АСАУҒА ҚҰРЫҚ САЛДЫ

Асқан шеберлікті, қажыр-қайратты талап ететін, машақаты көп істі тындырды. ~ Сөйтіп жүргенде Ордабайдікінде Тұяқ
дейтін етікші жатты. «Кебіске Шегебайдан да бұл өткін екен: өкшені бес-ақ шегемен тұрғызады… Асауға құрық салса, тырп
етер емес, өкше сіріні тастай ғып, əшекейлеп тастайды. Тақаны қылмита мінеуге келгенде, жер жүзінде бұдан етікші
өтпес…» деп, қымызға жиылған құла ауыздардың ауыз суы құрып жүрді. Ж.Айм. ~ О, құдая, шай құйысының өзі сыңсыған
ән! Адамының қыры, қылығы, кездесуіне қарай шәугімнің құлағын ұстау да ту асауға құрық салар қайраттан қылау кемдігі
жоқ мөрлі өнер тәрізі. М.Қаб.

АСАУҒА ҚҰРЫҚ САЛДЫ Read More

АСАУДАЙ АЛҚЫНДЫ

Шаршап-шалдығып, екі иығынан дем алды. ~ Туғалы жүген-құрық тимеген асаудай, асау азаматтың мойнына патшаның шынжыр бұғалығы түсіп, асаудай алқынып, дір-дір етіп, ет жүрегі шошып, үрейленіп тұр еді. Ж.Айм.

АСАУДАЙ АЛҚЫНДЫ Read More

АСАУДАЙ АРҚЫРАДЫ

Кім көрінгенге сұс көрсетіп, кіжініп, доңайбат жасап үйренген кеудемсоқ адам туралы. ~ Айналайын, Абдыра – ай, сонша жыл асаудай арқырап ағып жатқанда, жалыңа қол апартпай қойып ең, сенің басыңа да ноқта салдық– ау! Қ.Жұм. ~ Бұл жігіт осы жасына дейін қыңқыл-сыңқылды білмей шоласыз ғұмыр кешті. Ат жалын тартып мінген уақыттан бері ауру-сырқаудың не екенінен хабары жоқ, айға шапшыған шу асаудай арқырап, арпалысып келген. О.Бөк.

АСАУДАЙ АРҚЫРАДЫ Read More

АСАУДАЙ ТУЛАДЫ

Қатты күйініп, ашу шақырып, бұлқан-талқан болды. ~ Сырттай мәймөңке, іс жүзіне келгенде қазақтың ұлттық мұқтажы сөз бола қалса асаудай тулайтыны бар. Қ.Ысқ.~ Шеге одан әрі сөйлей алмай тұтығып басын сілкіп ауызымен ауа қармады. Мына қиянаттан жүрегі мойынына бұғақ түскен асаудай тулады. С.Ел. ~ Әлгі бір әзірде ғана қанында ойнап, қатты толқытқан ақ сайтанды тәк-тәк деп әрең тоқтатты. Ноқтасын үзе жаздап, аласұрған асаудай тулаған құмарлыққа сабыр басу айтты. К.Қаз.

АСАУДАЙ ТУЛАДЫ Read More

АСАУДЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАДЫ

Асау атты ырыққа көндірудегі ерекше шеберлік хақында. ~ Осы биыл жазда да Сүлеймен жайлау қызығын, ат қызығың барынша көріп қайтты. Ешкім міндеттеп жүктемесе де үні айға жуық жылқышылармен бірге жылқы бақты. Бірнеше асаудың құлағында ойнап, жуасытты. Б.Соқ. ~ Өзімізге қараған ауылдың жәрмеңкеге айдаған малын бағып, енді жәрмеңке басында ат бағып жүрген Шөкім деген кісі бардым. Жасынан жылқыны көп баққан, сан асаудың құлағында ойнаған атқұмар адам еді. С.Бег. ~ Осынау байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған бабаларымыз аттың құлағында ойнады. Д.Төл.

АСАУДЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАДЫ Read More

АСҚА ЖАРЫМАДЫ

Қарны тойып тамақ ішпеді. ~ Шырағым өкіл бала, – деп Ботбай сөзін қайта бастады. – Осы отырғандардың бәрі куә – мен өзім адал итсіз тақыр кедеймін. Тіпті арғы ата–бабамда аузы асқа жарыған ешкім жоқ, несін жасырайын оның… Т.Әл.

АСҚА ЖАРЫМАДЫ Read More

АС ТАТТЫ /Ж

Жеңіл-желпі тамақтанды. ~ Үйіне кірген кісіге қазақ ас татырмай жібермейді. Сондағы беретіні бар болса қымыз, ол
болмаса айран, ірімшік, құрт сияқты тағамдар болған. С.Мұқ. ~ Шебер ауылға ауру үстіне ауру жамап қайтқан.
Бұрынғы бойын меңдеткен әлсіздік сүзектен қалған сыр қостың салдары екен. Енді аузы басына ұшық
қаптап, ас татпай жатып қалды. Ү.Жәл.

АС ТАТТЫ /Ж Read More

АСҚАҚ СЕЗІМ

~ Жалынды жаңа, жат дүниеге кіргендей, тамыр біткені, жүрегі оттай заулап, көтеріңкі, асқақ сезім кернеп, анау көгерген аспанмен ағып келе жатқандай болды. Ж.Айм. ~ Жүрегі жарылардай асқақ сезім құшағында тұрған ол екі көзін залдан алмай, есіл — дерті сахна болып жүзі бал — бұл жанып, төрге ақтарылған көрермендер ішінен Ботабекті іздеді. Н.Сер. ~ Олардың көбісі сенің асқақ сезіміңе, игі іс жолындағы мақсат-мұратыңа түсінбейді. Ә.Әл.

АСҚАҚ СЕЗІМ Read More

АС ІШІП, АЯҚ БОСАТТЫ

Шаруамен ісі жоқ, құр тамақ ішкенді ғана білетін адам туралы. ~ Енді бәрі ертекке, немесе қолы бос, ас ішіп, аяқ
босатар шалдардың еріккенде айтар ермегіне айналды. О.Бөк. ~ Талантты деген, қолынан іс келетін өнер адамы
болмай жатып болдым десе, толмай жатып толдым десе, соның салдарынан артына түк қалдырмаса, жай ас ішіп аяқ
босатардың өзі болса ол тірліктің өлімнен несі артық?! С.Шай. ~ Жалғыз өзіңе қиын болды-ау. Менің түрім болса
мынау, тобанаяқ болып ас ішіп, аяқ босатқан. О.Бөк. ~ Жүректің сыздағанын, лүпілдей соққанын естуді айып
көрсең тірліктің қажеті не?! Ac ішіп аяқ босату үшін бе? О баста бір әумесер ибалық, қартайғанда қол
қусырып сәбилік күйге түсу деп шығарған ба өзге тоңмойындар соған ден қойғаннан қалған әдет қой»,- деп
ойлады: әйтсе де онысын сыртқа шығармады. М.Сүн.

АС ІШІП, АЯҚ БОСАТТЫ Read More