Ашуға мініп, зіркілдеді, зәрін төкті. ~ Одан ары не болатыны белгілі: мына хабарды естігенде, алпыс үштегі жесір патшайым қаһарына мініп, арыстанның қаншығындай шабынды. Қ.Жұм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АРЫНА МІН КӨРДІ
Ұятқа балады, намыс тұтты. ~ Шоқанның байқауынша, қақырығына қан араласа түскен Күнтай үзіліп кетудің аз-ақ алдында. Соны естіген Шоқан, ақ сүтін еміп анасындай болған, көп күтуін көрген Күнтайға соқпай кетуді, бала да болса адамдық арына мін көрді. С.Мұқ.
АС БАТПАДЫ
Әлдебір қайғы-уайымның салдарынан асқа тәбеті шаппады.
~ Кенжебек еліне таянған соң бір күн нәр татпады, ас батпады, шала құс ұйқылы, арып-ашып, өлердей зорығып келген. А.Кем. ~ Ілкіде уақыттан ұтуды ғана ойлаған; үйренісе келе оларсыз жалғыз отырып, ауқаттана алмайтынын, бойына ас батпайтынын байқады. М.Сүн. ~ Тотының жүрегі зырқ етті. Қоныс жөндеп аман- саулық сұраспастан «шаршап келе жатырмын» деп, шайға қарамастан жатып қалды. Үйдегілерге ас батпады. Ү.Жлк.
АРЫНА ТАҢБА БАСТЫ (ТҮСТІ)
Арын таза сақтай алмады, абыройын кетірді. ~ Сөйтіп, ол адам өзінің аузына қараған көп көздің сынына ғана емес, қадалып тұрған көп найзаның да ортасына түседі. Денесіне жара салғызбай, арына таңба бастырмай адал, аман өту шарт. М.Әу. ~ Осы қалада қыз ұзатылса, келін түссе, шілдехана болса, айт пен той, ойын-жиын жасалса, Абайдың сөзі, әндері көп жерде-ақ айтыла, атала жүретін. Енді сол Абайдың басына түскен ауыр шақ, арына түскен таңба жайын Семей қаласының еңбек елі үлкен ызамен, қатты намысты ашумен әңгіме ететін. М.Әу.
АС БАТПАЙДЫ
Көңілі көншімейді. ~ Кемпірін кіржіндетіп жүріп Метрей бір стакан су әкеліп берді. – Кешіріңіз, – деді стаканды ұсынып жатып, – Қатын емес пе, бір сөйлеп қалмаса оларға ас батпайды. Қ.Ысқ
АРЫНА ТИДІ
Намысына тиді, ұятқа қалдырды, қорлады. ~ Күйеуінің өз үстемділігіне берік сенген өктем үнімен «Осымен бәрі
бітсін»,- дегендей есіктің сарт ете түсуі Мәликенің арына тиіп, ызасын ду көтерді. Д.Ис. ~ “Тақсыр, айыбым
болсын, қыл мойнымды талша кесіңіз, әлгілер сіздің адал досыңыз Алдарды жаман сөздермен балағаттап, арына тиер ауыр
сөздерді қайта-қайта айқайлап айта берген соң, екеуінің де басын кесіп тастадым». П.Дүйс. ~ Келіншек әңгіме арасында
қызарақтап, ұялшақтап, жүзін төмен сала берді. Тағдыр қосқан жарының қылығы өз арына тиіп, бетіне басылғандай. К.Жүн.
АС ҚАЙЫРДЫ
Тамақтан кейін үлкендердің бата беруі. ~ Нан аралас ет қусырылып, табақтың арғы бетіне қашып барғанда, қарт еңсесін көтерді, орамалға екінші қайтара қол созды, ас қайырды… М.Қаб. ~ Жолдастарындай киіп-жарып кете алмай ортадағы қара самардан да оқшаулау отырып, Шерубай ас қайырғанда алдымен тұрды… Қ.Ысқ. ~ Ақсақал қонақтарды ас қайырылып, дастархан жиналған соң босатты. Ұзақ жол жүріп, ат соқты болып жеткен. Бәрі де демалыс тілеп отыр еді. З.Шүк.
АРЫНЫ БАСЫЛДЫ
Сабасына түсті, көңілі орнығып, ашуы қайтты; екпіні бәсең тартты. ~ Қос күнәһардың татар дәмін тауыспай қапелімде қаһанның арыны басылмас. Р.От. ~ … суытылған тоқжарау аттар таңғы салқында ерттелген кезде ауыл маңының барып-қайтар келте сапарлардың біріне шығып бара жатқандай, тізгінді сүзе тартысып, жүріс сұрағандай еді, енді ол арындары басылып қалыпты. К.Сег. ~ Кенет оған осы бір алғырт өжет жанға өз көрегендігін аңғартып, майдан жағдайы туралы әріден сезгенін айтып, ұғындырғысы келді. Оның арыны сонда басылмақ. Т.Ах.
АРЫСТАН АЙБАТ, ЖОЛБАРЫС ЖҮРЕК
Жаудың зәресі ұшып, жүрегі шайылатын қаһар, айбын, сұс мәнінде. ~ Қалмақ жұрты қаһарынан қара жер қалтырайтын Тұрлыбектің арыстан айбат, жолбарыс жүрегінен сескеніп, ондаған жылдар бойы қалт–құлт күн кешкен. С.Дос.
АРЫСТАН ЖҮРЕКТІ
Ештеңеден сескенбейтін, қаймықпайтын батырлық, жүректілік хақында. ~ Ай мен күндей ажарлы сұлу, қыршын жастарды да, арыстан жүректі айнымас батырларды да, әлемнен озған алаяқ, аузынан бал тамған шешен билерді де жерошақтай жер қазып, үңірейтіп бауырыңа көміп жатсаң да, бақайыңнан келмей, түк көрмегендей-aқ мыңқиып тұра бересің- ау! Шәк.
