Атпен жетуге болатын қашықтық. ~ Сол бетімен әлі келеді. Талай елді бағындырды. Ат тұяғы жетер жерде бұның қол астына қарамаған жалғыз-ақ ел бар. Қара құмырсқадай қаптаған немелер көптігіне сене ме, өзгелердей айбына қоймайды. Ә.Кек. ~ Ол — беріде Азиядағы, арыда — ат тұяғы жететін жердегі, жинақтап айтсақ — бүкіл әлемдегі бүгінгі тарихи космостың үлгісін қазақ және қазақ сияқты көшпенді халықтардың арғы бабалары қалыптастырғандығы. Т.Әс. ~ Дөненінде де ат тұяғы жетер жерді былай қойғанда, машинамен алып барған ауыл, аудан, облыс, тіпті Таластың арғы жағасындағы қырғыздарының ат бәйгелерінің алдын бермеген «Айғыркісі» ауыл ақсақалдардың шешімімен үйірге салынды. Н.Дәу.
~ Ат тұяғы жеткен жердің бәрінде қазақ даласын қанға бояған. Жота жон, сай-сала қылыштың жүзінде, найзаның ұшында кеткен адам денелерінің ашық қабырстандығына айналған-ды. Ғ.Біл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АТ ҚҰЙРЫҒЫН ТЕРІСКЕ САЛДЫ
Теріс айналып кетті. ~ Заманның айналдырған аз жылда ат құйрығын теріске салып кеткеніне қайран қалған Дархан жаңа өкіметтің жайлаудағы жайы дәл қаладағыдай емес, қанатын кең жая алмағанын және аңғарған. О.Бөк.
АТ ҚҰЙРЫҒЫН ҮЗДІ (ҮЗІСТІ)
Бір-бірін қайта көрместей болды, кетісті, араздасты, бір-бірінен безді. ~ Бұл кезде Орта жүздің ханы Әбілмәмбет Түркістанды беремін деп алдаған Қалден Цереннен мүлде ат құйрығын үзген. І.Ес. ~ Сырымның тек жар деген аты. Әрине, Ханшайым басқа әйел болса, одан баяғыда ат құйрығын үзер еді. Ал Ханшайым өйте алмады. І.Ес. ~ Сол Керей Жәнібек деген сұлтанмен бірге Дешті Қыпшақты билеп отырған Шәйбан тұқымымен ат құйрығын үзісіп, қол астындағы ұлыстарын Шу бойына апарып, өз алдына қазақ деген ел етпей ме! Ә.Кек. ~ Көрместей боп ат құйрығын кесісіп кеткен кісімен тағы да қайта кездесудің қиындығын ойлады. Ә.Нұрп. ~ Тек, томырылып теріс айналып «ат құйрығын үзіскеннен» басқа не істеп еді? Мына итке талатып қоятындай? Сұржекейге не істеп еді? Ұқса бұйырмасын… С.Ел.
АТ ҚҰЙРЫҒЫН ШОРТ КЕСІСТІ
Жанжалдасып, бір-бірін мүлде көрместей болды. ~ Бүліктің алдын алып, тездетіп мәмлеге келмесе, бүйірі қызған Арғын, Найман ат құйрығын шорт кесісіп, соғысуға да дайын. С.См. ~ … оны ұмытсаң, өмір бойы әскери заводта темір жонған Митрофан Железнов «баспана тауып ал» деп әп- сәтте ат құйрығын шорт кесісуден де тайынбайды. Қ.Түм. ~ Төремен ат құйрығын шорт кесiсiп кетсе де сөз сотасының бiр ұшын оған тигiзе әдейi айтқан. К.Сег.
АТ ҚҰЙРЫҒЫНА БАЙЛАДЫ (САЛДЫ)
Ат құйрығына байлап сүйретіп, тау-тасқа соғып өлтіру — ескі жазаның бір түрі.~ Шығарып бер содырыңды. Ат құйрығына
байлап, өлiмтiгiне қарға- құзғынды тойдырып қана тыншырмын, егер тыншый алсам!.. К.Сег. ~ Мен арашаға түспегенде
жазым болатын еді. Жан ұшырып жеттім. Сұлтан баланы құнт қамшының білектей өрімімен буындырып «сен иттің күшігін ат
құйрығына салып өлтірейін» деп дырылдатып барады. С.Жүн. ~ …Ұлы жүздің басты рулары қатынасқан, жеңіске арналған
атаулы той болды. Осыдан екі жеті бұрын ат құйрығына байланған жігіттің туысы, кеше ғана қаза болған Жәнібек, Қаныбек
пен Құндыздың туған нағашы ағасы Қоңырат руының араларында ештеңе болмағандай, ақсақалы Нұрғазыға Абылай қымыз
құйылған күміс кесені өз қолымен ұсынды. І.Ес.
АТ ҚҰЛАҒЫ КӨРІНБЕС (КӨРІНБЕЙДІ)
1. Алай-түлей соққан боранның сипаты. ~ Сол жылы қыста сен алыстағы станцияға шанамен колхоздан астық тарттың.
Бірде ат құлағы көрінбес алай-түлей боранда оралдың. С.Мұр. ~ Бірақ бір қасиетім — қысқы ат құлағы көрінбейтін ақ
боранда, жазғы тұнжыраған меңіреу қара түнде адасу дегенді білмеуші едім. М.Әу. ~ Жалғыз мен бе, ой-омбысын кешетін,
Жалғыз мен бе, жұрт тағдырын шешетін?, Күн-түн боран — Сары Арқамның төсінде, «Ат құлағы көрінбейді» десетін… Ж.Көкб.
~ Арқада ат құлағы көрінбейді. Астананың өзінде қар жапалақтап жауып, жолдарды лезде басып қалып жатыр. Көктайғақ.
БАҚ. ~ Бағанағыдай «ауыл мына жақта болуы керек» деген долбардан да қалған. Тегі күн батса керек, жолды қойғанда, ат
құлағы да көрінбейді. К.Сег.
2. Қалың өскен шөптің биіктігінің сипаты. ~ Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан
таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы арала
АТ ҚҰЛАҒЫМЕН АЛЫСТЫ
Ат үстінде ойнады. ~ Кеше ғана ат құлағымен алысып жүрген жігітті бүгін аяусыз ажал алып кетті. Ә.Шәр.
АТ ҚҰРҒАТПАДЫ
Үздіксіз әрі-бері шапқылады, тыным таппай қатынады. ~ «Ақ патшаның әмірі келіпті» деген хабар ат құрғатпады. Ғ.Мүс. ~ Күн ара ат құрғатпай шапқылап башқұрттарға соншама не көрінді екен. Ә.Кек. ~ Ауыл шаруашылық институты тұрған қаланың тіпті темір жолдан арғы қиыр шетінен Исабеков күн сайын ат құрғатпастан орталыкқа, кітапханаға барады… Ш.Айт.
АТ ҚҰТАЙМАС ҚУ ТАҚЫМ
~ Әне, – деді Қалиасқар басын шайқап, – бұл жұрт қара жүнді қарғасын да мақтайды- ей? – Мақтамай қайтейін, ат құтаймас қу тақым біреулер тілдеп жатса… Ә.Асқ.
АТ МАЙЫН БЕРДІ (СҰРАДЫ)
Жалға көлік сұрап міну туралы. ~ Сайлау жетті, Сәрсенбай әркімге жомарттанып ат майын бере бастап, сойысы да артылды. М.Дул. ~ Иелеудегі құдамыз бір аттың майын сұратқан екен. Соған Әміржанның мініп жүрген ала аяқ кербестісін беріп жіберейін деп едім, Б.Майл. ~ Қап, Мәтнияздан айтып жіберетін! Бір аттың майын сұрап алсақ қой… Жер ағаш бар. Екі күнде дүниенің жерін жыртып тастамаймыз ба? З.Шүк.
