ӘКЕСІ ӨЛГЕНДЕЙ

  1. Әлдебір істі жаныға, барын салып істегенде айтылатын кекесін; барын сала, жан ұшыра, жан-тәнімен д.м. ~ Бастықты аяғаннан ұтқысы келмейді. О кісі шахматқа әкесі өлгендей жан-тәнін салады, шаруасы шалқайса, кәдімгідей қызараңдап, шатақ шығарады — шақар… М.Қаб. ~ Көргем талай рет. Дүкеннің алдында тұрып ішіп ап, онан соң атын борбайлай сабап әкесі өлгендей көшені бойлай шабатын. С.Мұр. ~ … ауылға ылғи әкесі өлгендей сатыр-сұтыр шауып келеді. Азан шақырып қойған атының кім екенін құдай білсін, жұрт оны Лепірбай деп кетті. К.Қаз.
  2. Қатты қайғырып, қапа болып д.м. ~ Өй, ынжық! Ақжол тілеп алысқа аттанғалы тұрғанда, әкесі өлгендей өкіруін бұның!.. Д.Әш. ~ Деді де, қос қолымен мандайын қысып, еңіреп жылап жіберді. Содан қойсыншы: ал кеп жыла, ал кеп бозда. Әкесі өлгендей ойбайлап кеп жыласын. Ә.Тар.
ӘКЕСІ ӨЛГЕНДЕЙ Read More

ӘКЕСІ БАЗАРДАН КЕЛГЕНДЕЙ

Есі кете қуанды. ~ Келген шаруам пәленше деген патшамыз: «Осы маңда Атымтай жомарт деген бар, соны өлтіріп, басын кесіп алсаң керегіңше қазынадан алтын, күміс аласың», – деген еді. Сол жомартты тауып маған көрсетсеңіз болғаны, патшаның берген сыйының жартысын сізге берем. – Маған еш нәрсенің керегі жоқ, оны тауып беру оңай, – деген жауапты естігенде қанішер әкесі базардан келгендей қуанып, екі езуі екі құлағына жетіпті. ҚЕ. ~ Ақбілек дәл бір боранда адасып кетіп, не тауда, не орманда қалып, жоғалып табылғандай көрінді. Қуанған сайын Ақбілек таза, Ақбілек періште сынды болды. «Жаным, сәулем қай жерде отыр екен? Құрмалдығың болайын!»— дегендей, Ақбілекке мүлде құлап кетті. Әкесі базардан келген балаша қуанып, Бекболат тайраңдап ауруханаға кірді. Ойы: дәрігерге қашан босатуын сұрамақ еді. Ж.Айм. ~ Қайткенде де, кішкентай Жансалқам әкесі базардан оралғандай қуанатын. Ылғи ет. Ылғи сүт. Не пісәс, не басқа тамақ жоқ. Бауырсақ тауып беріңдер деп қырсығады. М.Мағ. ~ Хансұлу! Әй, әй, Хансұлу! Көкең келе жатыр! Көкең!— деп құдды өз әкесі базардан келе жатқандай әрпіл-тәрпіл жүгіреді Қозбағар. Табаны жарқ-жұрқ етеді. Өзі Пахраддин үйінің малын бағады. О, Жаратқан Ие, сөйте жүріп Хансұлудан бұ да дәмелі. С.Ел.

ӘКЕСІ БАЗАРДАН КЕЛГЕНДЕЙ Read More

ӘКЕҢНІҢ (НЕ ӘКЕҢНІҢ, АТАҢНЫҢ) ҚҰНЫ БАР МА (БАР)

Ала алмай жүрген өшің бар ма д.м. ~ «Әкеңнің құны бар ма, атымды ұрлап, Жуан ит басынасың кімді қорлап, Семірген арамдықпен арам қарын, Сен менен ат аласын, қалай зорлап!» С.Мұқ. ~ Мәжікен бәрімізді оқты көзімен атып тұрған қалпында: − Нұртайда әкелеріңнің құны бар ма? — деді. С.Ом. ~ Сендер кімсіңдер өзі, әуелі соны айтыңдаршы?! – деймін іштен. – Кім екенінде не әкеңнің құны бар, аш есікті!.. С.Жүн. ~ Мені осынша кедей қылғандай не әкеңнің құны бар еді сенің, деп Тайман шалқасынан жатқан Мырқалды көк қарынның тұсынан тартып тартып жіберіп еді, ол қарнын сипалап ойбай сала атып түрегелді. Ә.Әб. ~ Маған мәшине бермейтін қай атаңның құны бар?! А, айтшы, қане?!. Б.Тоғ.

ӘКЕҢНІҢ (НЕ ӘКЕҢНІҢ, АТАҢНЫҢ) ҚҰНЫ БАР МА (БАР) Read More

ӘКЕҢНІҢ (КӨЗ) ҚҰНЫ ҚАЛҒАНДАЙ (КЕТКЕНДЕЙ, БАР МА, ҚАЛҒАН ЖОҚ)

Не ақың бар; қандай өшің кетті деген мағынада айтылатын кекету сөз. ~ Әкеңнің көз құны қалғандай қылғытып едің ағын да, қызылын да араластырып. Отыр енді қақпанға түскен қасқырдай қыңсылап!» Т.Сәу. ~ Бір нәрсеге бел шешіп кіріскен соң, сол істе әкеңнің құны кеткендей өлермендік көрсетпесең батпан құйрық та, тегіннен- тегін жатқан құйрық та жоқ көрінеді. Қ.Ысқ. ~ Әй, ләухи! Әкеңнің көз құны қалмаса, мына балапан ағаштарды неге таптайсың?! Қ.Ысқ. ~ «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді», біздің «Ақида» не әкеңнің көз құны бар-ей? Т.Сәу. ~ Баянның басында әкеңнің құны қалған жоқ, етекке түс! — деп әлдекім ақырып еді, Махмұт құлағына да ілмеді оны. О.Бөк.

ӘКЕҢНІҢ (КӨЗ) ҚҰНЫ ҚАЛҒАНДАЙ (КЕТКЕНДЕЙ, БАР МА, ҚАЛҒАН ЖОҚ) Read More

ӘКЕҢДІ ӨЛТІРДІ МЕ

Неге өшігесің, нендей кегің бар д.м. ~ Мына Асқар болып, жаның қалды,– деді Темірбек жұдырығын безеп, – әке-бабаңның аузын… Құныңды бір-ақ беретін!.. Жұмысыңды істейміз… Аштан қатыратын әкеңді өлтірдік пе, әкеңнің аузын… С.Мұқ. ~ Қуанның көзі сары қаншыққа түсіп кетті. Ол шойнаңдап бара жатып, артына қайырылып қарап өткен еді. Жанарынан ыза, кешірімсіз кектің ызғарын шалармын– ау деп күткен, тілсіз мақұлықтың жиренішін аңдағанда тіксініп, абдырай жалтақтап қалды: «О, малғұн, қайтеді– ей, о?! Уа, әкеңді өлтірдім бе сенің»,— деді еркінен тыс күбірлеп. М.Сүн.

ӘКЕҢДІ ӨЛТІРДІ МЕ Read More

ӘКЕЙ-ҮКЕЙ БОЛДЫ (АРАЛАСТЫ)

Ымы-жымы бір, тату-тәтті еді деген мағынады. ~ Көдебай. Сен қызулаусың, Демесін,оныңды таста. Ішіне кіріп, әкей-үкей болып кет. «Жасасын» деп қолыңды ұра берсеңші. Б.Май. ~ Ірі чиндермен әкей-үкей болуды жақсы көретін Сатыбалды, батыста — Ыстапта тұратын, шығыста Капитанда тұратын әріптестерін, — «маңызды чинь болса тура тұрақ үйіме әкеп түсір, басқаларын қонақ үйге апар» деп тапсыратын. С.Мұқ. ~ Ел өсегінің жанды күйдіретіні де көп болады-ау: Никанурмен әкей-үкей араласқанымызды мың саққа жүгіртіп, «Ыбырай шоқыныпты» деп те өсектеді жұрт. Б.Май.

ӘКЕЙ-ҮКЕЙ БОЛДЫ (АРАЛАСТЫ) Read More

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУДЫ

Дәстүрді сақтай білді; әке тәрбиесін көріп, ісін, өнерін жалғастыра білді. ~ … жастай қолына қобыз ұстап, әке жолын қуып келе жатқан жалғыз үміткері осы. О.Сәр. ~ Әкеге ұқсап тудым ба? Әке жолын қудым ба? Еліктірген әуені Көлдегі қаз, қудың да. А.Ас. ~ Жаңа өкімет оны алғаш орнаған күні-ақ кәмпескелеп жіберіпті. Тойшы өлген соң балалары біраз жыл әке жолын қуып, сауда-саттық жасап та көрді. Б.Тоғ.

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУДЫ Read More

ӘКЕ-ШЕШЕСІНЕН (ӘКЕДЕН, ӘКЕ-ШЕШЕДЕН) ЖАСТАЙ ҚАЛДЫ

Бала кезінен жетімдік көрді. ~ Сөйтсе… өмірбаянында мін жоқ. Әкеден жастай қалған, бірақ Кеңес өкіметінің арқасында жетімдік көрмеген. М.Мағ. ~ Өзінің туыстары бар ма екен? — Ет жақындары кім екенін білмедім. Әке- шешеден жастай қалған деп естуші ем… Қ.Түм. ~ Ау, апа… Ау, апа, тағы айта берейін ба… — әке-шешесінен жастай жетім қалып, өлмелі кемпірдің алақанында әбден еркелеп өскен балаң жігіт күндегі әдетінше әжесін шамдандырып отарғаны. Қ.Мүб.

ӘКЕ-ШЕШЕСІНЕН (ӘКЕДЕН, ӘКЕ-ШЕШЕДЕН) ЖАСТАЙ ҚАЛДЫ Read More

ӘЙТ, ШУ, ҚАРАҚҰЙРЫҚ

Алды-артына қарамай кетіп қалу. ~ Немене, бұл сенің басыңа көк тас қоя ма? Ертең буыны бекіп, бұғанасы қатқасын əйт шу, қарақұйрық деп тартып береді. Ш. Айт. ~ Шүкір, бақпаған қойы емес, әлі де бағады. Баққанда, Тоқай ағай тапсырғандай, тура өз атасы сияқты бағады. Сосын келер жылы совхоз берген қарағайдай жолдаманы қалтасына салады да, «шу, қарақұйрық» деп, қалаға тартып отырады. Д.Әш.

ӘЙТ, ШУ, ҚАРАҚҰЙРЫҚ Read More

ӘЙТ, ШУ

Асығыс аттану. ~ Қоразбай енді келсе, Ұмсын тәуекелге басқалы отыр. «Бұрынғыдай байлап-матап ұстайтын заман жоқ, күндердің күнінде «әйт, шу» деп жүріп кетпей тұрғанда қызға ие бол» демекші. Бүгін қабағы ашылмай отырғаны да — қызын аса желіктірмей, «сап-сап» дегені… Б.Тоғ.

ӘЙТ, ШУ Read More