Өршелене, өшіге істелген іс, әрекет хақында. ~ – Әкелеріңнің құны кеткендей жүгірмесеңдер де болады ғой, қазан сынады десе де, болмайсыңдар ғой, – деп, үлкен бір қара тасқа қазанды періп кетіпті ғой. «Қ.Ерт.» ~ — Сүйменқұл, жетер! Доғар сөзді! Анау иттің үстіне су құйып жібер! Өлердей ішіп әкесінің құны кеткендей не көрінді екен! — деп Тұрған қайта ширады. С.См. Әй, мені ұрып өлтіру аз ғой, ұрып өлтіру! Жер түбіне кісі жұмсап нем бар еді, нем! Ол алқаш Алматыға
жетті де әкесінің құны кеткендей араққа құлады ғой! Ә.Тар. ~ Сайтан алғырдың майы ағып жатыр! — деп әкесінің құны кеткендей доңғалақты теуіп -теуіп жіберді. Қ.Ысқ. ~ Өзінің іңірдегі қылығы есіне түсті. Әкесінің құны қалғандай ішкені есіне түсті. С.См. ~ Өзінің іңірдегі қылығы есіне түсті. Әкесінің құны қалғандай ішкені есіне түсті. Ә.Тар. ~ Көзіне түскен ақ бурыл шашын жуан, кысқа саусақтарымен кейін қайырып қойып мұнда әкесінің құны қалғандай тепсініп тұр. С.Дос.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘКЕСІНІҢ ҚАМШЫСЫ ТИІП ЖҮР
Бесіктегі сәбидің әкесі жол жүріп, қайтып келу уақыты жақындағанда айтылады /Әзіл ретінде/.
ӘКЕСІНІҢ ЖАНАЗАСЫНА КІСІ ЖИНАП ЖҮРГЕНДЕЙ
Шұғыл шаруасы бардай-ақ д.м. ~ Атқа жүргені де бір түрлі: тақымына ат тисе болды, әкесінің жаназасына кісі жинап жүргендей, тұра шабады. Ғұмыры ат суытпайды. Ж.Нәж.
ӘКЕСІНІҢ АУЗЫНА СЫРҒА ТАҚТЫ
Түгін қалдырмай сыбады, боқтады. ~ Аузына ақ ит кіріп, қара ит шығады. Не жазығы барын да білмейді, әлдебіреу әкеңіздің аузынан сырға тағып, келдектей жұдырықпен көк желкесінен қойып қалғанын бір-ақ білесің. Ж.Айм.
ӘКЕСІН ТАНЫТТЫ
Сазайын берді; жанын көзіне көрсетті; аямай ұрып-соқты.
~ Қаңтар ынжық, жасық адам болған, кім көрінгеннен таяқ жей берген, ал Ақпан, өзі ешкімге соқтықпайды екен де, соқтыққанның әкесін танытады екен … С.Мұқ. ~ Ал әлгі Жапоның не ойлайды? Керманның ол досы емес не? Досына болысар ма екен, жоқ әлде өзіме де жан керек дер ме екен?
— Жапонның қолынан не келуші еді. Хасан көлінің маңында біз оның әкесін танытпадық па! Б.Соқ. ~ Ағай, сөйтіңізші, Сейттің әкесін танытып, өшімізді бір алып беріңізші дейді. Б.Соқ. ~ Әй, Мұқасы, осы сен қатыныңды сабап көрдің бе? – дейді біреуі. – Е, неге сабамайды екем… әкесін танытам! Т.С.
ӘКЕСІН ӨЛТІРГЕННЕН БЕТЕР
Құдды бір өші кеткендей, қас дұшпанындай көреді д.м. ~ Күлімдеген көк мұнараға бір жан қол көтерсе, тек сол ғана көтере алады. Бас шебердің өзінен бір мысқал асып кеткен кісіні әкесін өлтіргеннен бетер жек көретінін басқа білмесе де, бұл біледі. Ә.Кек.
ӘКЕСІН ӨЛТІРГЕНДЕЙ
Қас жауындай көреді. ~ Бөкен ернін тістеді. Көкірегіне бір түйір тұз тұрып қалғандай, аузына кермек дәм келді. Расында, бұнда несі бар оның? Әкесін өлтіргендей-ақ көргеннен сызданып, бұралқы сөздерімен қажады кеп, қажады кеп. Д.Әш. ~ Бас шебердің өзінен бір мысқал асып кеткен кісіні әкесін өлтіргеннен бетер жек көретінін басқа білмесе де, бұл біледі. Ә.Кек. ~ Үй, шатпашы, әкесін өлтіргендей қатынның аяғына жығылмақпын ба енді! Қ.Шаб.
ӘКЕСІН ӨЛТІРГЕН ЖОҚ
Айыпты емес; қастық қылған жоқ; жазықты емес; не кінәсі бар деген мағынада. ~ Түк түсінсе бұйырмасын… қараптан — қарап жүрген Шегені шпион етіп шығарғаннан бұған не пайда? Бұның әкесін өлтірген жоқ, қой Шеге. Тіпті 32-шы жылы үйден — үйге кіріп жүріп жұрттың ішіп отырған асын тартып алып, заготовкаға өткізген ақымақ Ждақайға да бұл бір ауыз сөз айтпап еді ғой. С.Ел. ~ Серікжан ешкімнің әкесін өлтірген жоқ. БАҚ
ӘКЕСІН (КӨКЕСІН) КӨЗІНЕ КӨРСЕТТІ
Аямай ұрып-соқты, сазайын тарттырды. ~ Ол дауыстай сөйледі. – Биғазы екеуміз жақсымыз ғой! Сендерге біреу тиіссе маған айт! Әкесін көзіне көрсетем! Т.Сәу. ~ Ол кім, кімнің баласы? Айтшы кәне, әкесін көзіне көрсетейін! Қ.Жиен. ~ Білмегендіктен емес, тағы да қырсықтығым ғой желкеме міне қалған. Әйтпесе жүзіңді қойып, екі жүз, үш жүзіңді санағанда көкесін көзіне көрсетемін. К.Сег.
ӘКЕСІ ӨЛГЕНДІ ДЕ ЕСТІРТЕДІ
Ең бір ауыр жағдайды да жасыруға болмайды; қаймықпай, турасын бетіне айту керек деген мағынада. ~ Ішкі сырын бүкпей сыртына ашық шығарып айтқаны да дұрыс шығар, әкесі өлгенді де естіртеді, содан киын дейсіз бе. Б.Қыд.

