалды. «Қанша бауырластық дегенмен әр
қол өз қарына тартады-ау. Мынаның айтып отырғанын қарашы»,- деп ойлады. І.Жанс.
ӘР ҚАДАМЫ САНАУЛЫ
Не істегенінің бәрі бақылауда д.м. ~ Он сегіз жасар жас қызды салған беттен басқа мінез, жүріс-тұрысқа салмақ болды, сарт та сүрт, әр қадамы санаулы, сөзі қаттаулы Қарашаш Сүлеевнаға айналдыруға тырысты. М.Қаб.

