ӘЛ (ХАЛ) ҮСТІНДЕ

Өмірмен қоштасуға жақын; ауыр халде. ~ Қол қой деп қаламмен шұқып көрсеткен тұсқа айшаңбақ сүйкей сап, дегбiрсiзденiп қағаздың қаттауын жазған: «Әкең әл үстiнде. Тез жет!» Т.Сәу. ~ Ауылға бармағалы жылға таяп, кейде одан да асып кеткен кезде, апасының бірер мәрте «шешең хал үстінде жатыр» деп суыт телеграмма соғып шақыртып алғаны бар. Т.Сәу.

ӘЛ (ХАЛ) ҮСТІНДЕ Read More

ӘЛ-ДӘРМЕННЕН АЙРЫЛДЫ

Күш- қуатынан айрылды, қалжырады, қатты шаршады, әбден титықтады. ~ Бір кез сирек кірпікті жігіт қылғына қырылдады. Сайлаубек жалт қарады. Ұйпалақ шашы термен шыланған Лexa серігінің алқымынан қаншеңгелді сығымдай қысып, буындыра қарыстырып барады екен. Аларған көздер шарасынан шығып, әл-дәрменнен айрылып, өлеусіреп сала берді. С.См. ~ Әдетте көпшілік биік шыңдарды бағындыру мен әл-дәрмені қалмай әлсіреу қатар жүреді деп есептейді. Мүлдем олай емес. БАҚ.

ӘЛ-ДӘРМЕННЕН АЙРЫЛДЫ Read More

ӘЛ-ДӘРМЕНІ ҚҰРЫДЫ (ЖОҚ, ҚАЛМАДЫ)

Қуат-күші сарқылды, әлсіреді. ~ Университетке түскен жылы оның көп құмартатын армандарының бірі театр өнері еді. Енді міне тағдырдың қалауымен сол сенариді өзі жазып, аяғына жете алмай әл-дәрмені құрып жүр. Шексіздікке бой ұратын шектілік кейде қанатын талдырып, қарымын азайтады. Ж.Шәк. ~ Боз беткейге жеткенде Сұрша қос қапталына кезек бұрылып, «енді қалыңдар, кеш қарая өзім келіп алып кетемін» деуі мұң екен, әл-дәрмені құрыған екеуі қолдарын босатып, домалаң ете түсті. С. Мол. ~ Ыстықтан жанып барамын. Неге сонша ыстық? Интернат, ақ мешіт өртеніп жатыр екен деймін. Ақ киімді адамдар су сеуіп өшіріп жатыр екен деймін. Мені құтқармақшы екен деймін. Үстімдегі үш қабат одеялды аударып тастайын десем, әл-дәрменім жоқ. Ш.Мұр. ~ Көбінесе түнгi кезекшiлiгінде болатынмын. Сол күндердің бірінде күндiзгi күйбеңнен қатты қалжырап қатып қалыппын. Түннiң бiр уағында тоңып жатқанымды сезіп, сырғып кеткен жамылғымды алайын десем әл-дәрменім жоқ. Ж.Шәк. ~ Қоңыр аңы қойдай өріп жататын ен даланың да пейілі тарылып, тірі тышқан жолықпайды. Әл-дәрмені қалмаған үш бейбақ жығылып, сүрініп бір жерге келгенде біреуі сәл алға озады. Ы.Дәб.

ӘЛ-ДӘРМЕНІ ҚҰРЫДЫ (ЖОҚ, ҚАЛМАДЫ) Read More

ӘККІ ҚУ

Көпті көрген, айлакер, тәжірибелі алаяқ. ~ Байқаймын, көп домалақ арыздың иесі сол. Ол тері-терсек жинап жүрген жоқ, қиқым өсек жинап жүр. Бірнеше рет маған да кіріп шықты… ә, білемін… Ол бір әккі қу… Жұрт өзінен жаман қорқады. Б.Тоғ. ~ Шал сорлы патша заманында байшікештеу болған екен, өкіметтен қашып жүрмін деп Шалабай бандысының ішіне барады. Әккі қулар әрі-бері сынап көріп, бұл адамның тегін келмегенін сезген соң атып тастапты. Б.Тоғ.

ӘККІ ҚУ Read More

ӘККІ ЖАУ

Бұрыннан арпалысып келе жатқан, қарсыласының қыр-сырын жақсы білетін, кәнігі дұшпан. ~ Бұлыш бастаған ер-азаматтар дағдарып тұр. Олар да әккі жаудың мына қылығын ұға алмай дағдарғандай. С.Ел. ~ «Ассалаумағалейкум, халқымның қаһармандары! Тізелеріңнен қан кешіп, ең әккі жауды әкесіне танытып жатқандарына ризасыз. Соғыңдар иттің баласын, өзгеге қазбақ болған көріне өздерін тығыңдар жақсылап! К.Қаз.

ӘККІ ЖАУ Read More

ӘККІ ӘЙЕЛ

Көпті көрген, жырынды, залым әйел. ~ Екі келіншек дым ұқпай мырс етіп күліп жіберіп еді, Агафия Япишкина оларды ала көзімен атып: – Дұрыс, дядя Карапет! Орынды айттыңыз… Түсінікті, несі бар, өте дұрыс, – деп, әккі әйел сөздің сыңайын бірден ұғып. С.Жүн. ~ Кенжеханның көзіне үй іші кешегіден де құлпырып кеткен сияқты. Әккі әйел сандықтағы бар асылын шығарып жайнатып қойған. Тіпті төр алдындағы көрпеге дейін ине-жіптен жаңа шыққандай. Төрт қанат қараша үйдің іргесі кешегіден де кеңейіп кеткен тәрізді. Б.Тоғ.

ӘККІ ӘЙЕЛ Read More

ӘККІ БОЛҒАН

Тісқаққан, айласы мол, көп адамға зияны келген адам туралы. ~ Әккі болған иттер бәрі бірге жапа-тармағай ұмтылмай тосқауылдап қуады. Ғ.Мүс. ~ Ол басынан ұрылып, таяқ жеп, әбден әккі болған жылқы тәрізді, қанша көптігін мес тұтып, қоқан-лоқы көрсеткенмен де, Жоңғар қақпасынан бері өтуге батылы бармайды. І.Ес. ~ Түсінбейтін түгі де жоқ. Байға қайта-қайта шығып әккі болған қатын бір күйеуге тиген соң, екіншісін іздеп емексіп тұрады. Біз де тап сол секілді біресе завод болдық, сосын астық салатын совхозға айналдық, енді қой өсіруге көшіп жатырмыз. К.Қаз. ~ Жуан қара теректі паналап, біраз тұрдым. Осы араны тақырлап, әккі болған қулар мендей емес, батыл. Көше жақтан келе жатқан қыз қарасы көрінсе-ақ алдын көлденеңдеп, тосып тұрады. Б.Соқ. ~ «Кіші атам қандай әккі болған, қалың құмның арасында отырып жауға алдырмаудың айласын қалай тапқан!» — деп ойлады Құлжан. Ә.Тар.

ӘККІ БОЛҒАН Read More

ӘКІРЕҢ ҚАҚТЫ

Кіжіңдеп, қоқаңдады. ~ Əңгүдік, əкірең қаққан, албыт сөзді, … Көк ешкінің жыртық көзді. Алтайдың кəр жынындай бақылдаған, Көк сақал, азбансынған, бұл кім өзі? І.Жан. ~ Айтқали көшеге шыға бере әкірең қағып айғай салды. Ә.Асқ.

ӘКІРЕҢ ҚАҚТЫ Read More

ӘКЕТІП БАРАДЫ

Әлдебір құбылыстың бүкіл бойын билеп алып, меңдеп, шыдатпай бара жатқаны туралы. ~ Ақ көгершін секіріп басына шықты. Төбе-құйқасы шымырлап қоя берді. Бірақ, мысқалдай да ауырлығы білінер емес. Тек қозғалған сайын тырнақтары батыңқырап, жыбырлатып әкетіп барады. Жанынан қиыс өтіп бара жатқан бір аққұба қыз бұған қарап мырс етіп күліп жіберді. Д.Рам. ~ Даланың әдемі қош иісі мұрнымды жарып, көңілімді өсіріп, жүрегімді тулатып әкетіп барады… М.Дәу. ~ Тұра сап Ақшоқының тауына қарай қаштым. Бір шилеуіт жерге жетіп бұғындым. Тірі екеніме әлі сенер-сенбеспін. Аңдып жатқан орыстар атып сала ма деп, жан-жағыма алақ-жұлақ қараймын. Тілім аузыма сыймай шөл әкетіп барады. Б.Нұр.

ӘКЕТІП БАРАДЫ Read More

ӘКЕСІНІҢ ҚҰНЫН СҰРАДЫ

Тым қымбатқа бағалады. ~ Сүйтіп тұрғанда кейінгі екі даугер келіп жетеді. Даугер енді үшеу болады: біреуі түйенің көзін, екіншісі әкесінің құнын, үшіншісі қайық пұлын сұрайды. А.Бай. ~ Табылмады емес, табылды-ау, әкесінің құнын сұрайды, тіпті делдал саған қарайтын емес, сөйлесу үшін де кезекке тұрады екенсің. Е.Әбік. ~ Жүкті басқа машинаға басып, машинаны тартып, Барнаулға дейін жеткізейік десек, тоқтаған КамАЗ-дар атасының құнын сұрайды. З.Нұр.

ӘКЕСІНІҢ ҚҰНЫН СҰРАДЫ Read More