Әйел де, еркек те шарасыз жағдайға тап болды д.м. ~ … алақаншықтана суырған қар, ысқырған жел мұқым тіршіліктің бәрін күтірлеген көк тайғақ, тірсек түткен мұздаққа айналдырған. Түте-түтесі шыққан қара жерде үзіп аларлық қылтанақ болмады. Лақтауға жарамаған екі ешкі маңырай-маңырай олар да бірінен кейін бірі жан тапсырды. Әйел ерге, ер жерге қараған нағыз итекі тірлік енді болды. АҚ «Жұтзапыран».
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘЙЕЛ БАСЫМЕН
Әйел бола тұра д.м. ~ Сол жігіт құсап Жанар да неге сыпайы қала бермеді? Неге қызынды бұл? Дөрекі сөздерге дөрекі жауап берем деп, өзі де әйел басымен тым дөрекі боп кеткен жоқ па! К.Қаз. ~ Қалай дегенмен де екі шалдың реніші дұрыс еді-ау деген бір ой көкейімнен кетсеші. Әйел басымен үлкендердің сөзіне құлақ аспаған апама да наразымын. Жарылғаста ақыл айта қоятын ақсақалдар да көп емес. Қырғындай тиген қиямет заманда замандастары кардон асып, итжеккенге айдалып, әскерден жасы асып кеткендер трудармияға алынғанда ауылда бес-алты-ақ шал қалған. Қ.Ысқ. ~ Мінекей осындай ауыр міндеттерді арқалап, әйел басымен қала, дала, егіс, тау тас демей, боран, дауыл аяздарға қарамай, ердің міндетін абыроймен атқарудың өзі әйел азамат үшін үлкен ерлік. БАҚ
ӘЙЕЛ БАЛАСЫ
Әйел. ~ Орта жастағы, бидай өнді, ақжарқын әйел баласын қуана қарсы алып, оның ертіп келген әскери жолдасын да сүйкімді мінезбен төріне шақырды. С.Бег. ~ Ол өңге тұрғыластарын жар қызығын кешіп, бөбек былдырын естіген жоқ әлі. Ерке әсершіл айырылып, әйел баласына сын көзімен қарайтын болған. Т.Әл. ~ Кейде әйел баласының өз еріне деген көңілі балаларға да әсер етеді. Ә.Ысқ.
ӘЙ, ҚАЙДАМ?!
Күмәнім бар д.м. ~ ХХ ғасырдың соңғы санаулы жылдарына демократия мен саяси саналылықтың лебі ұялап, кеңестік империяның күллі көкке ұшпағанда, бетіміз бері қарар ма еді, қарамас па еді? Әй, қайдам?! Д.Мәс. ~ Өзім қорытқан майдай қылқ еткізем! Шәріп ағасының кеңесін, нағашы інісіне жолдаған сәлемін айтып шықты. Бәзелбек: – Әй, қайдам, сайлау бола қоймас? – деп басын шайқады. Т.Әл.
ӘЙ КӘПІР АТАНДЫ
Жұртқа жек көрінішті болды, қадірін кетірді, көз түрткі болды. ~ Бірақ, мен осы қызыл отау маңынан тез кеткім келеді. Өйткені, расы солай ма, әлде қорыққанға қос көріне ме, бұл маңайда бетіме кім қараса, сол маған: «Елден, жұрттан шыққан бұзылған қыз!» дегендей болады да тұрады. Өйтіп «әй кәпір» атанып жүруден көрінбей жоғалсам болмай ма? «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» демей ме қазақ? Ит құрлы жоқпын ба мен? С.Мұқ. ~ Кезінде дүниені шайқап өттім десем, асылық болар, шайқалған өмірді байқап өттім. Әділдік айтар би атандым. Мүлт кеткен жерім болған шығар, бірақ нахақтан-нахақ қиянат етіп ұрт кеткен жерім жоқ. Содан да шығар елімнің алдында, қалың әлеумет жұртымның алдында тәуір атанбасам, «әй, кәпір» атанғам жоқ. С.Жүн. ~ Масқара, ұят деп қоймайсың… Ол болмаса, басқа біреу өртер еді. Киелі жер құр тұрмас — құдай-ай кешіре гөр! — Басқа біреу өртесін… басқа біреу. Оған не жоқ? Ол енді бір әй кәпір атанды, өле-өлгенше сол атақтан құтылмайды. В.Рас.
ӘЙ ДЕЙТІН ӘЖЕ (АЙ ДЕЙТІН АЖА), ҚОЙ ДЕЙТІН ҚОЖА (ЖОҚ)
Тәртіпке шақырар, жөнге салар ешкімі болмауы себепті бетімен кеткендік, шектен шыққан бассыздық туралы. ~ Жаман ойлы бұзық адамдар иесіз қалаға тиіп, неше түрлі талан-тараждар істесе, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ еді. С.Сей. ~ Бүгінгі әдебиет пен ғылымда балапан басына, тұрымтай тұсына тартатын келеңсіздіктер етек алды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Ж.Шәк. ~ «Өзін өзі жарнамалап жүрген әкімге ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ қой», — дейді Қазақстан Парламентінің экс-депутаты. БАҚ
ӘЙ-ШАЙСЫЗ
Тілге келмей жатып, жөн-жосықсыз. ~ Нысанды қорып жүрген адамдардың бірі бөгде тұлғаларды көре салысымен әй-шайсыз қару кезенсе керек. БАҚ
ӘЙ-ШАЙҒА ҚАРАТПАДЫ
Ырықсыз көндірді. ~ Дегбірі қашқан шал: – Тілеуіңді бергірлер-ай, тұрғылары жоқ өздерінің, — деді. Сосын: – Бұ жастық шіркінді қойсаңшы, – деп күбірледі. Әй-шайға қаратпайды-ау. Сосын: “Біздің үйдегі де осы ғой”, – деп тағы күбірледі. Қ.Най.
ӘЙ-ТҮЙГЕ ҚАРАМАЙ
Жалма-жан, салған бетте; ештеңеге қарамай. ~ Бұл жолы да тура Малжанның өз үйіне баса-көктеп енген жігіттер әй-түйге қарамай, байдың жағасынан ала түсті. С.Жүн. ~ Күреңбайдың манағы жағымсыз әңгімесін жай қоқан-лоқы деп білсе керек, оның шынайы мұрат-мақсатына енді көзі жеткендей ұрты суалып, дағдарып тұрғанда, бір бүйірден Жетібай сумаңдап жетіп келіп, әй-түйге қарамай Күреңбайға ауыз салды: − Уа, байеке, көш көлікті болсын! Қай жердегі жайлауыңа көшкелі жатырсың? С.Ом.
ӘЗІРЕТ ӘЛІНІҢ КҮШІ
Орасан зор күш иесі туралы. ~ Әзірет Әлінің күші жетіге бөлінсе, қазақ халқы біреуі қасқырдан деп ұққан. БАҚ

