Ойына келгенін істетті, билеп алды. ~ Бара бір ұл туып берсе, сол дүние сіздікі деңіз. Бəсібектің баласымен батаны бұзып, өткізген қалыңын қайтарыңыз, оны көпестің ұлы-ақ төлейді…», – деп ағайыны өзі жуас Мүсілімді асықша иірді. С.Досж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АСЫЛ (АСҚАҚ) МҰРАТ
Биік мақсат, ізгілікті ой, көкейкесті арман. ~ Ақыр — аяғында ол мұның мəңгі- бақи рауандап тұрған махаббат таңы, аяулы арманы, асыл мұраты қалпында қалды да қойды. З.Қаб. ~ Туған халқымыздың асыл мұраты, ғасырлар бойы аңсаған арманы, ел-жұртымыздың қуанышы мен зар-мұңы, ұлттық психологиямыз, ұлттық дәстүріміз, қазақтың әлеуметтік тағдыры – шағын да, ұрымтал жанр – лирикада ежелден көрініс тауып, бірге жасап келеді. Ш.Сар. ~ Асқақ мұрат жолдарында астарласа, астаса, «Колоколы» Шпрингерде жарық көре бастаса, Герцен кезін көз алдыңа елестету қиындау Интеллигенттік дегеніміз – Болған тіпті басқаша. К.Мырз.
АСТЫНАН ИТ ЖҮГІРТІП, ҮСТІНЕН ҚҰС ҰШЫРДЫ
Соңына түсті, қыр соңынан қалмай қудалады; зорлық-зомбылық жасап, қорқытып-үркітті; күн көрсетпеді. ~ Коммунистік Мәскеу халқымыздың «астынан ит жүгіртті, үстінен құс ұшырды». Ел әділетке шөлдеді. БАҚ ~ «Кімде-кім Бақтығұлды көрсе, я ұстап берсін, яки хабар қылсын. Ол ұсталмаса, тыныштық болмайды. Қаладан отряд шығады. Лауымен, сойысымен сол елдің өзінің мазасын кетіреді. Оның үстіне ұрыны, қашқынды сүйедің деп жазаға ұшыратады» деп, үстінен құс, астынан ит жүгіртіп, момын елді неғылса да Бақтығұлға жау қылатын болды. М.Әу. ~ Сөйтіп жердің арғы бетіндегі ит тұмсығы өтпес ормандар мен ит іздесе таппас иен мекенде итарқа қостарын тігіп, ит жүгіртіп, құс салып жүрген бейбіт халықтың итін шығарып, итжемі етті емес пе? Д.Әш. ~ Жантас. Тізе қоса алмадық. Болмаса бұл қанішер ояз, қанішер ұлыққа әлекті салар едік.
Тәнеке. Бірінен бірі айырып әкетті. Ел-елдің болыс-биі астынан ит жүгіртіп, үсті
АСЫЛ АРМАН
Өмірлік мұрат, қиялдағы қасиетті мақсат. ~ Биігіне көтерсе асыл арман, Көңілімде жайқалар жасыл орман. Көп бейбақтың бірімін бұл күндері Ойыншықтай өмірін шашып алған. Р.Нияз. ~ Ондағы ойы құйма құлақ қариялардың ақиқатқа бергісіз әңгімелерін жүйелеп кітап етіп құрастырсам деген асыл арманы болатын. Е.Бақ.
АСТЫНАН СУ ШЫҚҚАНДАЙ
Мазасы кетіп, бір орында отыра алмады, алып-ұшты. ~ Астынан су шыққандай ұшып-қонып отыр. Б.Соқ. ~ Әжесі дастархан жайып, шай мәзірін әзірледі. Жалғас жаңа піскен бауырсаққа балқаймақты қосып соғып алды да, бір кесе сүтті сіміріп салып, астынан су шыққандай тез тұрып кетті. Д.Рам
АСЫЛ БЕЙНЕ
Жүрекке ыстық, аяулы, қымбат бейне. ~ Сейілбек артына бір қарамай әлдеқашан өтіп кеткен жастық шағының асыл бейнесі алдына келіп тұрғандай осы бір алдамшы сезімге құлай елігіп, елжіреп отырғанда арманда кеткен ақын досы Абдолланың жастық шаққа арнаған сиқырлы жыры ойына өрши кетті. С.Ом. ~ Атақтан, құштарлықтан, өмірден жеріп, Аттаған шақта ақырғы шектен, Үнсіздік еліне, жанымды жүдеткен Асыл бейнең бірге кетеді еріп. Серв. ~ Мейлі не қылса да еркі білсін, бірақ, әке-шешемнің асыл бейнелерімен ант етейін, ол маған соқыр тиыныма шейін санап беретін болады, әйтпесе атымды басқа қойыңдар, өз ата-анамның қызы болмай-ақ кетейін! Ф.Дост.
АСТЫНДА ҚАЛДЫ
Белшесінен батты, әлдененің қоршауында қалды, кенелді. ~ Әлгінде ғана үстінде ән қалқыған беймарал ауыл аяқ астынан у-шудың астында қалды. Б.Тоғ. ~ Тентек Бестайдың галстук тағып, ақ көйлек, қара костюм-шалбар киіп келеді деген кімнің ойына келсін. Жақындағанда, Бестайдың нақ өзі екенін танып, күлкінің астында қалдық. Жиенінің тамаша ету үшін әдейі істеген тірлігі екенін біліп, одан сайын күлдік. З.Нұр. ~ Басқаларға сүрелерді тегін оқи берме, әр біреуіне баға қой. Оның сыртында дұға оқы, дуа жаса, бәлгерлік істеп сәуегейлікті үйрен. Ақшаның астында қаласың,– дедім. Ж.Шәк.
АСЫЛ ЖҮРЕК
Саф таза, ізгілікті көңіл. ~ Бірақ, тәңірімнің сізге осындай азапты көтере алатын асыл жүрек бергеніне шүкірлік етіңіз, «даналық көкте, даналықты көктен күт, өйткені бізге көкте де ғұмыр бар» деген ғой. Ф.Дос. ~ Шелли ақын суға батып өлерде, Ненi ойлады асау толқын көмерде? Сездi ме екен асыл жүрек тұншыққан, Өлiмi де айналарын өлеңге. Ә.Балқ.
АСТЫҢҒЫ ЕРНІ ЖЕР, ҮСТІҢГІ ЕРНІ КӨК ТІРЕДІ
Ерні дүрдиген адам туралы. ~ Белгібай: — Әне біреу шын жүрегінен шыңғыра күліп тұр, жомарт жігіт болу керек,— деді де астыңғы ерні жер, үстіңгі ерні көк тіреген жігітке беттеді. М.Қаб.
АС-СУЫН АЖЫРАТТЫ (АЙЫРДЫ)
Ішер тамағын тапты, күн көріс қамын жасады. ~ Қысқы азығымыз, аз ғана пішеніміз болатын. Өзімізде мал болмаса да, қыс ортасында әлді-малды ауылдардан күтімге арық-тұрағын алып барып жемшөп беріп, тым құрыса, ас-суымызды айырушы ек. Сұрау жоқ, келісу жоқ, келеді де бас салады жыл сайын. Бүгін осы қорлық еттен өтіп, сүйекке жеткен соң, бар жеті ауыл боп бірлесіп кеп, бағана наразылық айтып ек. М.Әу. ~ Сабақтан соң қосымша жұмыс істеп ас-суыңды өзің де ажыратарсың. Шешеңе алаңдама. Б.Тоғ. ~ Әкем байлардың көшетін, қонатын жерлерін, құдық қораларын жаяу жүріп аралап көріп, күні бұрын хабарлап тұруымен ас-суын айырған. Шешем бай үйінің жібін иіріп, алаша-сырмағын тоқып, қазан-аяғын көтерісіп күнелткен. Б.Тоғ.
